1 сәуiрге дейiн алғашқы 1357 жалға берілетін пәтер үлестiрiледi. Бұл туралы бүгiн «Бәйтерек» холдингiнiң қоғамдық кеңесiнiң отырысында премьер-министрдің бiрiншi орынбасары Бақытжан Сағынтаев мәлiм еттi.
![]() |
Жыл соңына дейiн жалға беру мақсатында пәтерлердi сатып алу және құрылысын жүргiзу бойынша ай сайынғы жоспарлар жасалды. Наурызда алғашқы 1357 жалға берілетін пәтердi Астана, Алматы, Көкшетау, Қостанай және Семей қалаларында пайдалануға беремiз.
«Бәйтерек» холдингi аталмыш пәтерлер бойынша келiсiмшарттар жасады және жергiлiктi органдарға пәтерлердiң мағлұматтарын жiбердi. Әкiмдiктер соған орай, үмiткерлердiң қорытынды тiзiмiн жасап бiтуi тиiс. 20 наурыз және 1 сәуiр аралығында бiз 1357 пәтердi үлестiрiп бiтуiмiз керек», – дедi ол.
Оның сөзiне қарағанда, биыл арендалық мақсатқа 78,7 млрд теңгеге 4,7 мың шаршы метр болатын барлығы 9740 пәтер салынады және сатып алынады.
«Сондықтан пәтерлердi үлестiрудегi ашықтықты қамтамасыз етуде бiздiң қоғамдық кеңестiң рөлi орасан зор», – деп атап өттi ол.
Вице-премьер тұрғын үй құрылысы мемлекеттік бағдарламасының орындалуын қадағалайтын қоғамдық кеңес құрылатынын атап өтті.
«Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі бастамасымен құрылған қоғамдық кеңес енді аталған бағдарламаның орындалуы барысын қадағалайтын болады. Нақтырақ айтқанда кеңес мүшелері тұрғындарға құрылыс қарқынын, бағдарламаға қатысуға тілек білдірушілердің тізімін, пәтерлердің әділ бөлінуін қадағалап, ұдайы хабарлап отыратын болады.
Қоғамдық кеңестің бірінші отырысында Мәжіліс төрағасының орынбасары Дариға Назарбаева жалға берілетін тұрғын үй құрылысы мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру барысын бақылау үшін «жедел желі» құруды ұсынды.
«Заңдылықтың бұзылуы, құрылыс мерзімдерінің кешіктірілуі, пәтерлердің сапасының сын көтермейтіндігі сынды фактілерге жол бермеу қажет. Меніңше, біздің қоғамдық кеңесте «жедел желі» ұйымдастыру керек сияқты. Онда азаматтар хабарласып, кезекте тұрғандарға қатысты әділетсіз шешімдердің орын алуы, құрылыс мерзімінің кешіктірілуі, пәтердің сапасыздығы жайында ақпарат бере алар еді», – деді Назарбаева.
Заңдылықтың бұзылуы, құрылыс мерзімдерінің кешіктірілуі, пәтерлердің сапасының сын көтермейтіндігі сынды фактілерге жол бермеу қажет
Депутат тұрғын үй құрылысы мемлекеттік бағдарламасының табысты болуы пәтерге мұқтаж жандардың баспаналы болуымен айқындалатынын тілге тиек етті.
«Астана мен Алматыда және тағы да бірқатар қалаларда басталатын бағдарламаның табыстылығы шаршы метрлермен немесе игерілген қаржы көлемімен емес, шын мәнінде пәтерге мұқтаж жандардың баспаналы болуымен айқындалады», – деді ол.
Оның атап өтуінше, әлеуметтік жалға берілетін тұрғын үйлерді салу пайызы қымбат несиелік займдарға шынайы балама болуы тиіс.
«Бәйтерек» холдингі аталған бағдарлама бойынша пәтерлерді салуда және сатуда, сонымен қатар үміткерлерді іріктеуге қатысты мәселелердің заңды әрі әділ болуына айрықша назар аударуы тиіс», – деді Назарбаева.
Сондай-ақ «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында 29 мыңнан астам арендалық пәтер сатып алынады.
Премьер-министрдің бiрiншi орынбасары Бақытжан Сағынтаев: «Қазiргi уақытта Қазақстан бойынша, тұрғын-үй коммуналдық қорында 300 мың адам пәтер кезегiнде тұр. Олардың 130 мыңнан астамы – халықтың әлеуметтiк әлсiз топтары, 124 мыңы – бюджеттiк және мемлекеттiк қызметкерлер, 44 мыңы – жетiмдер. Бұл кезектiң саны ұлғайып келедi», -дегенді мәлімдеді.
«Арендалық пәтерлердiң 60 пайызы Алматы, Астана, Шымкент, Ақтөбе қалаларында және 40 пайызы – облыстық орталықтарда, моноқалаларда, ауылдық пунктерде орналасқан», – деп атап өттi ол.
Оның айтуынша, Елбасының тапсырмасына сәйкес, аймақтардың даму бағдарламаларына арендалық тұрғын үйлердiң құрылысы саласында тиiстi өзгерiстер енгiзiлдi.
«Бағдарлама бойынша, шағын пәтерлерге басымдық берiледi. Осылайша, бiр бөлмелi пәтер 33 шаршы метр, екi бөлмелi – 45 шаршы метр және үш бөлмелi пәтер – 62 шаршы метрдi құрайтын болады. 50 шаршы метрдi құрайтын кейiн сатып алу құқығы бар арендалық пәтерге ай сайын 56 мыңға тарта теңге, сатып алу құқығы жоқ арендалық пәтерге ай сайын 28 мың теңге шығады», – дедi бiрiншi вице-премьер.
Оның атап өткенiндей, пәтерлердi беру барысында көпбалалы және толық емес отбасыларға, мүгедек балалары бар жанұяларға, оралмандарға, мемлекеттiк және бюджеттiк мекеме қызметкерлерiне басымдық берiледi.
Сонымен қатар, пәтерлердiң 50 пайызы үйленгендерiне 3 жылдан кем емес 35 жасқа дейiнгi жас отбасыларға үлестiрiледi.
«Үкiметте аймақтармен бiрге жергiлiктi деңгейде жер телiмдерiн бөлу, коммуникацияны жүргiзу, бағдарламаның орындалу барысы, үмiткерлердi таңдаудағы ашықтықты қамтамасыз ету бойынша бiз әрдайым селекторлық жиын өткiзiп отырамыз», – деп сөзін түйіндеді Сағынтаев.
Айта кетерлігі, алдағы бес жылда елімізде 1,5 млн шаршы метр тұрғын үй, яғни 29 мың әлеуметтік жалға берілетін пәтер салу жоспарланған. Ағымдағы жылдың өзінде ғана 487 мың шаршы метр жалға берілетін тұрғын үй салу көзделген.