Астанада бір топ оралманды тақырға отырғызған алаяқ әйел 5 жылға сотталды

0
291
Астанада бір топ оралманды тақырға отырғызған алаяқ әйел 5 жылға сотталды
Астанада Қоянды ауылындағы бір топ оралманға жер әперем деп алдап, ақшаларын қалтасына басқан Аягөз Шнейдерге сот үкімі шықты. Келіншектің кінәсі дәлелденіп, 5 жылға абақтыға қамалды.Қояндыдағы бір топ шеттен келген ағайынға арзан жер әперем деп алдап, ақшаларын жинап алған Аягөз Шнейдерге қатысты қылмыстық іс Сарыарқа аудандық сотында жарты жылдай қаралды.

Процесс басталғалы бері ұлтарақтай телімнен дәмелі ағайынды тақырға отырғызып кеткен келіншек өзін бейнетаспаға түсіруге тыйым салды. Ал үкім тыңдауға келген жәбірленушілермен сөйлеспек түгілі, бетін жауып алыпты.

Үстінен алаяқтық бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған Шнейдердің айыбы сот барысында дәлелденіп, судья оған 4 жыл 8 ай жаза кесті. Және бұрын сотталып, өтелмей қалған екі айын үстінен қосып, Шнейдер 5 жылын жалпы режимдегі абақтыда өтейтін болды.

Судья жалғызбасты ананың алты баласы бар екенін және жазасын ауырлататындай фактінің жоқтығын ескеріп, бес жыл кестік дейді. Бұған қоса, сотталушы үстінен арыз түсірген 54 адамға 150 мың теңгеден 1 миллионға дейін алдап алған ақшасын  үкім күшіне енген үш күн ішінде өз еркімен қайтарып беруі тиіс.

Алайда, арзан жер үшін банктен несие алып, қарызданып, соңғы тиынын санап беріп, сан соққан ағайынның Аягөздің үш күн ішінде алған ақшасын қайтарып беретініне сенімі аз. Өйткені, келіншектің атына тіркелген ешқандай дүние-мүлкі жоқ көрінеді.

Оның үстіне, жәбірленушілер Шнейдер Қояндыда емін-еркін бір жыл жүріп, әр адамға 10 жүздіктен жер үлестіргенде көмек берген сыбайластарының сытылып кеткеніне ашулы.

Сотталған Аягөз Шнейдердің өзі кезінде қазық қағып, бөліп берген аумақта Моңғолия мен Қытайдан көшіп келген 15 оралман отбасы үй тұрғызып алған. Араларында, заңсыз баспаналарында қыстап шыққандар да бар.

Жергілікті билік әзірге ешкімнің үйін күреген жоқ. Ал үкімді өте жеңіл деген оралмандар қалалық сотқа шағым түсірмек.  Күн жылынса Аягөз бөліп берген жерге үй салуды бастаймыз деп отыр.

По сообщению сайта Nur.kz

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз