
Ақтау қаласында бір мезетте өмірлерімен қош айтыспақ болған 5 қызға қатысты жаңа деректер пайда болды.
Оларды бұл қадамға не итермелегенін облыстық ІІД қызметкерлері анықтап жатыр, деп хабарлайды Bnews.kz.
Тергеушілердің алдын ала болжауына сәйкес, оқиғаға қыздардың бірінің жігітімен ұрысып қалуы себеп болуы мүмкін. Қалғандары мұндай қадамға құрбыларына қолдау көрсету үшін барған.
Сондай-ақ бес қыздың төртеуі оқып жатқан білім ордасының директоры (этикалық себептерге байланысты оқу орнының атауы мен директорының аты-жөні айтылмайды) осы оқиғаға қатысты мәліметтерімен бөлісті.
Оның айтуынша, қыздардың бәрі ауылдан келіпті. Әртүрлі мекен жайда тұрып жатқан. Олардың қалай бір пәтерден табылғаны белгісіз.
«Қыздардың төртеуі біздің колледжде оқиды. Бесіншісі – тұрмыста, біздің студент емес. Сол күні, қыздардың айтуынша, пәтерге бір әйел басып кіріп, дауыс көтеріп, ұрыса бастаған. Оларды бүкіл ауылға масқара қылатынын айтқан. Жас қыздар одан қорқып, жан-жаққа тарап кетеді. Ал кешкісін мынандай оқиға болып отыр», — деп әңгімеледі колледж директоры.
Тұрмыстағы қыз кім және қыздарға ұрысып, суицид жасауға дейін жеткізген әйел қайдан келді? Қазір жергілікті полиция қызметкерлері осы сұрақтың жауабын іздестіруде. Олар қазір оқиғаға тікелей қатысы болуы мүмкін екі келіншекті де таба алмай отыр.
«Олар жоғалып кетті. Біздің ойымызша, ұрысқан әйел тұрмыстағы қыздың анасы болуы мүмкін. Оның қыздарға не айтқаны түсініксіз, мүмкін есі ауысқан біреу шығар. Бастысы ол емес. Бастысы – қыздардың жағдайына назар бөлу. Қазір олармен психологтар, психиатрлар сөйлесті, сондай-ақ олардың ата-аналарын да шақырттық. Жалпы, бұл оқиғаның бұқараға тарағанын қаламап едік, себебі рецидивтен қорықтық», — деді білім ордасының басшысы.
Сонымен қатар директор қазіргі таңда қыздардың қалыпқа келгенін, жақын арада оқуларына оралатынын атап өтті.
Еске сала кетсек, Ақтауда 5 студент қыз бір мезгілде өз-өздерін өлтірмек болған еді.
По сообщению сайта Nur.kz