АҚШ-та ұсталған қазақстандықтың әкесі биліктен жәрдем күтеді

0
147

«ИМ террорлық ұйымына қосылмақ болған», ақпанның 25-і күні АҚШ-та ұсталған Қазақстан азаматы Ахрор Сайдахметовтың әкесі ұлы жайлы жаңалықты естіп, есеңгіреп қалғанын айтады. Ол баласын көп жыл көрмеген.

АҚШ-та ұсталған Қазақстан азаматы Ахрор Сайдахметовтің (сол жақта) сот залынан салынған суреті. АҚШ, Нью-Йорк, Бруклин федералдық соты, 25 ақпан 2015 жыл.

АҚШ-та ұсталған Қазақстан азаматы Ахрор Сайдахметовтің (сол жақта) сот залынан салынған суреті. АҚШ, Нью-Йорк, Бруклин федералдық соты, 25 ақпан 2015 жыл.

     19 жастағы Қазақстан азаматы Ахрор Сайдахметов «Ислам мемлекеті» (ИМ) экстремистік ұйымы содырларына қосылмақ болды» деген күдікпен ақпан айының соңында, Нью-Йорк (АҚШ) әуежайынан Стамбулға ұшқалы тұрған жерінен ұсталған. Айыбы дәлелденсе, ол 15 жылға дейін сотталуы мүмкін.
Сирияда соғысып жүрген Қазақстандық Сирияда соғысып жүрген Қазақстандық «жиһадшылар». «ВКонтакте» әлеуметтік желісінде жарияланған видеодан скриншот. (Көрнекі сурет)

Қазақстан сыртқы істер министрлігінің Азаттыққа хабарлауынша, 1995 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан қаласында туған, ұлты өзбек Ахрор Сейдахметов 2011 жылы, 16 жасында Өзбекстанға кетіп, содан оралмаған.​

АҚШ құзырлы орындары Сайдахметовтің ақпанның 19-ы күні анасына телефон соғып, «егер адамның мүмкіндігі бола тұрып ИМ-ге қосылмаса, ана дүниеге барғанда ол адам сұралады және дінсіздер жерінде өмір сүру – күнә» дегенін айтады.

Ахрор Сайдахметовтің әкесі Аброр Сайдахметов Оңтүстік Қазақстан облысы, Шорнақ ауылында тұрады. Құрылысшы. Ата-анасы 1997 жылы ажырасып кеткен. Әкесінің айтуынша, «сол жылдары шешесі Саера Гуламова ұлын ертіп, Өзбекстанға қоныс аударған». Аброр Сайдахметов бірнеше жыл бұрын олардың АҚШ-қа көшкенін естіген. Азаттық тілшісі АҚШ-та қамалған қазақстандықтың әкесімен әңгімелескен еді.

Ұлының ұсталғаны туралы жаңалықты бірнеше күн бұрын естіген Аброр Сайдахметов «есеңгіреп қалғанын» айтады.

– Наурыздың басында Астанаға құрылысқа кетуім керек еді. Осыны естіп, әлі күнге дейін есеңгіреп отырмын, – дейді ол.

Аброр Сайдахметов көп жыл ұлын көре алмағанын, бұрынғы әйелінің ұлын көрсетпей, сөйлесуге тыйым салғанын айтады.

– Кішкентай кезінде бірнеше рет көрдім. Тұратын ауданына барып, бәрібір көрсетпей қайтып кеткен кездерім болды. Есейген соң Қазақстанға өзі келіп-кетіп жүріпті. Алайда қашан, неге келгенін білмеймін, – дейді ол.

Аброр Сайдахметов баласының мінезін сипаттағанда туыстарының сөзіне сүйенеді.

– Туыстарымның сипаттауынша, мінезі менен аумайды. Өте сабырлы. Жақсы оқыған дейді. Мектептен кейін коллежге түсті деп естідім. Оның қолынан мұндай нәрсе келуі мүмкін емес деп ойлаймын. Астанадағы таныстарым «адвокаты дәлел жоқ деп отыр» дейді. Жақсылықтан үміт етемін, – дейді Аброр Сайдахметов.

Ол АҚШ-қа баруға мүмкіндігі жоқ екенін, «Қазақстан билігі тарапынан көмек болар ма деп үміттенетінін» айтты.

АҚШ-та ұсталған Қазақстан азаматы Ахрор Сайдахметовтің (сол жақтан санағанда үшінші тұр) сот залынан салынған суреті. АҚШ, Нью-Йорк, Бруклин федералдық соты, 25 ақпан 2015 жыл.АҚШ-та ұсталған Қазақстан азаматы Ахрор Сайдахметовтің (сол жақтан санағанда үшінші тұр) сот залынан салынған суреті. АҚШ, Нью-Йорк, Бруклин федералдық соты, 25 ақпан 2015 жыл.

Ахрор Сайдахметовті білетін азаматтар жоғарыда айтылған деректерді растады. Алайда Азаттық тілшісі сөйлескен Шорнақ ауылының тұрғындары (аты-жөндерін атағысы келмеді) 1997 жылы Ахрор Сайдахметов кішкентай болғандықтан, ол туралы ештеңе айта алмады. Азаттыққа мәлім болған кей деректерге қарағанда, Ахрор Сайдахметовтің шешесі Қазақстаннан кеткен соң, Ташкент облысы Чиназ ауданы Алмараз ауылына қоныстанған.

Азаттық тілшісі Өзбекстандағы мектептерге телефон соғып көргенімен, олар ақпарат беруден бас тартты.

Бұған дейін Қазақстан сыртқы істер министрлігі АҚШ-та «ИМ экстремистік ұйымына қатысы бар» деген күдікпен ұсталған Ахрор Сейдахметовтің Қазақстан азаматы екенін растап, тергеу амалдарына көмектесуге дайын екенін мәлімдеген.

АҚШ тергеушілерінің дерегінше, Ахрор Сайдахметов Түркия арқылы Сирияға барып, ИМ экстремистік ұйымы содырларына қосылмақ болған. АҚШ билігі бұл іске қатысты Сайдахметовтен өзге, Өзбекстанның екі азаматын да ұстаған. Тергеушілер «олардың бірі ИМ қатарына қосылып, АҚШ-та теракт жасамақ болды, екіншісі Сайдахметовтің Сирияға сапарына демеушілік жасады» дейді. Сайдахметовтің өзі » шетелге кете алмаған жағдайда, АҚШ-та теракт жасауды жоспарлаған» деген күдікке ілініп отыр.                          Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз