Алматыда 2022 жылы өтетін ақ олимпиаданың бюджеті қысқартылады. Ұйымдастыру комитеті шамамен 550 млн долларды үнемдеуді көздеп отыр деп хабарлайды КТК арнасы.
Бұл Халықаралық олимпиада комитетінің техникалық комиссиясының тексерісінен соң жасалған. Мәселен, Шымбұлақта өтуі тиіс тау-шаңғы спорт түрлерінің барлығы Алматау базасына, ал фристайл мен сноуборд «Тау парктен» Ақбұлаққа ауыстырылмақ.
Осындай өзгеріс болса, аталған екі нысанда күрделі жөндеу жүргізу қажет емес. Мәселен, Шымбұлақта тілшілерге арнайы медиа-орталық салынбаса, 100 млн доллар үнемделеді екен. Алдын ала есеп бойынша тағы 450 млн доллар салынатын инфрақұрылымдар азайғандықтан қоржында қалады. Паралимпиада ойындарының кестесіне өзгерту енгізу арқылы следж-хоккей Мұз аренасынан Балуан Шолақ спорт сарайына ауыстыру көзделіп отыр.
Сонымен қатар олимпиада қалашығындағы орын саны 1 мыңнан 350-ге дейін қысқартылды. Айта кетейік, 2022 жылғы ақ олимпиаданы өткізуге Алматымен қатар Қытайдың Бейжіңі де үміттеніп отыр.
«Біздің жоспарымызды көрсететін файл халықаралық комитет кеңсесіне жіберілді. Оның ішінде ойындардың шығыны мен спорт нысандарының арасындағы қашықтықтың азайғандығы көрсетілген. Сондықтан маусым айында штаб-пәтерге өзіміз барып, тағы бір мәрте мәлімдеме жасаймыз», – дейді Алматы қалалық халықаралық спорт жобалары дирекциясы мемлекеттік қорының директоры Илья Оразақов.