2015 жылғы 6 наурызда Орталық сайлау комиссиясында президенттікке кандидат Лимана Қойшиеваның мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтау жөніндегі лингвистикалық комиссияның отырысы болды.
ОСК баспасөз қызметінің хабарлауынша, болған емтиханның нәтижелері бойынша лингвистикалық комиссия ашық дауыс беру арқылы көпшілік дауыспен президенттікке кандидат Лимана Қойшиеваның мемлекеттік тілді еркін меңгергені туралы шешім қабылдады.
Лингвистикалық комиссияның төрағасы Мырзатай Жолдасбеков қорытынды шешімді жариялай отырып, президенттікке кандидаттың мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін атап өтті.
«Президенттікке кандидат Лимана Қойшиева мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтау рәсімінен өтті. Оның тапсырмалары мынадай: «Қазақ халқының рухани құндылықтары» деген тақырыпта шығарма жазу, содан кейін Абайдың «Қара сөздері» әдеби еңбегінен көркем мәтінді оқу және соңғы тапсырма – «Әлем және бейбітшілік» деген тақырыпта еркін әңгімелесу болды. Тапсырмаларды кандидат жақсы деңгейде орындады. Біз Лимана Қойшиева мемлекеттік тілді еркін меңгерген деген қорытындыға келдік»,- деп атап көрсетті Жолдасбеков.
Шешім лингвистикалық комиссияның 2015 жылғы 6 наурыздағы № 4 хаттамасымен ресімделді. Отырысқа Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Ләззат Сүлеймен қатысты.