Батыс Қазақстан облысында полиция инспекторының көмекшісі жұмыссыз тұрғынды үйіне қызметші етіп алып, соққыға жыққан.
Зеленов аудандық сотының үкімімен Приурал полиция бөлімі учаскелік инспекторының көмекшісі Э.Ғаббасов Қылмыстық кодекстің 55-бабы 3-бөлігінің талаптары ескеріле отырып, алты жыл бас бостандығынан айыру жазасын жалпы тәртіптегі түзеу мекемесінде өтеуге сотталды.
БҚО сотының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, Э.Ғаббасов Январцев ауылының жұмыссыз тұрғынын үйіне қызметші етіп алған.
Сотталушы сөзге келу барысында жәбірленушіге көптеген дене жарақаттарын келтірген, соның ішінде бас тұсына да соққы тиген. Соның салдарынан марқұм көз жұмған. Үкім заңды күшіне енген жоқ.