«Асыл арна» телеарнасының директоры Мұхамеджан Тазабеков ел арасында «8 март әйелдердің әдемілігін құртты…» деген атпен таралған видеоға байланысты NUR.KZ тілшісіне эксклюзивті сұқбат берді.
Онда белгілі ақын «Ол жазба отбасылық басқосулардың бірінде, он жылдай уақыт бұрын түсірілген. Әр адам өз үйінде ыңғайсыз, өзгеге көрсетуге болмайтын табиғи қажеттіліктер мен болмысқа ерік береді», – дейді.
Әрине, көпшілік Мұхамеджан ағамызды осы түсірілімге байланысты біраз сынға алған болатын. Бірі «халыққа сөз сөйлеп отырып кекірді. Бейәдептілік көрсетті» десе, тағы бірі «Әйелдер күнін тойлама деп отыр ма? Онысы несі?» деп таң қалып жатты.
Еске сала кетсек, осыдан бірнеше жыл бұрын Мұхамеджан Тазабековтің ғаламторда 8 наурыз Халықаралық әйелдер мерекесін сынап айтқан сұхбаты жарияланған болатын.
Онда азамат мерекенің шығу тарихына тоқталып, оның қазақ халқына, мұсылман жұртшылығына жат екенін көрсеткісі келген.
Тазабеков «әйелдің құйрығын қажатып, тракторға да отырғызған, космосқа да жіберген, әйелді әйелдігінен айырған» кеңес өкіметін сынайды.
Ол 8 наурыз мейрамын тойлау «модасын» тапқандардың «түпкі мақсаты» – мұсылмандарды қайтсе шешіндіру екендігін айтады.
Бұрын айтыстың төрінен көрініп жүрген ақын сұхбат барысында «Егер мұсылман әйелдер орамалын шешсе, басқа киімін өздері де шешеді» деген белгісіз ғалымның сөзін келтіреді.
Осы мәселеге орай бірнеше азаматтардан 8-ші Наурыз әйелдер мерекесін атап өтуге байланысты пікірін білген едік.
Әнші Ерке Есмахан: «Мен есімде жоқ бір жылы есімнен кетпес, күтпеген сыйлық алдым. Ол ақ боз ат. Көңілім бірден көтеріліп қалды. Бұл күнді тойлауға, атап өтуге еш қарсылығым жоқ».
Әнші әрі актриса Меруерт Түсіпбаева: «Жай күндері анамызға, апа-жеңгелерімізге хабарласып, жағдайын біліп тұруды ұмытып та кетеміз. Ал тура осы күні бәрінің жағдайын біліп, көңілін көтеруге арналған күн деп ойлаймын. Ал Мұхамеджан ағамыздың әңгімесін тыңдап шынымды айтсам түсінбей қалдым. Ал негізі атап өту, тойлау, аналардың көңілін көтеру ешқашан да дұрыс емес деп айта алмаймын», – дейді.
Ал дінімізде бұл мерекені тойлауға байланысты не айтылғанын білу үшін Алатау ауданындағы «Бекет ата» мешітінің бас имамы Орынбасар Дәуренбеков ағамызға хабарластық.
«Бұл күн негізінен аналардың мерекесі. Біз әрқашанда ананы сыйлаған халықпыз. «Жұмақтың кілті ана табанының астында» деген сөз бар. Сондықтан дінде мерекені атап өтуге еш қарсылық жоқ. Керісінде 8-нші Наурыз мерекесінің алдындағы жұмада қаламыздың барлық мешіттерінде «Ана мәртебесін көтеруге арналған» уағыздар оқылды», – деп жауап берді.
Міне осы жауаптардан кейін ел арасында әйелдер мерекесін атап өтуге байланысты алыпқашпа сөздерге нүкте қойылатын шығар.