Ресейде қастандықпен өлтірілген саясаткер Борис Немцов бүгін жерленді. Онымен қоштасуға келген жұрттың қарасы қалың деп хабарлайды КТК.
Алайда президент Владимир Путин мен елдің өзге де жоғары лауазымды шенеуніктері бұл рәсімде төбе көрсеткен жоқ. Марқұммен қоштасуға келген жұртшылық арасында қоғам белсенділері, бизнес өкілдері бар.
Тіпті, шетел елшіліктерінің өкілдеріне дейін келген. Ал Ресейдің кейбір ақпарат құралдары саясаткердің өлімі үшін Украинаны ашық айыптай бастады. Құқық қорғау органдарына сілтеме жасаған олар қылмысқа дәлел бар деп отыр.
Басылымдардың жазуынша, Украинаның қауіпсіздік қызметі Борис Немцовты арнайы тапсырыспен өлтірткен. Ал жендет Украина жерінде сепаратистерге қарсы соғысып жүрген Адам Осмаев және Амина Окуева деген Шешенстан тұрғындары болуы мүмкін.
Бірақ Немцовтың Украинаға қатысты Кремльдің саясатына ашық қарсы шыққанын айта кетейік. Тіпті оның қазасынан кейін құзырлы орындар пәтерін тінтіп, талай құжатты тәркілеген көрінеді.
Арасында, Ресей әскерінің сепаратистер сапында соғысып жүргенін дәлелдейтін құжаттар болыпты деген ақпарат бар.