
Осы айдың соңында «Теле2 Қазақстан» ұялы байланыс операторы «Қазақтелеком» компаниясының қарамағына өтуі мүмкін деп хабарлайды Алматы арнасы.Шведтік компанияның «Қазақтелекомға» қосылуы туралы келісім-шарт ақпан айында жүзеге асуға тиісті болатын. Алайда қос тараптың не себепті ымыраға келе алмай отырғандығы әзірге белгісіз. Осыған дейін «Қазақтелеком» компаниясының еншісіндегі «Altel» байланыс операторына «Теле2» желісінің қосылатындығы туралы хабар бірқатар ақпарат құралдарында жарияланған.Бұл ақпаратқа қатысты қос компанияның да басшылары нақты пікір білдірмеді. Егер екі мекеме біріктірілетін болса, олардың қызметкерлері жаңа құрылымда бір жүйеде жұмыс істейтін болады. Сарапшылар мұндай өзгерістің тұтынушыларға оңтайлы болатынын айтады.
«Екі компанияның қосылуы нарықта 3G, 4G ғаламтор желісі мен ұялы байланысты қатар ұсына алатын үлкен байланыс операторының пайда болуына септеседі. Себебі қазір Қазақстан бойынша 4G байланыс желісіне тек «Altelде» ғана құқық бар. Мұндай жылдам ғаламтор әзірге еш байланыс операторларында жоқ. Егер «Altel» мен «Теле2» біріктірілсе, сөзсіз «Теле2нің» ғаламторы жақсы жұмыс жасайтын болады», — деді Қазақстан интернет бизнесі қауымдастығының президенті Константин Горожанкин.
Қазіргі таңда «Теле2» ұялы байланыс операторының тұтынушылары бүкіл Қазақстанды қамтып отыр. Ал алдағы күні оған «Altelдің» 4G ғаламтор желісі қосылса, нарықта үлкен компания туындайды. Соның арқасында еліміздегі байланыс желісінде бәсекелестік үдей түседі.
По сообщению сайта Nur.kz