Назарбаев: Тарихымызда елдiң киесiне айналған асыл аналар өте көп болған

0
415

8 наурыз халықаралық әйелдер күнiне орай Астанада өткен салтанатты кеш барысында президент Нұрсұлтан Назарбаев елiмiздiң тыныштығы мен iшiмiздiң бүтiндiгiн сақтап отырған ақ жаулықты аналардың алдында бас иетiнiн айтты

Назарбаев: Тарихымызда елдiң киесiне айналған асыл аналар өте көп болған

«Қиындық пен жоқшылықтан қажып тұрса да, менiң өз анамның аузынан тәубесi еш уақытта түспейтiн. «Ел iшi тыныш болса, сырты да бүтiнделедi, сабыр мен еңбек бәрiн жеткiзедi» деп айтып отырушы едi. Сабыр мен еңбек ұлт пен ұрпақты сақтайды, ел мен ердiң өркенiн өсiредi. Бұл елдiң болашағына сенетiн барлық ананың өз перзентiне айтар сөзi осы болар», – дедi Назарбаев.

Елбасының айтуынша, отбасын ойлайтын ана Отанын ешқашан естен шығармайды.

«Елiмiздiң тыныштығы, iшiмiздiң бүтiндiгi ақ жаулықты аналарға, отбасын ұстап отырған әйелдерге байланысты. Сол үшiн басымды иiп, көп ризашылығымды айтқым келедi», – дедi мемлекет басшысы.

«Сiздер бүгiн әлi қар жамылып жатқан Астанаға көктем лебiзiн алып келдiңiздер, елорда жұртының 8 наурыз мерекесiн асыға күтетiнi де сондықтан. Бұл жан жылуын арттырып, отбасы бақытын бекемдей түсетiн шуақты мейрам. Ендеше көктемнiң алғашқы мерекесi баршаңызға тек шаттық сыйласын», – деген игi тiлегiн бiлдiрдi президент.

Елбасы тарихымызда үйдiң иесiне ғана емес, елдiң киесiне айналған асыл аналар өте көп болғанын айтты.

«Бiздiң халқымыз ежелден әйел затын ар-намысына балап, ерекше қадiрлеген. Тарихымызда үйдiң иесiне ғана емес, елдiң киесiне айналған асыл аналар өте көп болған. Мен сiздердi сол аналардың бүгiнгi жалғасы, соңында қалған айшықты iзi деп санаймын. Залалы көп заманда бiздiң қыздарымыз қиындыққа да төзiп, үнемi қайсарлық танытып отырған», – дедi президент.

Елбасы атап өткендей, тәуелсiздiк жылдарында жас мемлекеттiң керегесiн кеңейтiп, iргесiн нығайтуға әйелдер өте үлкен үлес қосып келедi.

«Халқымыздың тоғыз миллионы, яғни, жартысынан астамы әйел азаматтар, сондықтан сiздердiң үлестерiңiз ерекше. Сiздердiң еселi еңбектерiңiз еңселi елiмiздiң дамуына ерекше серпiн берiп келедi. «Қыз тiлеуi – қыдырдың тiлеуі» деп халқымыз айтқандай, бүгiнде iргелi елге айналып отырмыз, дүниежүзiне Қазақстанды таныттық. Экономикамызды нығайтып, халықтың әлеуметтiк жағдайын түзеттiк», – дедi мемлекет басшысы.

«Бiз қандай заман тап келсе де, аруларды ардақтап, ханымдарды құрметтеп келе жатқан халықпыз, солай болуы да керек. Бүгiнде осы дәстүрден айнымай, оларды билiктiң барлық буынына тартып отырмыз. «Әйел қырық шырақты» деген, сiздер айналаға шуақ шашып, сәуле түсiрiп келесiздер», – дедi Назарбаев.

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз