Аяулы жар, мейірімді ана сұлулығының сырымен бөлісті

0
613
1.5
          6 баланың анасы Ақнұр Жұмабаева бала тәрбиесімен қатар қызметте де жетістікке жетіп, жас әрі әдемі болып қалуға болады деген сенімде. Ол халықаралық сұлулық байқауында 2014 жылдың «Әлем патшайымы» атанды. Сонымен қатар «Күміс алқа» иегері болып табылады. Ақнұр Жұмабаева бізбен кездесуге уағдаласқан уақыттан бір сағатқа кешігіп келді. Өйткені балаларды мектептен, бала-бақшадан алып, олардың көңілін тауып, жинау оңай емес деп күледі ол. 35 жастағы келіншектің үлкен ұлы 15-те болса, кенжесі енді ғана екіге толады. Ақнұр ата-енесімен бірге тұрады. Бүгінде консалтингтік компанияның басшысы болып табылады. Заңгер және экономист мамандығы бойынша білім алған ол – экономика ғылымдарының магистранты. Сондай-ақ Ақнұр керемет ән шырқап, сурет салады. Өлең де жазады. Осындай жан-жақтылығымен 2011 жылы «Қазақстан ханшайымы» байқауында бірінші орынды иеленген. Мальта елінде 23 мемлекеттің ару аналары қатысқан халықаралық байқауға Ақнұр өзі тіккен көйлектерін киіп шығыпты. Қазақстаннан тек маталарды сатып алып үлгердім, сайысқа түсер алдында көз ілмей, көйлек тігумен болдым деп отыр ол. Бастысы еңбек ақталды. Ақнұр Жұмабаева, «Әлем патшайымы-2014» аталымының иегері: – Сайысқа Қазақстанның жалауын желбіретіп сахнаға шыққан кезде қатты толқыдым. Және ең соңында маған үлкен лауазым бергенде қатты қуандым. Себебі ол менің ғана қуанышым, менің ғана жеңісім емес, елімнің мәртебесі, елімнің жеңісі болып саналады. Таңғы бес жарымнан оянып, балалардың төртеуін мектепке, біреуін бала-бақшаға жинап, бірін ата-енесіне қалдырып, жұмыс пен үй шаруасына қатар үлгерумен қатар, балалардың әрқайсысына көңіл бөлуге тырысады. Бір мезетте сабақтарын тексеріп, ертегі оқып беру дағдылы жағдай деп түсіндірді Ақнұр. Ақнұр Жұмабаева, «Әлем патшайымы-2014» аталымының иегері: – Әйел бақыты дегеніміз – балаларыңның алдыңнан жүгіріп шыққаны. «Мама» деп құшақтап, бетімнен сүйгені. Балаларымның қызығын көру нағыз бақыт деп ойлаймын.

Источник: http://24.kz/kz/zhanalyktar2/o-am/item/53182-mdi-ana

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз