
Түркістанда орталық базар өртеніп кетіп, әбден шығынға батқан саудагерлер наразылық білдіруде.Мемлекеттен ешқандай өтемақы төленбейтінін естіген жұрт, тіпті ашуға булықты. Ал әкімдік болса, барлық жауапкершілікті базар басшылығына артып отыр.
Түркістан базарындағы өрт салдарынан төрт адам түрлі жарақаттар алып, ауруханаға түскен. Беті мен қолын күйік шалған азаматтың халі орта дәрежелі дейді мамандар. Енді бірінің қолының тоқпан жілігі сынған. Біреуі газдан уланған. Төртіншісі ауруханадан шығарылыпты.
«Жағдайлары қанағаттанарлық. Күйікпен түскен науқастың 14-15 пайыз күйігі бар», — дейді Түркістан қалалық ауруханасының дәрігері Хамза Досжанов.
Әрбір сатушы дербес жеке кәсіпкер болғандықтан, базар басшылығы олармен келісім-шарт бар екенін, сондықтан жекелей арыз қабылдау мен есептеу жұмыстары әлі толық аяқталмағанын айтады.
«Саудагерлердің барлығымен біз келісім шартқа отырғанбыз. Сол шығындарын жазып, біздің атымызға да арыз жазылып жатыр. Жазылып біткеннен кейін, оның қорытындысын шығарамыз. Сол кезде қанша материалды шығын келгенін толығымен айтамыз», — дейді базар басшысы Әбдіғаппар Шаймерденов.
Оқиға орнында арнайы комиссия жұмыс жасауда. Билік өтемақының тек базар басшылығы тарапынан ғана жүргізілетінін айтады. Өрт салдарынан барлығы бір жарым мың дүңгіршектің тең жартысына жуығы жарамсыз күй кешкен.
Құзырлы орындағылар өрт дерегімен қылмыстық іс қозғалғанын, қазір анықтау жұмыстары жүргізіліп жатқанын, ал қандай-да бір қорытынды жасауға әлі ертерек екенін айтады.
По сообщению сайта Nur.kz