Алматыда баласын түнекке қамағысы келетіндер көбейді. Олар тіпті әлеуметтік желіде арнайы топ құрып, өзге ата-аналарды балаларын үйде оқытуға шақыруда.
Қоғамда тың көзқарас қалыптастырғысы келетіндер саны осы күні 300-ге жеткен. Балаларының ел қатарлы мектепте білім алуларына үзілді-кесілді қарсы ата-ананың бірі – Арман Барақаев. Қырық жастағы азамат өзінің 13 пен 11-ге келген перзенттеріне мектепте тек 1-ші сыныпты ғана оқытыпты.
Қазір жеткіншектер үйден шықпай, қашықтықтан оқыту арқылы Ресейдің Санкт-Петербург қаласының бір мектебінен білім алуда. Емтиханды ғаламтор арқылы тапсырып, тиісті бағаларын алады екен. Үйдің отағасы бұл әрекетін былай түсіндіреді.
«Мен әрбір ата-ананың өз баласын қалай тәрбиелеуге және қалай оқытуға таңдау құқығы болуы керек деп есептеймін. Жалпы қоғамда ештеңеге шектеу болмау керек, біз таңдау жасауға құқылымыз. Мен балаларымның мектепте өздеріне қызық емес, әрі аса қажеттілігі жоқ пәндермен уақыт жоғалтып, бас қатырғанын қаламаймын. Оның есесіне, олар уақытын тиімді жұмсап, өзіне пайдалы пәндерді терең үңіліп оқыса деймін», – деді Арман Барақаев.
Мен балаларымның мектепте өздеріне қызық емес, әрі аса қажеттілігі жоқ пәндермен уақыт жоғалтып, бас қатырғанын қаламаймын.
Арман сынды ата-аналардың мұндай әрекетін психологтар да құптап отыр. Мамандар баланы үйден оқытуда, оның мінезіне қарай жақсы тіл табыса алатын мұғалім таңдауға мүмкіндік болатынын айтады. Әрі, баланың психикалық қабілетіне қарай жасалған жеке кестемен оқу тиімді екенін айтады.
«Қазіргі миының тек оң жақ бөлігі жақсы дамыған балалар көп туылуда. Яғни, олар ән, би, сурет сынды шығармашылық сабақтарды жақсы қабылдайды. Ал, есеп-қисапты жете түсініңкіремейді. Сондықтан, осы тұрғыда балаларға үйден оқытқанның да пайдасы бар», – деді психолог Наталья Давыдовская.
Десе де, заңгерлер баласын мектепке жібермеген ата-ананың қылығын құптамайды. Айтуларынша, бұл баланың құқығын таптау болып есептеледі. Бұдан бөлек, үйде оқитын балалардың білім алуына еш кедергі болмауы әрі санитарлық жағынан бар жағдайы жасалған болуы керек.
«Қашықтықтан оқыту мектеп оқушыларына арналмаған. Яғни, кез келген ата-ана баласының үлгерімі жайлы табельді көрсетіп, құжат жинап «міне, мен баламды қашықтықтан оқытамын» деп арыз тастай алмайды. Бұл заңға қайшы. Үйден, білім алуға тек мүмкіндігі шектеулі балалар ғана құқылы», – деді заңгер Жангелді Сүлейменов.
Айта кетсек, Алматыда 77 306 мүмкіндігі шектеулі бала бар. Ол балалардың жартысы арнайы интернаттан білім алса, 295 мың юала үйден оқиды екен.
«Қазіргі уақытта Алматыда 77 306 мүмкіндігі шектеулі бала бар. Олардың шамамен 33 мыңы мүгедек бала. Бұл балалар жалпы білім беретін мектептен, сондай-ақ, арнайы интернаттан да оқытылады», – деді Алматы қаласы Білім басқармасының бас маманы Сәуле Мұқахожаева.
Кез келген бала замандастары сынды мектептен білім алғысы келеді. Әсіресе, үйде жатып білім алуға мәжбүрлі мүмкіндігі шектеулі балалар, мектеп қабырғасында көп балалармен қатар оқуды арман етеді. Ал бүлдіршіндерін мектептен үзген ата-аналарға құзырлы орган қандай шара қолданары әлі белгісіз.