Шымкентте қызылшаға қарсы екпеден кейін, 16-жастағы жеткіншек ес-түссіз қалған

0
379
Шымкентте қызылшаға қарсы екпеден кейін, 16-жастағы жеткіншек ес-түссіз қалған
Шымкентте қызылшаға қарсы екпеден соң бір апта бойы ес-түссіз қалған оқушының беті бері қарады деп хабарлайды Астана арнасы.16 жастағы Сағындық Жанысбаев қазір палатаға ауыстырылған. Айта кетейік, бұл аймақта вакцинациядан кейінгі тіркелген алғашқы келеңсіз жағдай емес. Бұған дейін қыз бала қайтыс болған еді. Ата-анасының айтуынша, өлімге нақ осы вакцина себеп болды. 10 сынып оқушысы Сағындық Жанысбаевқа екпе 19 ақпанда жасалған. Арада 10 минут өткенде оның денесі құрыса бастапты. Көз алдарында оқушының жағдайы нашарлап бара жатқанын көріп, абдырған медбике дереу жедел жәрдем шақыртыпты.«Он минуттан кейін басым ауырды. Кейін қалтырай бастадым. Сол уақытта барлығы менің қан қысымымды өлшеді. Одан кейін арықарай не болғаны есімде жоқ», — дейді Сағындық Жанысбаев.

Ал анасына болған жәйтті сынып жетекшісі хабарлаған. Анасы баласы туралы естігенде есінен тана жаздағанын жеткізді.

Оның айтуынша, жансақтау бөлімінде ес-түссіз жатқан Сағындық бір аптадан соң ғана тілге келген. Әбден жүрегі шайлығып қалған ата-ана күндіз-түні ұлының қасынан бір елі ажырамайды. Бауыр еті баласының осындай халге түскенін вакцинадан көреді.

«Тоқ етері сол вакцинадан болды. Әлде салған адам жөнді салмады ма? Балам ешқандайда ауру емес, денсаулығы жақсы болатын», — дейді Назипа Байғанаева.

Дәрігерлер қазір оқушының өміріне қауіп жоқ екенін айтады. Есінен тану себебі де әлі анықталмаған. Нақты жауап сараптама жұмыстарынан кейін ғана белгілі болатынын айтты.

«Түскен кезде артериялық қысымы төмен болған. Нақты диагнозы әлі толық белгіленген жоқ. Сараптамадан кейін белгілі болады. Ең бастысы — қазіргі кезде баланың жағдайы жақсарды. Қанағаттанарлық жағдайда», — деді Шымкент қалалық жедел жәрдем ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Сәрсен Пернебеков.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының дерегінше, 15 пен 19 жас аралығындағы 185 мың жасөспірімге биыл қызылшаға қарсы екпе егу жоспарланған. Соның тең жарымы вакцина қабылдап үлгерді. Жасөспірімдердің қызылшаға қарсы екпеден кейін денсаулығы нашарлауын аймақта осыған дейін де тіркелді. Осыдан екі апта 15 жастағы қыз бала көз жұмды. Марқұмның ата-анасы өлім себебін вакцинадан көріп отыр. Десе де, дәрігерлер дес берер емес. Бойжеткен ауруханаға түскенде «менингит» диагнозы қойылған еді.

По сообщению сайта Nur.kz

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз