
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Семейдегі радиологиялық орталық құрылысын созбалаңға салған мердігерлерді қатаң сынға алды деп хабарлайды КТК арнасы.
Бақандай 6 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалған, ТМД елдерінде теңдесі жоқ медициналық мекеме былтыр науқастарды қабылдай бастауы керек болған. Енді осы күнге дейін жайбарақат жүрген мердігерді сотқа беру керек деп ашынды Даниал Ахметов.«Сіздер үлкен жауапкершілікті арқаладыңыздар. Енді оны орындау керек. Мәселе орнынан қозғалады деп сенемін. Болмаса, басқа органдарға жауап беретін боласыздар», — деді Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов.
Ғимаратта әрлеу жұмыстары әлі аяқталмаған. Энергиямен қамту мәселесі де шешілмепті. Тіпті аса қауіпті сұйық радиоактивті қалдықтарды жинау мен сақтау жағы да қарастырылмаған.
Соның кесірінен қыруар қаржыға сатып алынған заманауи аппараттар да қаңтарылып тұр. Тіпті, осы жаңа техниканың тілін үйренуге шетелге мамандар жіберіліп, біліктілігін арттырған екен.
Олқылықтарды жоюға Даниал Ахметов бір ай уақыт берді. Ал тапсырманың орындалуын тексеруге он күннен соң тағы келетінін ескертті.
По сообщению сайта Nur.kz