29 жастағы мексикалық кәсіпқой боксшы кіші Хулио Сезар Чавес қазақстандық Геннадий Головкинді бәстесуге шақырды деп хабарлайды Fight Hype.
«Мен 1 миллион доллар тігемін, Головкин де 1 миллион доллар тігеді. Егер мен оны нокаутпен жеңсем, ақшаның барлығы менікі. Ал егер ол дәл солай мені жеңетін болса, бәстескен ақшаның барлығы Головкиндікі. Егер жеңімпазды төрешілер анықтайтын болса бәс күшін жойып, әрқайсысымыз өз ақшамызды қайта аламыз», – деп жар салды әлемнің экс-чемпионы.
Мексикалық боксшы сондай-ақ, Головкиннің бойынан ешқандай ерекше қасиет байқамағанын айтып отыр.
«Иә, Головкин, мықты боксшы. Алайда, ол Пакьяо секілді жылдамдыққа ие емес, жай соққылары ғана ауыр» дейді кіші Чавес болашақ қарсыласы жайында.
Айта кетейік, мексикалық боксшы Головкиннің жақын уақыттағы қарсыластарының бірі атануы мүмкін. 18 сәуірде ол поляк боксшысы Андже Фонфармен жұдырықтасады.
Жерлесіміздің промоутері Том Леффлердің айтуынша, егер кіші Чавес аталған жекпе-жекте жеңетін болса, Головкинмен маусым айында кездесуі мүмкін.