«Жүз жылдық жалғыздық» «Ғасырлық құлазу» болып қазақпен қайта қауышты

4
203

 

 

 

Дүниені дүр сілкіндірген «Жүз жылдық жалғыздық» романын Кеңес Юсуповтың аудармасынан оқып едік. Осы роман Қытайдағы баспаның тапсырысымен қазақ тіліне «Ғасырлық құлазу» деген атпен екінші рет аударылып отыр екен. Біз әлеуметтік желімізде аудармашы Қалтай Оразбекұлының шығарманы аудару барысындағы, романның жазылуына түрткі болған Колумбияның сол кездегі қоғамдық жағдайына жасаған зерттеуі мен ізденісін және шығарманы аудару барысындағы ойын жариялап отырмыз.

Көсем шығарманы аударудан өрбіген ой

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

«Әлемге әйгілі, оқуға тиісті 10 кітаптың бір», бірінің бірегейі Колумбиялық арқалы жазушы Габриель Гарсия Маркестің 20 бөлімді «Ғасырлық құлазу» романын аудару бақытына ие болдым. Аталған романымен ғаламды дүр сілкіндірген кесек туынды жазған қаламгер қандай ортада туылды, қандай қоғамдық ауқымдарды бастан кешірді, сол туындыны жазуға зайір не нәрсе түрткі болды. Ол жазушы кім?, деген сұраулар табиғи қоздайды. Ендеше, сөзді жазушы туылған топырақтан бастайық.

Әлемдік әдебиеттің жауһары сақталған құт топырақ-Латын Америкасы ـ Американың оңтүстігіндегі штаттардың жалпылай аталуы. Американың орта бөлегіндегі штаттар мен батыс Инды топ аралы және оңтүстік Америка штатын өз ішіне алады. Бүкіл елде латын тілінің қолданылу ықпалы зор болғандықтан, Латын Америкасы деп аталып келді. Бүкіл елдегі қаламгерлер үнді, испан, португал, франсуз, ағылшын сияқты тілдерде қалам тербейді. Латын Америкасындағы әдебиетті испан әдебиеті, бразил әдебиеті, андрейс әдебиеті үш ірі жүйеге жіктеуге болады. Латын Америкасына қарасты елдер мен райондардың саяси, экономика, мәдениет сияқты факторлары осы өңірдегі әдебиеттің ортақ ерекшелігін тұлғаландырған. Латын Америкасындағы елдер ұзақ мерзім отарлық түзімнің шырмауында болды, тәуелсіздік алғаннан кейінгі дамуы да мәз емес-ті. Жалпы Латын Америка топырағында дүниеге келген әдеби туындылар осы шындықтан аттап өте алмады. Латын Америкасындағы әдебиеттің өркендеуін мынадай бес дәуірге бөлуге болады: .

Бірінші, алғашқы дәуір: Эвропа отаршылары сұғанақтық жасаудан ілгері, орта оңтүстік өңірдеге қарасты штаттардағы үнді ұлтының өркениеті қауырт дамыды. Кейін отаршылдық кесірінен дерліктей күйреп жоғалды. Тек сақталып қалған аз сандағы шығармалардан сол бір дәуірдегі үнді әдебиетінің әсілгі жанрларын кезіктіруге болады. Міне бұл Латын Америкасы әдебиетінің алғашқы төркіні.

Екінші, отарлық дәуір: Мұнда негізінен билеуші елдер әдебиетінің ықпалы үстем болды. 17 ғасырда, Испания, Португалиадағы кейбір әдеби ағымдар Латын Америкасында кең етек алды. Адамгершілік идеясы мен ағарту қозғалысы бас көтерді. Ұлттық әдебиет өркендеді. Міне бұл Латын Америкасы әдебиетінің классикалық дәуірі саналады. 18 ғасырдың соңынан бастап билеуші елдер әдебиетінің ықпалы солғындап, тәуелсіздік идеясы қызу өрлеуге көтерілді. Әдебиет те осы идеялық ағымды, қоғамдық өзгерісті бейнелеу үшін қызмет етті.

Үшінші, тәуелсіздік төңкеріс дәуірі: Ұлттық әдебиеттің дүниеге келуі. Тәуелсіздік төңкерістік қозғалысының ықпалында, шығармашылық романтизмге қарай дамыды. Мұнда үнділерді өзек еткен үндизм көрнекті орында тұрды. Әдебиеттегі ағым біртіндеп өңірге, салт-дәстүрге қарай жіктеліп, өңірлік дәстүрлік түс алды.

Төртінші, ұлттық әдебиеттің гүлдену дәуірі: Ұлттық әдебиет үздіксіз даму барысында жаңалық ашуға, жаңа заманның жарқын идеясын дәріптеуді діттеді. Осындай жаңа ағым Латын Америкасындағы ұлттардың құшақ жая қарсы алуына ие болды. Әсіресе, жаңаша стилмен жазылған жырлар оқырман жағынан жылы қабылданды. 20 ғасырдың бас шенінде, реализм мен жаратылысшылдық түс алған прозалық шығармалар дүниеге келе бастады. Үнділердің тұрмыс тіршілігі мен жергілікті ерекшелік жырланды.

Бесінші, қазіргі заманғы әдебиет: Латын Америкасындағы әр қайсы ел, әр қайсы райондағы ұлттар үздіксіз даму барысында, біртіндеп өзіндік даралық қалыптастырды. 60 жылдары проза жанрының дамуында жаңа толқын көтерілді, алуан арнада даму нысайы жарыққа шықты.

Латын Америкасындағы елдер үш ғасырға жуық уақыт отаршылдық үстемдік езгісіне ұшырады. Билеуші елдер мәдениеті қара бұлттай қаптаса да, жергілікті ұлт өз әдебиетін қызғыштай қорғады. Латын Америкасы әдебиетінің негізі әлсіз, ұлттық салт-сана тапшы болса да, біртіндеп даму барысында өзіндік ерекшелік қалыптастырды. Ұлттық сананың кемелденуіне байланысты ұлттық әдебиет те қарыштаудың алтын арнасына түсті. Жүйеден Латын Америкасы топырағындағы жаңа бір ұрпақ жазушылардың жасампаздық ынтасы мен тынбай іздену рухының арқасында, әдебиеттегі дәстүрлі сүрдектен аттап өтіп, соны шығармалар жазып, Латын Америкасы әдебиетін жаңа бір белеске көтерді. Дүние жүзы әдебиетіндегі классикалық, романтизм және реализм ағымының үздік үлгілерінен нәр алды. Түрлі жанырларда қалам тербеп, сүбелі туынды жаратқан шоқтықты жазушылар дүниеге келді. Осылайша, жаңа дәуірдегі Латын Америка әдебиеті төрт ірі секіруді бастан кешірді.

Бірінші, романтикалық жырлар: Бұл негізінен тәуелсіздік қозғалысымен тел дүниеге келді. Куба, Эквадор, Венесуела сияқты елдерде шоқтықты ақындар топ жарып көзге шалынды; екінші осы заманғы жыр қозғалысы: бұл реткі секіру Латын Америкасындағы барлық елді шарпыды. Осы топырақтағы қаламгерлер классикалық, романтикалық ағымға қош айтып, жаңаша ағым қалыптастырып, осы заманғы әдебиетке тізгін бұрды; үшінші, реализмдік прозалық шығармалардың жарық көруі. Бұл 20 ғасырдың 20 жылдары еді. Осы тұста, Латын Америка топырағындағы қаламгерлер өңірлік, ұлттық түске ие нақты нәрселерді туындыға арқау етуді қуаттады. Бұл негізінен 1911 жылғы Мексикадағы демократиялық төңкерістен бастау алды. Мексика, Аргентина, Колумбия, Венесуала сияқты елдерде реализмдік шығарма жазған шоқтықты қаламгерлер арт-артынан жарыққа шықты; төртінші, серпінді даму кезеңі: бұл 50 жылдардың бас шенінен 60 жылдардың ақырына дейінгі аралықтағы Латын Америкасы топырағында дүниеге келген прозалық шығармаларды меңзейді. Алдыңғы үш реткісінен парқы, Латын Америкасындағы қаламгерлер көркемдік деңгей, батылдықпен жаңалық ашу, шеберлік өресі жағында Эвропа жазушыларынан асып түсті. Әне, солардың ішіндегі шоқтықты туынды ــ Голумбиялық Габриел Гарсия Маркестің «Ғасырлық құлазу» романы еді. Өзіндік даралығымен, бейнелеу шеберлігімен көне реализмдегі қасаң салтты бұзған қаламгер деп Мексика жазушысы Хуан Лорфты атаған жөн. Оның қаламынан туған «педро балама» атты роман 1955 жылы тұңғыш басылғаннан қазірге дейін, 20 неше рет қайталай басылса да, оқырман «шөлі» басылмай келеді. Жаңа дәуірдегі қара үзген шығармалардың арт-артынан дүниеге келуін, Латын Америкасындағы елдердің өзгеше жаратылыстық ортасы, күрделі ұлттық құрамы, таңғажайып тарихи кешірмелері, қилы-қилы салт-сана, нанымдардың өмір сүргендігінен бөліп қарауға болмайтын сияқты….

Жаһан халқын таңғажайып туындыларымен тамсандырған, шашасына шаң жұқпаған жазушы Габриел Гарсия Маркес осы заманғы қияли реализм әдебиетінің таңдай қақтырған туындылар көптеп жарық көрген Латын Америкасына қарасты, қойнауы толған алтын ــ Голумбианің Аракатака атты жұпыны қыстағында 1928 жылы 6 наурызда дүние есігін ашты. Балдырған шағын нағашы әжесі мен атасының қолында өткізді. Нағашы атасы өз тұсында Голумбиадағы екі реткі ішкі соғысқа ат салысқан, нағашы әжесі ел ішіндегі аңыз-әпсаналарды майын тамызып айтатын даңсалы қарт еді. Отар елдегі көп түрлі ұлттың салт-санасы, аңыз-әңгімелері Маркесті хикметты ғаламның қақпасына үнсіз жетеледі. Бұл халқымыздың «кемеңгер әжесінің қолында есейеді» дейтін тағылымын дәледегендей. 1940 жылы Маркес үй ішіндегілермен бірге Голумбияның астанасы Боготаға көшіп келеді. Бала Маркес ұлы туындыларының алғашы материалын әне сол бала шағында құлағына құйған қызықты хикаялардан бастаған еді. 1947 жылы Богота университетінен заң касыбын оқыды. Осы кезден бастап қолына қалам алды. Испанияның гүлденген дәуіріндегі жырлар оның кейінгі дамуына өріс сыйлады. 1948 жылы Голумбиадағы ішкі соғыс кесірінен оқуын жол ортадан доғарып, жерлік еркіндікшілер жағынан шығатын «шолушы газетінде» тілші болды. Осы барыста, Латын Америкасындағы елдерден тыс, Куба, Ветнам сияқты елдерді аралап, сол елдердің қоғамдық, жаратылыстық ортасымен танысты. Саяси, өркениет өзгерістеріне куә болды. Сол жылы тырнақ алды туындысы «күйреуді» жазды, сол кезде ол 17 жаста еді. 1954 жылы «шолушы газетінің» Эвропадағы тілшысы болып тұрғанда, Римнен кино сценериа касыбын оқыды. Қаламынан бір сыпыра кино сценериалары туды. 1958 жылы некеленді. 1960 жылы Кубадағы баспасөз агенттігінде тілші болды. 1961 жылдан 1967 жылға дейін Мексикада қоныс аударды. Әр кәсіптің шоқтығына сипап, алуан пікір-бағам түю оның кейінгі шығармашылығына байтақ кеңістік сыйлағандай. Жазушылыққа шындап кіріскен шағында қаламынан «ел ағасының еңкейген шағында», «боларын күн ілгері сезген бір өлімнің тарихы» сияқты романдар туды. Кемел шағына келгенде, бір жарым жыл шұқшиып, алуан сырлы, көсем туынды «ғасырлық құлазуды» жазып тамамдады. 1967 жылы бұл роман Аргентинада жарық көрген соң, арт-артынан басылды, көп тілге аударылды. Таралымы миллионнан асты. Аралда жазылған асыл туынды көгілдір мұхитты көктей өтіп, тайфун дауылындай жұлқынып құрлыққа шығып, шалғайға қанат қақты. Осынау жер шары атты жұмыр ғаламдағы иісі адамзаттың ортақ арманын, ниетін, түсінгін, түйсігін бір арнада тоғыстырған сүбелі туынды «ғасыралық құлазу» 1982 жылы Нобел әдебиет сыйлығын алып тынды. Маркес мәртебелі сыйлықты алғаннан кейін, Франсия-Испания тіл-мәдениет комитетінің төрағалығына тағайындалды. Осыдан кейін әлем халықтары аталған романды қайталап бастыру, аударудың ұлы үрдісіне ат қойды. Қазірге дейін 70 неше тілге аударылып, таралымы неше он миллионға жетсе де, оқырманы сеңдей соғылысып сусап жүргені рас. 17 жасында ойға алған туындысын шерік ғасырға жуық уақты санасында сан толғатқан қаламгердің ұлы бастама жаратудағы ұстамдылығын аңғартады. Ғаламат туынды дүние есігін ашқанда, ғұлама сыншылар «сыншыл реализмді білсек те, тылсым реализмен бейхабар едік» деп жағаларын ұстауы Маркес жасампаздығының қазіргі заманғы әдебиет ағымын бұзғанын талассыз дәлдесе керек. Көтерген тақырыбы жаңа, ойы тың, қатпары қалың, оқиғасы шытырман, сорабы соны, тілі жұтынған, адамзат әдебиет қазынасына өзіндік бөгенайымен қосылған заңғар жазушы Маркес1999 жылы жазушы лимфа рагына шалдықты. Бұл оның жазушылықпен шұғылдануына ауыр кедергі болды. 2014 жылы 17 сәуір жарық дүниемен қоштасты. Ғаламның әр қиырындағы ақпарат медиалары, әдебиет қоғамдары жазушының өмір тарихы, көшірмесі, әдебиеттегі үздік үлесін еске алды.

Габриел Гарсия Маркес шығармалары Қытайда арт-артынан аударылып, әдебиет сүйер қауымның, оқырманның сусауын басты. Сыншылар үздік бағаларын берді. «Ғасырлық құлазу»《百年孤独》) романы қытай тілінде 11 түрлі нұсқамен аударылыпты. Ал, қазақ тіліне Кеңес одағы кезіндегі Кеңес Юсупов «Жүз жылдық жалғыздық» деген атпен таржымалады. Осы нұсқа кейін «Шинжияң халық» баспасынан еш өзгеріссіз А. Байтұрсынұлы жазумен басылып, Қытай қазақ оқырмандарының керемет шығармадан нәр алуына мүмкіндік әперді.

Оқиға ғаламнан оқшау ортадағы Макондо қыстағынан өрбиді. Баспана ұстамай, мал бақпай, жаһанды кезіп тірлік ететін сыгандардың табаны осынау иен қыстаққа алғаш тиеді. Қыстақтағы мешеу тұрғындарды техника құдіретімен есеңіретеді. Магнит кесегімен темір-терсекті сарт-сұрт жабыстырып Макондолықтардың басын айналдырады. Жерлік тұрғындар тумысында естіп-білмеген ұлғайтқыш айнаның хикметін көргенде, сырлы айнамен жау бетін қайтарсақ деп армандайды. Міне мұнан шапқыншы елдердің Латын Америкасындағы елдерге жасаған сұғанақтығы, елін, жерін қызғыштай қорғаған жерлік тұрғынның ыстық ынтасы аңғарылады. Тамылжыған келбетін, қасиетін айнымай сақтаған табиғатты адамзаттың өз қолымен ойрандауының алғашқы бастамасындай сезіледі. Хосе Аркадио Буендиа (буендиа ــ әулет аты, Макондоға тұңғыш қоныстанған адамзат тұқымы) сығандар әкелген хикмет нәрселермен тылсым дүние қызығын көрем деген ойдан безіп, Макондо қалашығын жаңалыққа толы өңірмен тұтастыратын жол салуға ауылдастарын шақырады. Ел ауызындағы аңызды арқа тұтып, жабдықтарын дайындап, әлмисақтан адам ізі түспеген орман ішімен шығысты бетке алып жолға шығады… Сапар сәтсіздікпен тындым болады. Мұнан да тамаша бір өңірді көрсек деген армандары толастамайды. Міне мұнан адамзаттың дүниені өзгертіп, ғарышқа талпынған арманын аңғаруға болатындай. Жаһанның қайталанбас жаңалықтарын алға тартқан сығандықтар әр жылдың наурыз айы туылысымен Макондоға келіп, тұрғындарды есінен тандыра береді…. Макондоға алғаш ірге тепкен Испандардың, Португалдардың ұрпағы, немерелес туыс келетін Хосе Аркадио Буендиа мен Урсула некеленсе де, құбыжық бала туылуынан алаңдайды. Дәл осы тұс халқымыздың жеті ата араламай қыз алысып-беріспейтін тамаша салтын ғылым дәлеледейді. Жан иелерінің өсіп-өрбуіндегі заңдылықты ишаралайды.

Құймышағы қоқайған бала туылудан қорыққан Урсула күйеуін төсек ләззәтінән мақұрым етеді. Әйелінің бұшпағы қанамағандығын ел алдында бетіне басқандығы үшін, Хосе Аркадио Буендиа Агилиар есімді жігітті өлтіреді. Ал, оның аруағы қайта айналып олардың мазасын алады…. Осыдан соң, «жерұйық» іздеген ұзақ сапарда Урсула сау денелі балаға босанады… Осы кезде сығандар Макондоға ұшпа кілем әкеліп елді дүрліктіреді. Осылайша жазушы қаламы болымысты арғы аңызбен шебер ұштасып, шешім тауып жатады. Макондада туылған Буендиалардің тұңғыш ұрпағы Хосе Аркадио напсіқұмар әйел Пилар Тернерамен, сыған қыздарымен көңіл қосады, ақыры сығандармен ілесіп, зым-зия жоғалады. Ұлын іздеген Урсула айдан астам уақыт жүріп, тұрмысы шалқыған шаһар тірлігінен тамсанып оралады… Қызықты һәм сырға жүкті оқиға ары қарай жалғасады. Макондо күн сайын гүлденеді, басқа даргайда жасаған адамдар тұс-тұстан ағылады, Макондо орманмен шымқанып, алуан құстар сайрайды, сауда қызып, салиқалы тұрмысқа шомады… Аяқ астынан қалашықты ұйқысыздық, ұмытшақтық ауруы меңдетеді. Сиқы кетіп сенделген тұрғындар өз есімін де ұмытып қалады. Басқа тайпаға жұқтырмаудың амалы ретінде қалашық кіре берісіне қоңырау іліп, «Макондо» деген жазуды бадырайтып жазып қояды. Барлық заттың атын тұсына жазып тастайды. Сиырдың мойынынан асылған тақтайшаға мынадай сөз жазылады: «мынау сиыр, сиырдан сүт сауылады, сиырды әр күні тәңертең сауған жөн…» . Ақыры Макондолықтарды бұл дерттен Хосо Аркадионың ежелгі досы Маликадес құтқарады. Урсуладан туған Аруелиано есімді жігіт күніне жетпіс еркекті жолға салатын Мулан есімді әуейі қызбен некелене жаздайды. Аруақтар арасынан қайта тіріліп келген әнбиелер осы дүниеде енді болатын өзгерістерді маңыратады. Меликадес есімді сыған шал адам баласы байыбына барып болмайтын алашыбар қағазды көтеріп келіп, пәнни мен бақи арасын жалғаған тылсым болжамдарды сыдыртады. Хосе Аркадио Буендиа санасында уақыт жүрісінен жаңылып тоқтап қалады. Ұзамай желігіп аурып, ауылдастары талшын ағашының түбіне байлап тынады. Ол жарты ғасырды талшын ағашының түбінде өткізеді. Киімдері іріп, үстін мүк басып, жыл он екі ай оны далада отыруға итермелеген зайыры қандай күш?! Жарты ғасыры әділет жолында күреспен, жарты ғасыры талшын ағашы түбінде құлазумен өтіп, о дүниеге аттанған Хосе Аркадио Буендианің ел басқарған егей, жауын жайратқан хас батыр, әулие тұлға екенін өзгеше наным тұрғысынан былай кестелейді: «… Ағаш табыт жасау үшін марқұмның денесін өлшеп жатқан кезде, кесек сары гүлдер көктен нөсерше төпеп жауып тұрған еді, сол гүлдер түн бойы жауып, көзкөрім алқапты көміп тастады. Жанды-жансыз нәрселер түгел сары гүлдің астында қалды…» . Гүлдер неліктен жауады? Неліктен сары гүлдер ғана жауады? Жанды-жансызды басып тастауы қалай? Мұны зерттеп-зерделеуге татитын сияқты.

 

Еркін тұрмысты аңсаған жерлік тұрғындар мен сұғанақ тайпалар арасында соғыс туылады. Соғыста тығырыққа тірелген еріндікшілер тағдыры былай суреттеледі: «полковник Хосе Аркадио отыз екі рет қарулы көтеріліс жасады… Соның бәрінде жер қауып жеңілді де отырды… 17 әйелден 17 ұл сүйді, ұлдарының бәрі түнде өлтірілді… Өзі болса 14 рет қастандықтан, көзін құрытпақ болған 73 бөгеттен, бір рет артылудан аман қалды….» . Аркадио Макондоны жанын сала қорғағандығы үшін өлім жазасына үкім етіледі. Капитан атуға бұйрық береді. «жексұрындар, еркіндікшілер партиясы жасасын!!» деп айғай салады. Міне бұл Аркадионың ғана емес, ата мекені шапқыншылардың ат тұяғына тапталған мыңдаған еркіндікшілердің ортақ үні еді. !

Түсініксіз бірдемелерді шұқылап, екі дүниенің арасын күбірмен жалғап отыратын, өлген соң да пәнни дүниенің жайын, бақи дүниенің ілгеріде боларын болжап отыратын Меликадес аруағы екінші Аурелианомен жолығады. Көне жазбалардың сырын ашуға ынтыққан екінші аурелияноға «бір ғасыр толғанша бұл жазбалардың сырын ешкім аша алмайды» дейді ол. Бұл ـ бір ғасыр жалғыздықтан жабыққан, азапты да қым-қуыт кешірмелерді бастан кешірген бір әулеттің тағдырын тым ерте болжаған қолжазба еді. Мұнан автордың романның өзекті идеясын ашу шеберлігін, еркіндікшілердің аянышты тағдырын бейнелеудегі өзгеше тұрғысын, қиялизмдік өресін; жұмбаққа толы ғаламның адамзат болжап болмаған, ғылым-техника әлі де сырын ашып жетпеген кеңістіктері барын аңғартқандай.

… Макондоға тас жол тартылады, мөңіреп пойез жетеді, кино фильмдер қойылады, телефон жалпыласады. Бұл ара тұс-тұстан ағылып кірген бөгде тұрғындар тұрағына айналады. Бұл ـ Латын Америкасы даласының отаршылықтың билеп-төстеуіне өткен мезгілі еді. Ғаламат өзгерген осы топырақта өзін мерт еткен ессіз махаббат, еліп еткенге желіп етіп құлайтын көзсіз махаббат, ұзағынан сүйіндірген мәуелі махаббат, тән құмарлығын басуға ғана ынтыққан әуейі махаббат, мақсатын орындау үшін ғана иліккен әдейі махаббат, кір шалмаған пәк махабаттар төбе көрсетеді. Солардың бірі Урсуланың немересі әсем Ремедиос. Оның ай жамалы, шексіз адал жүрегін, кіршіксіз тәнін құлай сүйген офицер терезе түбіне келіп көз жұмғанда, «түктен түк жоқ өліп жүрген мынауың ақымақтың шай қалтасы ғой!» деп таңырқайды әсем Ремедиос. «… Әлде бір жат жұрттық жалаңаш тұрған Ремедиосты көріп, таңғажайып көріністен тынысы тарылып, есінен танып қала жаздады» «… Дәл осы сәтте, мынау шарапатты желдің құдыретін түсінген Урсула қалықтаған ақ жаймалардың ортасында қол бұлғап қоштасып бара жатқан әсем Ремедиосқа көз салды. Ол лезде жер бетінен алыстап, аспандағы заңдылығы басқаша бір ғаламға қарай кете барды… Ел болып шулап бұл сұмдықты сан-саққа жүгіртті…» «әсем Ремедиос кеткеннен кейін бірнеше сағат бойы ауада қалқып тұратын беймаза рух, ындынды қоздыратын бір леп есіп тұрды. Махаббат азабын тартып, әлемнің әр елінде сүйіспеншілік дәмін татып көрген еркектер бір ауыздан ‹әсем Ремедиостың бойынан таралатын табиғи иіс туғызатын сезімді ешқашан, еш жерден бастан кешкен емеспіз десті….›» . Бұл сірә қандай махаббат? Шынайы махаббат азып, адамшылық жер бетінен арыла бастағанда, кіршіксіз, шынайы сүйіспеншілік, сезім осылайша басқа бір пәк дүниені аңсап самғап кететін шығар. Қалай дегенмен мұнан жазушының қалам қуатын, талғампаздығын, ойын бейнелеудегі шеберлігін аңғарғандаймыз. Әсем Ремедиос сірә ненің симовлы дегенге әркім әр қалай тұспал жасап, шешім қабылдар! Бұл алдағы күндегі оқырман, зерттермендердің талғамында…

Осыдан соң ағайынды Аурелианолар шекесіндегі өшпес крест белгіден оқ дарып арт-артынан о дүниеге аттанады. Урсула кусеп қартайып, көзі суқараңғы тартып мүсәпір халге түседі, уақытын білсе болды, қай заттың қай арада тұрғанын дәп басып айтатын ғажайып қасиет дариды. Өз кезінде оның жатырында жатқан баланың сұңқылдап жылаған дауысының құдайға жетуінің өзі бір ғажап. Бір ғасыр азап-ауыртпалықты үнсіз арқалағанда көкірегіне ұйыған ашты өксікті ағыл-тегіл ақтарғысы келіп аһ ұрады. Амарантаның өлімін күн ілгері сезуі, жақын арада жалмайтын ажалға байсалды мәмле ұстануы, табыт дайындату үшін денесін өлшетуі тым сырлы…. Романда тағы «кісіні мас ететін махаббат құмары тек төсектен ғана тарқайды» сияқты анайы, тұрпайылау диалог, пайымдаулар көлденеңдейді. Бір қырынан қарасаң, «ұлы сөзде ұяттық жоқ» дейтін халық тағылымын еске салады һәм ашты шындықты, өмір заңдылығын оқырманға бүкпесіз жеткізеді.

… Макондода хикмет өзгерістер туылады. Тілі, діні бөгде жандар көбеймесе, кемімейді. Ұры-қары молаңдап, жыныстық әуейлік асқынады, жұртты үрей билейді. Долыхана, шарапхана, құмарханалар молығып, жұрт санасын улайды. Жұмысшылардың алал еңбегін жеп, ақысын қымқыратын жүгенсіздік асқынып, наразылық күшейеді. Жерлік тұрғындар анда-санда ереуіл өткізеді. Қайшылық ушығып қан төгіске айналады. Үкімет жағы жазықсыз халқты поиз аялдамасына жинап, оққа ұстайды. Мынадай суреттеу беріледі: «алдыңғы лекте келе жатқандарды пилемот оғы бауша турады… Есі шыққан адамдар сеңдей соғылысты… Тынымсыз төгілген оқ қалың шоғырды турап азайта бастады…» . Соғыс өрті өршіген отар елдегі нәубет күн, қаламгер жүрегін сыздатып, әділетсіздікке қарсы күрескен бейуаз халықтың жарнамасындай жүрек түкпірінен саңқылдап оқылады. Поез аялдамасында қырғын тапқан үш мың адам мүрдесі 200 поезбен түн қатып теңізге тасталады. Қанды оқиғаның бірден-бір тірі куәгері шала-жансар қалып поездан секірген екінші Хосе Аркадио еді… Осыдан кейін жаңбыр толассыз бес жыл сіркірейді, сұрапыл дауыл аспан астын сілкілейді. Макондода зинақорлық, әуейлік асқына түседі. Мұнан біз жазушының зауалға беталған қоғамдық ортаның халын табиғат құбылысымен шендестіруге құлшынған ыңғылын, ойын бейнелеудегі өрелілігін танимыз.

 

Ұзақ жауын-бораннан кейін жер-дүниені қаракүйе, қызыл құмырысқа, тарақандар басады. Жайнаған гүлдер иісі қолқаны қабатын сасыққа өзгереді. Түнгі аспанды нұрға бөлеп дөңгелек пішінді заттар ұшып өтеді. Тәлтүстегі ыстықта құстар топылдап жерге түсіп, өлекселері жерге симай кетеді. Үрейлі жайларға елдің есі кетіп, бастары қатады. Макондоның қайнаған ортасы құлазыған күй кешеді. Ол аз болғандай, кесерткі, өрмекші қаптайды…. Роман соңында Макондодан табанын ерте жалтыратқан қарт жұртта қалған жас достарына: «Макондодан кетіңдер, өткеннің бәрі өтірік, бүгінгі нәрсе ертең қайтып келмейді. Бір өткен көктемнің екінші оралмайтынын ұмытпаңдар…» деп қалам тербейді. Ұзамай Макондода ессіз ғашықтар ـ Аурелиано мен Амаранта-Урсула ғана қалады. Олардан туылған Буендиалардың соңғы ұрпағы дүние есігін ашып, ұзамай қызыл құмырысқаларға жем болады. Қайғы меңдетіп, дүниеден торыққан Аурелиано есеңгіреген шақта Меликадестің құпия жазуының алтын кілтін қолына түсіреді. Онда «тұңғыш ұрпақ ағашқа мәңгі байланар, соңғы ұрпаққа бар құмырысқа сайланар» деген сөз шалынады. Киіз кітаптан өз әулетінің тағдырының айна-қатесіз болжамын оқып қайран қалады. Сырдырта оқып, өз көшірмесін ұғып біткенше қарақұйын Макондоның ойранын шығарып, қарасын өшіреді.

 

 

 

 

 

 

 

 

Роман осылай бір әулеттің ғасырға жалғасқан құлазу кешірмесін шебер ақырластырып, күллі адамзатқа ой салумен тынады. Мен мынаны бағамдадым: адамзат қоғамы пайда болып, кемелденіп, дамып, гүлдену дәуірінің ұшпа биігіне шыққанда, ғаламат жойқын өзгеріске ұшырайтыны, әуелі құлдырап нөлден басталатыны айтылып та болжанып та жүр. Арғы аңыздағы «топан су қаптаған кездегі Нұхтың кемесі табылыпты» сияқты дақпырттардың жаны бар сияқты. Басқасын айтпайық, Египеттегі Перғауын моласындағы (пирамида) хикметтер құпиясын қазіргі ғылым-техника күші әлі ашып болмады, кей тұстарына болжам жасаумен ғана келеді. Соның бірі, өз тұсында адамзат қоғамы керемет дамуды бастан кешірген, ғылым-өнер таңғаларлық дамыған, түрлі сеппен қайтадан құлдырау дәуіріне түскен деген тұспал. Бұл иә шын, иә ой жота пікір болар. Қалай дегенмен Маркес қаламы әне сондай, алда болатын, болу мүмкіндігі бар, қоғам даму барысында туылу мүмкіндігі күшті жойқын өзгеріспен көркем шығармасын тамамдап, бізге бір сыр ұшығын аңдатады.

Шынайы кешірмені артқы көрініс етіп, қияли реализм тәсілімен жазылған романдағы кейіпкерлердің өмірі соғыс, отарлық үстемдік салдарынан құлазумен, қамығумен өтеді. Қуаныштан гөрі аянышты кешірмелер олардың алдынан жиі көлденеңдейді. Мұндағы басты құлазу ата мекендері отар елдің жауыз тырнағына ілінген жерлік тұрғындардың аһ ұрған күрсінісін; онан қалса ежелгі көркем мекеннің құты қашып, сүрепетінен айрылғаннан кейінгі сүреңсіз кеспірін меңзейді. Ал, жүз жыл дегеніміз біздің танымымызда бір ғасыр. Сол себепті, аударып болған соң, автордың айтпақшы ойы, романның көтерген тақырыбымен сәйкестіріп, темесін «Ғасырлық құлазу» деп қойдым. Бұрын оқырман атын естіп елеңдесе де, қолына алып оқығанда ұғымға күңгірт, тілге ауыр кейіпкер аты, шытырман оқиға, күрделі тілдік бейнелеу тәсілі, қиял-ғажайыпқа толы тұрмыс ортасы суреттелген аты шулы шығарманы аудару салмағы маған бірден оңай түскені жоқ. Басынан аяғына дейін әсілгі нұсқаны дұрыс, өз әйінде бейнелеуге шұқшидым, онан қалса автордың қалам стилин сақтауға, бейнелеу өзгешелігін көрнектілендіруге, тілін саралауға зең қойдым.

Мейлі қалай болсын, «аудармашыـең үздік оқырман» дегендей, аудару барысында автормен, кейіпкерлермен сыр бөліскендей болдым. Сонау алыс аралдағы елдің тарихы, жағрапиясы, ғұрпы, кешірме, түсінгі, танымы әр қалай адамдарды өзімше түсіндім, бағамдадым. Қалам тербеудің, соныға соқпақ салған қаламгер хикметіне куә болдым. Сонда маған бір ой келді: «қан алмастыру ـ бір ұлтты ғана емес, күллі жан иесін сапаландырудың негізі, Маркес ـ Макондоға басып кірген шапқыншы ұлттармен тоғысу, қан алмастыру барысында туылған ұрпақ, әрине оның гені керемет, өзі кемеңгер, кемеңгер тұлғадан кесек туынды туылды!». Романның ұзын ырғасын, өзгеше тұстарын, кейіпкерлерін, дәуір бөлгіш кезеңдерін, ерекше өзгерістерді тілге алуым, оқырмандарға шығарма жөнінде түсінік бере кету үшін. Бір мақаламен кесек шығармаға толық қанды баға беру қиын. Әрине, есті оқырман аталған роман жөнінде мұнан да кемелді пайым-бағамын жасайды деп сенем. Әлемнің қиыр түкпіріндегі бөгде ұлттың шығармасы оқырманға бірден балдай батып, судай сіңуі қиын. Ынта қойып оқыса, көндігер, түсінер, ой түйер деп сенеміз! Көсем шығармаға бағаны кезі келгенде оқырман сұратпай берер, авторды да, аудармашыны да өз орнына қояр.

Қалтай Оразбекұлы

4 ПІКІРЛЕР

  1. «Ғасырлық құлазу» деп атында тамаша аударған. Романның мағынасын беріп тұр.

  2. قالتاي باۋىر ەڭبەگىڭ جانسىن! بۇل شىعارمانى ەندى ءبىر قىرىنان وقۋ مۇمكىندىگىن الاتىن بولدىق.جارايسىڭ !

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз