Ыстамбұлда өмірге құштар, қайсар қазақ қызының кеші өтті

0
77
 
 Жастайынан тағдырдың тауқыметін көріп өскен. Түркиядағы қандасымыз Мерве Қарақол қиындыққа қайысқан емес. Ол жарық дүниеге сау болып келіп, он жасында шашыраңқы склероз ауруына шалдықты. Ал жиырмаға толғанда сол ми мен жұлынға әсер етуші жүйке жүйесі ауруынан аяқтары жүрмей, қос жанары көруден қалады. Қазір өздігінен қозғала алмайды, арбаға таңылған. Сөйтсе де, оқу орындарын үздік тәмамдап қатарынан қалған жоқ. Шашыраңқы склероз – жас жеткіншектерде жиі кездесетін жүйке жүйесінің созылмалы ауруы. Оның дертіне шалдыққан адам қимыл-қозғалысы, көру мен есту қабілетінен айрылады. Бойындағы сабырлығы мен қайсар мінезінің арқасында қаршадай қыз таудай қиындықтарға тап болса да, өмірдің барлық сынақтарын еңсерумен келеді. Мервені осы қасиеті үшін құрбы-құрдастары ерекше қадірлейді. Ол арбаға таңылса да, қоғамдық өмірден қалыс қалмады. Өз күшімен жоғары оқу орнына түсіп, заңгер мамандығы бойынша білім алып шықты. Мақсаты – өзі секілді мүгедек жандардың құқығын қорғау. Мерве Қарақол, II топтағы мүгедек: – Түркияда мүгедектер қоғамның толыққанды мүшесі ретінде сезіне алмай келеді. Өйткені аяқ-қолы сау адамдар мен көңілі жарымжан мүгедектер арасында ортақ байланыс жоқ. Тіпті бір-бірлерін жақыннан танып, білгісі келмейтіндей көрінеді. Мен бұл сеңді бұзғым келеді. Сол үшін газеттерге мүгедек жандардың ішкі мәселесін, жанайқайын көтеріп, жиі мақала жазып жүрмін. Айналамдағылар бұл еңбегіме алғысын жаудырып, бағалап жатса, демек пайдалы іспен шұғылданудамын. Ыстамбұлда Қазақ түріктері мәдени қорының ұйымдастыруымен Мерве Қарақолдың кеші өтті. Оған Еуропа мен Түркиядағы қазақ диаспораларының өкілдері, қоғамдық ұйымның белсенділері қатысып, қазақтың қайсар қызының өмірімен кеңінен танысуға мүмкіндік алды. Шараны ұйымдастырушылар бұл кештің тәрбиелік мәні зор дейді. Әбдіуақап Қара, Мимар Синан көркемөнер университетінің профессоры, тарихшы: – Кезінде Немат Келімбетов жас кезінде операциядан кейін аяғы жүрмей қалған, қолы ұстамай қалған, соған қарамастан ол кісі ұлы істердің бас-қасында болып, үлкен ғалым болды. Біз де осы қызымыз ерік-жігерімен келешекте жастарға үлгі болатын ғалым бола ма, саяси қатынастар бітірген екен дипломат бола ма жұмыс істегенде марапаттап, қадірін білген жақсы ғой. Элип Инан, Түркиядағы қазақ диаспорасының өкілі: – Мерве әпкеміз – Түркияда тұратын барлық қазақтарға үлгі. Неге десеңіз, ол өмірде көрген қиыншылықтарға мойын иген жоқ. Біз сол үшін оны қатты сыйлаймыз. Бұл кеште тағдырдың тауқыметіне төзіп, өмірдің қилы сынақтарына табандылық таныта білген қайсар қызға халық тік тұрып қошемет көрсетті. «Көптің жан жылуын сезініп, көңілім жай тапты. Жанашырларымның көптігімен қанаттанып, өмірге деген құштарлығым арта түсті», – дейді қазақтың қара домалақ қызы.

Источник: http://24.kz/kz/zhanalyktar2/lemde/item/53196-keshi-tti

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз