0
491

7

Мәншүк БЕКБОСЫН

Көктеммен бірге көңілге қуаныш сыйлай келетін 8 Наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерейлі мере­келердің бірі де бірегейі. Биыл да атаулы күнге орай, бір қолымен әлемді, екінші қолымен бесікті тербеткен ардақты аналар, ақ жау­лықты әжелер, әдемі де аяулы қыз-келіншектер асқан құрметке бөленіп, құшақтары гүлге толуда. Сондай-ақ, кеше Респуб­лика сарайында қала әкімі Ахметжан Смағұлұлының қатысуымен Халықаралық әйелдер күніне арналған салтанатты концерт өтті.

– Ардақты аналар, аяулы әжелер! Сіздерді Халықаралық әйелдер мере­кесімен шын жүректен құттықтаймын. Әлем халқы сіздерді тіршіліктің бастауы,  адамзаттың анасы деп құрмет көрсетіп, алдарыңызда бас иеді. Әйел затына қандай мақтау, қандай тілек айтылса да жарасымды. Тағдырдың тезінен қажымай, қиындықтарды жеңе отырып, жан-жағына мейірім шапағатын сыйлайтын әрбір отба­сының қуанышы, мемлекетіміздің мерейі – сіздерсіздер. Әйел заты – сарқылмайтын күш. Яғни, тыныс-тірші­лігіміздің қайнар бұлағысыздар. Елбасы атап өткендей, Сіздер қазақстандық жаңа ұрпаққа өмір сыйлайтын, біздің балаларымызды, үміт болашағымызды өсіріп, тәрбиелеп отырсыздар. Бұл – біздің болашаққа, әлемнің барлық қазынасынан артық өлшеусіз үлес. Осы үшін рахмет. Ендеше, мерейлеріңіз үстем болсын, баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, бақ-береке тілеймін, – деген қала әкімі Ахметжан Есімов барша әйелдер қауымына арнап рояльда бір үзінді орындап берді.

Қала әкімінің айтуынша, бүгінде әйелдер қауымы  қоғамның сан түрлі саласында елеулі еңбек етіп, бар күш-жігері мен әлеуетін, білімі мен біліктілігін халықтың игілігіне арнап келеді. Атап айтқанда, өнеркәсіпте, қаржы қызметінде, білім саласында, денсаулық сақтау және әлеуметтік қызметте, қала әкімінің орынбасары, аудан әкімі, басқарма басшысы ретінде де өз қызметтерін жемісті атқаруда. Жалпы алғанда, Алматы халқының 54,4 пайызын әйелдер қауымы құрайды екен.  Сондай-ақ, қалада  3 мыңға жуық  алтын құрсақты Батыр Аналар бар. Бұл ретте өткен жылы қалада туу көрсеткіші 6 пайызға өскен. Сонымен қатар, қалада 100 жасқа келген 100 әйел бар. Ал жүз жасаған 65 ер адам бар. Жалпы, Алматы қаласы бойынша 10 әйелге 8 ер адамнан келеді екен.

Мерекелік кеште еліміздегі танымал әншілер бірінен соң бірі шығып, ақ тілектерін жолдап, әсем әннен шашу шашты.

Басты бет 1

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз