«МҰНДАЙ САЙЛАУҒА ҚАТЫСУДЫҢ МӘНІ БАР МА?»

26
76

Ж.ТҰЯҚБАЙ

Елдегі демократиялық оппозиция алаңында жүрген бірлі-жарым саяси күштер сайлауға қатысты кесімді шешімдерін жариялай қойған жоқ. Осы сайлау төңірегіндегі және тағы да басқа елдің көңілін алаңдатып тұрған мәселелерге байланысты мемлекет және қоғам қайраткері, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының төрағасы Жармахан Тұяқбай мырзамен тілдескен едік.

Сонымен, Жармахан Айтбайұлы, тағы да мерзімінен бұрын президенттік сайлау өтетін болды. Бұл жағдайды сіз қандай қажеттіліктен туған саяси мұқтаждық деп ойлайсыз?

– Қазақта «Қазаншының еркі бар, қайдан құлақ шығарса» деген мақал биліктің осы бастамасына байланысты дөп айтылғандай. Бүгінгі билік жүйесі саяси алаңда жүрген балама күштерді қудалап, тәуелсіз БАҚ-ты сотқа сүйреп, ала бөтен пікірі бар азаматтарды, шындыққа ұмтылған саяси күштерді талқандап болды. Қарсы тұратындай әлеуеті мықты ұйымның қатары сиреді. Билік осы мұратына жеткен соң, ойына келгенін жасап жатыр.

Ал сіз айтқан «саяси мұқтаждық» мәселесіне келер болсақ, осындай «өзімбілемдік» факторлардың әсері экономиканы тұйыққа тіреп, оның нәтижесі әлеуметтік дағдарысқа алып келді. Жағдайдың күрделенуі келесі жылы шегіне жетеді. Сондықтан бүгінгі билеуші топ ертерек сайлау өткізіп, өзінің билігін сақтап қалу үшін, сайлау өткізудің оңтайлы кезеңін пайдаланғысы келіп отыр. Президент сайлауын мерзімінен бұрын өткізу жөнінде бастама көтерушілердің уәжін ескерер болсақ, шынында да, экономикалық дағдарыс күрделеніп бара жатыр. Шикізат өндірісіне ғана тәуелді болып қалған Қазақстан экономикасына әлемдік нарықтағы мұнайдың арзандауы кері әсерін тигізді. Инфляция күшейіп, ұлттық валюта бағамының күн санап құлдырайтын қаупі бар. Ұлттық банк теңгенің құнсыздануына тек алтын-валюта қорынан 2–3 млрд. доллар қаржы жұмсау арқылы ғана жасанды түрде жол бермей отыр. Бірақ бұл тәжірибе көпке бармайды. Ерте ме, кеш пе, қаржылық-экономикалық көрсеткіштер төмендейді, халықтың әлеуметтік жағдайы нашарлай береді. Нәтижесінде ел ішінде наразылық күшейіп, ол толқуларға ұласуы мүмкін. Ол кезде сайлау өткізудің өздеріне қауіпті екенін биліктегілер жақсы түсініп отыр.

Сонымен бірге Ресей мен Украинаның арасындағы жағдай, Ресейге салынған Батыс елдерінің санкциялары Еуразиялық экономикалық одақ мүшелігіндегі Қазақстанға тигізетін кері әсері де күннен-күнге күшейе береді. Бұл фактор да бұқараның билікке деген ренішін асыра түседі. Міне, мұқтаждық осындай тығырықты жағдайлардан туындап отыр.

Интернет желілерінде сіздің сайлауға үміткер ретінде түсетін ниетіңіз жөнінде пікірлер қылаң беріп қалды…

– Ондай пікірлерді негізсіз болжамдар деп санаймын. Өзін салмақты саясаткермін деп санайтын адам ең алдымен саяси шешімнің бағыт-бағдарын сараптайды. Екі етекті елден бұрын түріп алып, шаба жөнелу – саналы адамға жараспас жағдай.

Екіншіден, бұл сайлауға түсу керек пе, жоқ па – сол жағын талдап көрелік. Жоғарыда елдегі саяси ахуалдың сын көтермейтіндей жағдайға жеткенін айттым. Осындай сәтте біздің елдегі «сайлау» тәжірибесі қандай боларына әбден көз жетіп болған: сайлаушылардың дауысы есептелмейді, оның «нәтижесі» биліктің тапсырысына сай жасалады. Өткен сайлауда Назарбаев 95 пайыз дауыс «алса», енді алдағы сайлауда бүгінгі әкімшілік басқару жүйесі қожайынға жағыну үшін, сол межеден асып түсетініне күмән келтіру қиын. Билік өзінің осы әпербақан әрекетіне тоқтау салатын күштің жоғына сенімді. Қалған-құтқан аз ғана пайыздан үлес алып қалайын деп далбақтау – «атың шықпаса, жер өртенің» кебін кигізбей ме?!

Үшіншіден, сайлауға түсу – қаржылық мүмкіндікті, соңыңнан еретін топтасқан саяси күшті қажет етеді. Саяси науқанда ел аралап, насихат жұмыстарын жүргізу – тегін жүретін шаруа емес. Сондықтан біз үшін саралайтын, сараптайтын мәселе жетіп артылады.

Сайлауға қатыстыңыз делік: оның нәтижесінде сізге бір немесе одан да төмен пайыз дауыс жазылатынына күмәніңіз болмасын. Сонда билік сізге «бұйыртқан» болмашы көрсеткіш абыройыңызды көтере ме, әлде түсіре ме? Оппозициялық күштер өзін әлеуетті күш санайтын болса, халықтың алдындағы беделін де ойлануы керек. Саяси қойылымның қосымша кейіпкері болып, сол сайлауға шынайылық көрініс жасауға қатысу қажет пе? Халықтың оппозицияға ең басты өкпесі – «берген дауысымызды қорғап қала алмадыңдар» деген ренішке саяды. Тіпті бүгінде ел-жұрт оппозициядан да шаршағандай күйге жетті. Осы жағдайда «билік бізді алдады, сайлауды бұрмалады» деп, тағы да елдің алдында бейшара күйге түсуіміз керек пе? Қолымызды бір сілтеп, сайлауға қатыспаймыз десек, ұтылатын тұсымыз да жетерлік. Қысқасы, әріптестермен ақылдасар жағдайлар көп.

Сайлауда ұтылмас үшін не істеу керек дер едіңіз?

– Биліктің бүгінгі жүйесі жағдайында ұтылмау мүмкін емес. Әйтпесе біз де қоғамды саяси реформалаудың, елдегі әлеуметтік әділетсіздікті, саяси жүгенсіздікті, экономикалық қателіктерді тоқтату бағытына қатысты ұсынатын іс-әрекет бағдарламасын ұсынып жүргеніміз қашан. Жасыратыны жоқ, дәл осы бағдарлама билікті жақтайтын күштердің қолында да бар, алайда біздің ой-ниетіміз елдің құлағына жетпейді. Себебі, біз үшін ақпарат арналары жабық. Сайлау науқаны – елге шындықты айтатын, билікке қарсылас саяси күштердің ұсынған бағдарламасын жеткізуге мүмкіндік беретін алаң. Сол тұрғыдан алғанда, жеңсек те, жеңілсек те, халықпен бетпе-бет кездесіп, қалыптасып отырған саяси-әлеуметтік, экономикалық ахуалдың шындығын айтып, өзіміздің көзқарасымызды ұсынар едік. Сол үшін де демократиялық саяси күштер сайлауға баруы дұрыс деген уәжге де құлақ асу керек дер едім. Дәл қазір сайлауға қатысудың пайдалы жағы осы ғана болып тұр…

Мэлс Елеусізов, Амантай қажы сияқты дағдылы үміткерлердің қатарына қосылуға ниет танытып жатқан жекелеген саясаткерлердің талпынысын қалай бағалайсыз?

– Еліміздің Ата заңы бойынша, Қазақстанның осы жерде туған, осы елде тұратын азаматы сайлауға қатысуға конституциялық құқы бар. Ал ол құқықты жүзеге асыру мүмкіндіктері – басқа әңгіме.

Ал ЖСДП партиясынан үміткер ұсыну мәселесі күн тәртібінде бар тақырып па?

– Жұртшылық жатқа біледі: бұған дейінгі сайлаулар – парламенттік болсын, президенттік сайлау болсын – әділ өткен жоқ. Ол жайындағы бағамызды талай рет мәлімдегенбіз. Сайлау әділ өту үшін, қазіргі қалыптасқан саяси жүйені, оның жұмыс істеу тәсілін түбегейлі өзгертетін саяси реформа жасалуы тиіс. Ал олай болмаса, он рет, жүз рет сайлау өткізілгенімен, «баяғы жартас – сол жартас» қалпында қала береді. Сондықтан біздің партияның алдында «мұндай сайлауға қатысудың мәні бар ма?» деген күмәні көп сұрақ тұрғанын жаңа айттым.

Сайлау жөнінде саяси шешім шыққан күні партия ішінде осы мәселені талқылап, ақылдасып, ортақ мәмілеге келерміз. Сайлауға қандай тұлғаның қатысатыны басты мәселе емес: нәтижесі қандай болатыны белгілі. Ең бастысы – егер сайлауға баратын болсақ, өз көзқарасымызды, бүгінгі билікке беретін бағамызды халыққа жеткізу мәселесі.

Бұл сайлау ақыр соңы өтетін болғандықтан, сіздер қоғамдағы басқа да қалған-құтқан саяси күштермен бірігіп, сайлауға қатысты бірегей ұстаным жасау жөнінде мәміле қарастыруды қалай қабылдар едіңіздер? Сайлау науқаны барысында қандай саяси күштерді тізе қосуға шақыруға болады деп ойлайсыз?

– Егер партия сайлауға бару керек деген шешім жасайтын болса, онда өткен жылы құрылған Азаматтық жиналыстың құрылтайшыларын шақырып, олармен кеңесе отырып, ортақ үміткерді ұсынуға тырысамыз. Ол азамат партияның мүшесі бола ма, әлде азаматтық қоғамның өкілін таңдаймыз ба – ол уақыттың еншісіндегі мәселе.

Ал интернет-блогерлері сайлау өткізуге 7 миллиард ақша бөліп, экономикалық дағдарыс жағдайында шығынданбау үшін, Назарбаевтың өкілеттігін келесі президенттік мерзімге соза салайық деген пікірлермен таныс боларсыз…

– Шынында да, Назарбаевтың өкілеттілігін ұзарту басты мақсат болса – онсыз да ел тығырыққа тіреліп отырған кезеңде бюджеттің қаржысын желге шашпай, сайлау өткізбей, елді алашапқынға салмай, референдум өткізе салған дұрыс дер едім.

Егер сайлауға қатысты ақпарат ағынын аңдып жүрген болсаңыз, жекелеген тәуелсіз саясаткерлер мен азат ойлы азаматтардың өзі геосаяси күрделі кезеңде Назарбаевтың туы астына жиналайық деген пікір айтуда. Шамасы, олар бұл ойларын Украинадағы ресейлік соғыстың салдарынан айтып жүргенге ұқсайды. Ондай пікірлерге қалай қарайсыз?

– Сол пікірлер бұрыс деп, кесіп айтуға болмас. Иә, геосаяси жағдай өте ауыр кезеңде тұрмыз. Елдің болашақ тағдырына алаңдаушылық зорайды. Тәуелсіздігімізден айырылып қалмаймыз ба деген үрей басым. Саяси күш ретінде билікке ұмтылып, елге өзгеріс әкелеміз деп талпынғанымызбен, елдің басына күн туып жатқан кезеңде барлық саяси амбициямызды ысырып қоюға тура келетін жағдай тууы әбден мүмкін. Жанып жатқан оттан жан-жаққа шоқ тасып, елді өртке шарпудың қажеті қанша?

Біздің оппозициялық іс-әрекетіміздің арты қоғамды арандатып, халықты қанға бөктіруге соқтырмауы тиіс. Кейбір азаматтар Ресейге қарап елеңдеп, мойнын сол жаққа бұрғысы келіп тұрады, соның салдарынан еліміздің тұтастығына зиянымыз тиіп жатса, бұл сұмдық жағдай емес пе?! Сондықтан ондай пікір айтқан азаматтарға түсіністікпен қараймын: амалдың жоқтығынан елінің болашағы үшін биліктің бастамасын қолдайтын ой айтқандарына түсіністікпен қарау керек.

Қазіргі терең дағдарыстағы экономикалық жағдайда президенттік сайлау өткізу – елдің қамын ойлаған шешім емес екендігі белгілі жәйтке айналды. Ең алдымен қазақстандық теңгенің тағдыры, экономиканың зәрулігі таразы басын тартып тұрған сәтте бірінші кезекте бүгінгі билік қандай қадамдар жасауы қажет еді деп ойлайсыз?

– Бірінші кезекте билік елдегі жағдайды тұрақты етемін десе, халықтың сеніміне ие болуы керек. Ресей билігі – дұрыс па, бұрыс па – әйтеуір халқын өзіне қаратып отыр. Әсіре ұлтшылдықты жандандырып, мемлекеттің қамын ойлайтын кейіп танытты. Ал біздің елде бір ғана адамның аузына қарап, жеке-дара билікке бас ұрғаннан гөрі, саяси жүйені өзгертіп, халық сеніміне ие болатын, елдің алдында жауап беретін, өзінің жауапкершілігін түсінетін өкімет болуы тиіс.

Дағдарысқа қарсы жасалып жатқан кез келген бағдарламаның іске аспайтын себебі – ұрлық, сыбайлас жемқорлық адам айтқысыз көлемде етек жайған. Оны түп-тамырымен құрту үшін, ең бастысы – билік жүйесін өзгерту керек. Асығыс сайлау өткізіп, проблеманы кейінге ысырып қойып, елдің назарын басқа жаққа аудару – дұрыс таңдалған саяси тәсіл емес. Саяси-экономикалық реформаны іске асыруға мұрсат берілуі керек. Биліктегілердің өзі «ертең дағдарыс болады» деп жар сауда. Бүгін сайлау өткізсе, сол қиындықтан ертең өтіп кете ме екен? Саяси науқанға әбден еті «өліп» кеткен қара халық бүгінде бірінші кезекте күнкөріс қамына алаң.

Үкіметтің жуықта өткен кеңейтілген отырысында ел экономикасы қатаң үнем жағдайына көшетіндігі айтылды. Бірақ солай бола тұрса да, үкімет ғаламдық жобалардан бас тартпайтынын білдірді. Осындай қарама-қайшылықтың табиғатын қалай қабылдайсыз?

– Тәуелсіздік алған алғашқы онжылдықта елімізді әлемге таныту басты мақсат болды. Бүгінде Қазақстанды білмейтін мемлекет жоқ шығар. Бірақ ширек ғасыр өтсе де, билік сол мақсатты күн тәртібінен түсірмеуде. Жалған ұранмен жалаулатып келе жатырмыз. Осы жалбағай жарнаманың құны елге өте қымбат түсіп жатқанын ескеріп жатқан ешкім жоқ!

Сондықтан «қаржыны үнемдеу керек» десе, неге елге қажетсіз, кірісі жоқ, шығыны көп жобалардан бас тартпайды? Бұл орынды сұрақ. Бірақ Назарбаев нақты жағдайды бағалаудан қалды, деп айта алмаймын. Елдің жағдайын да өте жақсы біледі, алдағы уақытта болатын дағдарысты да есептеп отыр, Ұлттық қорға қаржыны жинақтау да, оны қаржы жетімсіздігі туған кезде жұмсауға бағытталғаны белгілі. Бірақ сол қаржы халықты әлеуметтік құлдыраудан аман алып қалудан бұрын елдегі жеке-дара билікті дәріптеуге, немесе пайдасыз жобаларға жұмсалып, оған қоса сыбайлас жемқорлар мен ұрыларды байытып жатқаны қынжылтады.

Қоғамның саяси салғырттығы, азаматтық белсенділік еденнің деңгейіне жеткені, адамдардың дәрменсіздігі – осының бәрі халықтың болашақ ерік-жігер мешеулігіне соқтыратын қорқынышты құбылыс деп бағалай аласыз ба?

– Әрине, қорқынышты! Елдің үміті шексіз емес: бір күні үзіледі. Азаннан кешке дейін билік бір сарынды ақпарат таратып, балама түрде ой-пікір айтылмай жатқанына, оған халықтың еті үйреніп кетті. Қалың бұқара күнкөрістен ары аса алмауда, үлкен саясатты ойлауға мұршасы да жоқ. Осының бәрі елдің ерік-жігерін саяси апатияға әкеліп тіреді. Елдің рухани жігері жаншылып, құлдық психологиядан шыға алмай, тізесі бүгіліп қалды. Осының түбі жақсылыққа апармайды, әділетсіздікке қарсы наразылық стихиялы түрде кез келген қалада бұрқ ете қалуы мүмкін. Бұл енді, расында да, қорқынышты құбылыс болары айдан анық.

Сұхбаттасқан, Бақытгүл МӘКІМБАЙ.

 

Abai. кz

26 ПІКІРЛЕР

  1. Он жыл бурын мне де сизди колдадым, Жармахан-ага. Бирак казир Нурекеден баска ешким жок. Буны тусину керек.

  2. Жармахан расында әділін айтыпты – Жанып жатқан оттан жан-жаққа шоқ тасып, елді өртке шарпудың қажеті қанша?

  3. Жармахан геосаяси жағдай өте ауыр кезеңде тұрғанымызды, елдің тағдырына алаңдаушылық бар екенін мойындап отыр. «Саяси күш ретінде билікке ұмтылып, елге өзгеріс әкелеміз деп талпынғанымызбен, елдің басына күн туып жатқан кезеңде барлық саяси амбициямызды ысырып қоюға тура келетін жағдай тууы әбден мүмкін» деп ашық айтып отыр. айқайшыл ұраншыл, әлеуметтік желіде ғана белсенді «оппозицияшылардың» құлағына алтын сырға.

  4. Шындығына келгенде біздегі жағдай соншалықты қара аспанды төндіретіндей емес қой. «Халық күнкөріс қамымен алаң, үлкен саясатқа мұршасы болмай жатыр» дейді. сіз дамушы елдердің кез келгенін алыңыз. Бұрынғы КСРО елдерін алыңыз. Шекесі шылқып отырған қайсысы бар? сол қырғыздар жетіскенінен төңкеріс жасады ма? керісінше, киерге киім, ішерге асы қалмай ашынбады ма? олармен салыстырғанда бізде береке-бірлік бар, осы күнімізге тәубе.

  5. Жармахан аға, шыныңызды айтыңызшы, «Елдің рухани жігері жаншылып, құлдық психологиядан шыға алмай, тізесі бүгіліп қалды» дейсіз. сіз билікке келсеңіз, жағдайды 180 градус өзгерте алатыныңызға өзіңіз сенесіз бе? Вооот, мен де сенбеймін. сіздердің өздеріңізге сенбейтіндеріңіз – ең үлкен трагедияларыңыз болып тұр. билікті жамандау, кемшіліктерді айту бәрінің қолынан келеді. бірақ дұрыс жолды нұсқау, соны іске асыратын күш-жігер сіздерде байқалмайды. әйтпесе құрметтейміз ғой сізді, азамат ретінде сыйлаймыз. бірақ артыңыздан ере алмаймыз. одан да не де болса жұмыс істеуге, өсіп-өнуге мүмкіндік жасап отырған Назарбаевтың артынан ереміз. әрине, кемшіліктер бар екенін мойныдаймыз, бірақ альтернатива көре алмай тұрмыз. өкінішті әрине.

  6. Өз күштеріне сенбестіктен билікті әрқашанда кінәләйді. Оппозициялық күштердің жоқтығыны осындай әлсәз саясаткерлердің өздері деп санаймын.

  7. Сайлауда Елбасымыз женеди деп ойлаймын.Елбасына дауыс беремин, себеби оган карсы келетин кандидаттар жок.

  8. Әрине бар! Себебі, елбасымызды қалай қолдайтынымызды дуние жүзіне көрсету керек. Ал сайлауға қатысу немесе қатыспау- ол әр азаматтың құқығы

  9. Мүмкін кейбір сөздерінің жаны бар шығар әрине, бірақ буздің Президентке сын айтатындай, көп нәрсе жасаған деп ойламаймын. Елін көркейткен ерге не деп сын айтасын. Кейбір жерде қателіктер де болған шығар мүмкін, бірақ көбінше дұрыс жолға шығарып, шет елге Қазақстанды танымал еткен Назарбаевқа алғысым шексіз. Оған конкурент болатын адам бар деп ойламаймын.

  10. Бұл бала осылай сөйлеп барып сайлауға қатысатын еді әдетте. Жақында сьездін өткізіп өзі деп үміткерлер сапныан табылып қалар. Жеңлетінін біліп отыр да

  11. Елбасы сайлауға қатысса,халықтың қолдауына ие болатыны мәлім

  12. Жармахан аға сайлауда ғана басын шығарады екен. Оған дейін не бітіріп,не істеп жүргенін білмейміз де…

  13. Президент сайлауына түсетін үміткерлер сайлау кезінде ғана елдің көзіне көрініп, кемпір-шалдарға ақшалай, тамақтай көмек көрсетіп бізге дауыс беріңдер деп шығады. ал сайлау біткен сон келесі сайлауға дейін көрінбей, естілмей кедеті

  14. Елі үшін, елдің болашағы үшін алаңдар әрбір азамат осы сайлауға тік тұрып қатысары анық, ал ондай сана дарымағандарды білмеймін, дегенмен айналамызға зиянымызды тигізбейік.

  15. Кім не деседе бәрібір, ел қолдайды, Елбасына сенім артады, елдің танитыныда рақа сүйеріде Елбасымыз, сондықтан ештеңеден алаңдап отырғаным жоқ.

  16. Билікке қарсы болып, елді бүлдіруге шақыратындардың арманы не екені белгілі, сондықтан осындай жағыдайлардан сақтанғанымыз дұрыс болар, кешегі күні ел басына күн туған замандарда елді болашаққа бастаған Елбасымызға келесі болашақты да сеніп тапсырамыз.

  17. Әрбір сөзді талқыға салып не істейміз, әрбіріміз өз ісімізге бекем болып, ел үшін, осы сайлауға атсалысып, дауыс беріп, бір кісілік үлесімізді аянып қалмайық.

  18. Елдің ісіне араласып, елдің алдында болмағасын кейбірін халық танымайды да, сүйте тұра сайлауға қатыспаңдар дейді, түсініп жетпейсің, барлығы ұран ғана.

  19. Келелі істерге кесірленіп осылай істеуге болмас, нағыз осы елдің қамын жеген адамдар болса бұрыннан неге білмедік, Елбасымыздың жанынан табылмадыма екен.

  20. Дұрыс келесі жылдар ауыр қиындықтар болуы мүмкін, сол себепті де осы сайлаудың маңызы зор болып тұр, ата заңымыз тағы бар, сондықтан барлығымыз бір кісідей атсалысамыз.

  21. Халықтың жүрегінен орын алып, елдің ортасында жүріп, елді тамаша күндерге жетелеген Елбасымызға сенім артып келеді осы халық, тағыда солай болмақ, сондықтан барлығымыз сайлауға қатысамыз.

  22. Сайлауға қатысуға болама деп қалай айтады түсінбеймін, неге қатыспасқа, елдің алдағы күні осы сайлауға байланысты болып тұрғанда үйінде жатып, сырттан қарауға кімнің батылы жетер.

  23. Жастар Елбасымызға дауыс беретініне сенімдімін, себебі болашағымыз Назарбаевпен деп білемін.

  24. Елімізде тыныштық. Осы тыныштық сақталады деп сенемін. Сайлауды бақылаушылар әділ жұмыс жасар деген үміттемін. Қазақстан тек АЛҒА!!!

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз