Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның белгілі әйелдерімен кездесуде алдағы президент сайлауына қатысуға күмәнмен қарайтынын айтты.
Сайлау туралы бастамаға да негізінен еліміздегі әйелдер қауымы қолдау білдірді. Ақордада Халықаралық әйелдер күні қарсаңында Қазақстан әйелдер қауымы өкілдерімен «Көктем шуағы» атты кездесуі барысында президент Нұрсұлтан Назарбаев осылай мәлімдеді.
«Қазір сайлау науқаны басталып та кетті. Кезектен тыс президенттік сайлау туралы бастаманы да негізінен әйелдер қауымы қолдады. Мен күн сайын мыңдаған хаттар алып жатырмын. Бүгінгі ертеңгісін үстелімде бір құшақ хаттар келді. Олардың барлығы сайлауды қолдап, менен өз кандидатурамды ұсынуды сұрап жатыр», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сонымен қатар президент өзінің жоспары мүлде басқалай болғанын да атап өтті.
«Менің жеке жоспарым мүлдем басқа болатын, шынымды айтайын. Қазақстанды жылдар бойы басқарып келемін, Тәуелсіздіктің алғашқы жылынан мемлекетті қалыптастырып, құрдық. Бәлкім, театрда айтатындай, декорацияны өзгертетін де кез жеткен шығар. Сингапурдың негізін қалаушы Ли Куан Ю биліктен кеткенде мен одан неге кеттіңіз деп сұрағанмын. Ол соңғы уақытта теледидардан өзін көру ұнамай кеткенін айтқан еді. Менде де басқа жоспарлар болған», – деді елбасы.
Алайда президент бүкілхалықтық тілектер, елдің ниеті, жұрттың қалауы бар, оны да ескеру қажет екенін, сондықтан да алдағы жоспарын, қадамын ақылдасатынын айтып сөзін түйіндеді.