Қазақ хандығы туралы сериалға бөлінген қаржы тым аз

0
517

Ең қысқа уақытта Қазақ хандығы туралы бай тарихты баяндайтын 10 серияны экрандауға бөлінген қаржы тым аз деп хабарлайды 31 арна.
Қазақ хандығы туралы сериалға бөлінген қаржы тым аз

Қазақ хандығының 550 жылдығы аясында жарық көретін көп сериялы тарихи туынды «Қазақ елі» деп аталатын болды. Алайда «Қазақфильм» киностудиясы үшін үлкен сын болайын деп тұр. Әңгіменің әлқиссасын жобаға бөлінген қаржы тым аз деп бастаған киностудия басшылары демеушілердің көмегіне мұқтаж екендерін жеткізді. Арнайы есепшот та ашылған. Айтуларынша, бөлінген қаржы «Жаужүрек мың бала» фильмінің бюджетінен үш есе аз. Түсірілім жұмыстары түгелдей Алматы облысында өтеді.

Бұған дейінгі тарихи туындыларда пайдаға асқан реквизит пен декорация түгелдей қолданылады. Ал жоба тарихи болғандықтан тарихи фактілер де, ғылыми еңбектер де ескеріледі дейді сценаристер.

«Біз қателесетін болсақ, онда бүкіл тарихшылар қателескен болуы мүмкін. Өйткені біз соларға сүйендік. Тарихи фактілерге сүйендік. Тек қана бүгінгі емес, сонау Дулатидан бастап, Рузбиханнан бастап, кешегі ортағасырлық тарихшылардың барлық еңбегі біздің назарымыздан өтті», – дейді , сценарий авторы Смағұл Елубай.

Сценарийге аса қатты көңіл бөлінуде деген жоба жетекшілері он серияның жетеуі Жәнібек пен Керей ханның кезеңіне арналады дейді. Ал үш серияда Қасым хан мен Бұрындық ханның билік құрған мерзімі көрсетіледі. Туынды барынша қызықты, сюжеттік желісі тартымды, мағынасы терең болады деген авторлар дайындық жұмыстары қызу жүріп жатқанын айтты. Актерлерді іріктеу жалғасуда.

«Сценарий дайын болғаннан кейін нақты бағасын шығарып, айтуға болады. Бірақ қымбат болатыны қазірдің өзінде айқын. Өйткені тарихи, өте ауқымды жұмыс жасалады. Бөлініп жатқан қаражаттың жетпейтіні қазірдің өзінде белгілі болып тұр», – дейді «Қазақ елі» жобасының режиссері Рүстем Әбдірашев.

Көпшілік тағатсыздана күткен көп сериялы тарихи туындының түсірілім жұмыстары маусым айынан қыркүйек айына дейін жалғасады. Ал актерлік құрам 99 пайыз қазақстандық болады деген басшылық «Қазақ елі» деп аталатын бұл туындыны тәуелсіздік мерекесіне орай жұрт назарына ұсынуды жоспарлап отыр.

Источник: 31 канал

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз