Шымкентте жалдамалы жұмысшы жазатайым жарақат алып, ақырында аяғынан айырылып қалды
Нұрғали Сайрамбаев жұмыс барысында мүгедек болып қалса да, қожайыны әлі күнге дейін қол ұшын созбағанын айтты. Сондықтан, басшысынан өтемақы талап етуде. Алайда бұл оқиғаның астарында көптеген шикіліктер бар болып шықты.
Төсекке танылған Нұрғалидың салы суға кетіп жатыр. Осыдан аз ғана уақыт бұрын өндіріс орнында құрылысшы болып еңбек етіп жүрген. Айтуынша, 6 айдан бері сонда нәпақасын тауып күнелтіпті.
Енді табанын кесіп тастап, тобығы ғана қалған. Ол аздай басшылығының жанашырлық танытпағанына налиды.
«Балқыту цехындағы зілдей темір-терсектерді кесіп, арта бергенде аяғымды қырқып кетті. Ролик келіп аяғымды ұрды, мен секіріп тартыламын дегенше екінші аяғымды қысып қалды. Содан қасымдағы жұмысшы балалардың көмегімен аяғымның жартысын алып шықтық. Ауруханаға келдім. Жағдай жасаймын деген басшы, бір-екі рет ғана келіп кетті. Бірақ нәтиже жоқ», – дейді жұмысшы Нұрғали Сайрамбаев.
Ауыр жараланып, ажалмен арпалысып жатқанда басшылық бұл оқиғаны бұрмалап жаздыруға тырысқан
Сонымен бірге Нұрғали ауыр жараланып, ажалмен арпалысып жатқанда басшылық бұл оқиғаны бұрмалап жаздыруға тырысқанын жеткізді.
«Келіншегім жылап келді. Сайрамбаев Нұрғалиды Мерседес машинасы қағып кеткен деп жазыпты. Мен мұның мүмкін емес екенін айттым. Кейіннен дәрігерден де сұрадым, ол өзінің қағазында бұлай жазылмағанын айтты», – дейді жұмысшы Сайрамбаев.
Жарымжан болып қалған Нұрғалидың төсекке танылғанына аптаға жуық уақыт болыпты. Дәрігерлер тек ота жасау арқылы ғана оның өмірін аман алып қалу мүмкін болды деп отыр.
«Науқасқа жедел түрде ота жасалды. Аяғының кесілген, жыртылған ұлпалары алынып, бірінші хирургиялық сұрыптау жасалды. Қазіргі таңда науқастың жағдайы орташа ауырлықта, жарақаттану бөлімшесінде ем қабылдауда», – деді Шымкент қалалық Жедел медициналық жәрдем ауруханасы қабылдау бөлімінің меңгерушісі Сәбит Байбосынов.
Ал еңбек заңдылығын қадағалаушылар бұл жағдайда дәрменсізбіз деп ақталды. Өйткені еңбеккер мен жұмыс беруші арасында ешқандай келісімшарт жасалмаған. Оның үстіне бұл өндіріс орны бірер жыл бұрын жұмысын тоқтатқан екен. Сондықтан онда тек жеке адамдар ғана өздігінше қожайындық қылып, жұртты қара жұмысқа жеккен деп отыр.
«Бұл жазатайым жағдайда Сайрамбаев деген азамат бұл жеке адамның тапсырысы бойынша, сол «Южполиметалл» акционерлік қоғамы аумағына кірген. Сол жерде зардап шеккен. Сондықтан біз бұл жерде еңбек қатынастарын көріп отырған жоқпыз. Сол мекеменің басшысы да бізге мәлімет беріп отыр. Сондықтан бұндай жағдайда мәселелер сот арқылы шешілетін болады», – дейді ОҚО Еңбек инспекциясы жөніндегі басқарма басшысы Бастар Есқараев.
Дегенмен, өндіріс орны аумағында адамдардың қауіпті жұмысқа тартылуына неліктен тыйым салынбағаны түсініксіз.