Ұлттық банк пен үкімет Қазақстан экономикасының долларлану деңгейін 2015-2016 жылдары төмендету жоспарын дайындады.
Бұл туралы Ұлттық банк таратқан хабарламада айтылған деп жазады ҚазТАГ.
«Ұлттық банк үкіметпен бірлесіп Қазақстан экономикасын долларландыру деңгейін төмендету жөніндегі 2015 – 2016 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарын әзірледі, ол үкіметтің 2015 жылғы 17 ақпандағы мәжілісінде мақұлданды. Сонымен бірге, бұл жоспар Ұлттық банк басқармасының 2015 жылғы 25 ақпандағы отырысында мақұлданды», – делінген сәрсенбі күнгі Ұлттық банк хабарында.
Жоспар үш негізгі стратегиялық бағытты қамтиды:
1. Макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету;
2. Қолма-қол ақшасыз төлемдерді дамыту және көлеңкелі айналымды қысқарту;
3. Ұлттық валютаның шетел валютасынан басымдығы.
Бірінші бағыт бойынша жоспарда экономиканы әртараптандыру және өндірілетін тауарларда, жұмыстарда және көрсетілетін қызметтерде қазақстандық қамтуды арттыру жөніндегі шаралар көзделген.
Екінші бағыт бойынша қолма-қол ақшасыз төлемдерді дамыту жөніндегі шаралар көзделген.
Үшінші бағыт бойынша халықтың ұлттық валютадағы депозиттер бойынша кепілдік беру мөлшерін 5 млн теңгеден 10 млн теңгеге дейін ұлғайту, халықтың шетел валютасындағы депозиттері бойынша сыйақы мөлшерлемесін жылдық 3%-ға дейін төмендету, банктерге өтімділік беру және банк секторын сауықтыру, бағаны шетел валютасында (оның ішінде шартты бірліктермен) көрсетуге тыйым салуды белгілеу көзделген.
Экономиканы долларландыру деңгейін төмендету ұзақ үдеріс болып табылады, оны табысты іске асыру ұкімет пен Ұлттық банктің ғана емес, сол сияқты экономиканың барлық субъектілерінің өзара байланысты шаралар кешені мен бірлескен күш-жігерін пайдалана отырып, тұрақты әрі жоспарлы жұмысы кезінде мүмкін болады.
Сонымен қатар, Қазақстанда тауар мен қызмет бағаларын «шартты бірлік» бойынша көрсетуге салынған тыйым қатаң түрде бақыланатын болады.
Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметі брифингінде депутат Серік Оспанов айтты деп хабарлайды Қазақпарат.
«Қазақстанда тауарлар мен қызмет бағаларын доллармен, яғни «шартты бірлікпен» көрсетуге салынған тыйымға байланысты жұмыс жүргізіледі. Және бұл жұмыстар қатаң түрде бақыланатын болады», – деді Оспанов.
Оның айтуынша, бұл үшін заңда қажетті нормалар қарастырылған.