Францияның кассациялық соты БТА банкінің бұрынғы басшысы Мұхтар Әблязовтің өзін экстрадициялау туралы шешімге қатысты шағымын қабылдамады, – деп хабарлайды РИА Новости. Мұхтар Әблязов оны беруді талап еткен елдердің біріне экстрадицияланатын болды. Бүгін, 4 наурыз күні сот БТА банкінің бұрынғы басшысының қай елге – Ресейге немесе Украинаға берілетіні туралы шешім қабылдайды.
Шешім қабылданғаннан кейін Бесінші республиканың премьер-министрі оны аталған елдердің бірінің сот төрелігіне беру туралы қаулыға қол қояды. Бұл шешімге Францияның Мемлекеттік кеңесі шағым келтіре алады.
Еске сала кетейік, Мұхтар Әблязов 2013 жылы жазда Францияда ұсталып, әлі күнге дейін тұтқында отыр. Ол 2015 жылы Ресейге ауыстырылады деген мәлімет бар, себебі Францияның соты Ресейдің бас прокуратурасының Мұхтар Әблязовті экстрадициялау туралы өтінішін қолдаған болатын. Бұрынғы банкир алаяқтық, құжаттарды қолдан жасау мен лауазымен асыра пайдаланды деп айыпталды.
Сонымен қатар, Қазақстан Мұхтар Әблязовті 6 миллиард доллардан астам соманың қаржылық алаяқтығын жасады деп айыптады. Қылмыстық іс 2009 жылы қозғалды. Осыдан кейін бұрынғы банкир елден қашып, ұзақ уақыт бойы Ұлыбританияда тұрды. Біраз уақыттан кейін Мұхтар Әблязов Лондоннан кетті. БТА банктен ақша жымқырғандардың ісі бойынша Мәскеуде бірнеше адамға қазірдің өзінде жазаның кесілгені бұған дейін хабарланған болатын. Айта кетейік, Қазақстанда Әблязов 13 жылға дейін бас бостандығынан айырылып, мүлкі тәркіленуі мүмкін.