Түркі халықтарының рухани мұраларын әлемдік деңгейде насихаттайтын уақыт жетті

0
92

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Түркі халықтарының рухани мұраларының ең озық үлгілерін әлемдік деңгейде насихаттайтын уақыт жетті. Бұл туралы бүгін Алматыда ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымы кафедрасының ашылу рәсімі барысында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Ғалым Мұтанов мәлім етті.

Оның айтуынша, бұл үшін түркі халықтарының тілін, әдебиетін және музыкалық мәдениетін зерттейтін түрлі ғылыми-зерттеу орталықтары бірлесе әрекет жасаулары керек.

«Түркі халықтарының мәдениеті талай тарихи үдерістерді бастан кешкен көне және бай мәдениет. Еуразия орталығының далалық аймақтарында өмір сүретін қазақ, өзбек, қырғыз, түркімен және басқа да түркі халықтарының дәстүрлі мәдениетінің еуразиялық мәдениетте басымдыққа ие болуы – заңды құбылыс. Тек өкінішке қарай, осындай бай рухани мұра әлі күнге дейін ғылыми-тәжірибелік тұрғыда толық зерттелмей, әлемдік деңгейде өзіне лайықты орнын ала алмай келе жатыр. Әрине, асыл мұраларымызды сақтап, дамыту үшін қыруар жұмыстар атқарылуда. Бірақ тоқмейілсуге әсте болмайды», – деді Ғ Мұтанов.

Ол жаhандану заманында әрбір ұлт пен этностың алдында өзін сақтап қалу бойынша жаңа міндеттер тұрғандығын жеткізді.

«Жаяудың шаңы шықпас, жалғыздың үні шықпас» деген сөз бар емес пе. Осындай күрделі заманда жеке адасып сүрлеу іздегенше, түбі бір, тілі бір туысқан түркі халықтары ғылым, білім, руханият саласында бір-біріне көмекке келіп, бірігіп қимылдағанда ғана тығырықтан шығар ортақ жол табылатыны анық», – деді ректор.

Бүгінгі шараға Түркия, Әзеірбайжан, Өзбекстан, Түркіменстан және Қырғызстанның Қазақстандағы елшіліктері мен консулдықтарының қызметкерлері, Алматы қаласындағы Қазақстан халқы Ассамблеясы жанында құрылған түркітілдес этномәдени бірлестіктердің өкілдері, сонымен қатар ҚазҰУ ғалымдары, оқытушылары мен студенттері қатысты.

 

 

Автор: Жаппарберген Айбота

http://www.inform.kz/kaz/article/2752285

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз