Танымал әнші Ақбота Керімбекова DAT басылымына сұхбат беріп, қазіргі эстрада туралы ойымен бөлісті деп жазады abai.kz порталы.
Әнші «Бүгінгі шоу-бизнеске мүлде көңілім толмайды. Қарныңды ашытатын дүниелер өте көп. Қолыма билік тисе, өнерді дарынсыздардан тазартамын» деп айтқанын мойындаған.
«Иә, көңілім мүлдем толмайтын дарынсыздарға налитыным – шындық. Қазір олардың атын атап, түсін түстемей-ақ қояйын. Тіпті бала-шағамызға дейін біледі: кімнің өнерлі я кімнің қаражаяу екенін. Соңғы кезде қолды бір сілтеп, сахнадан, өнерден кетіп калғым келеді», – дейді Керімбекова.
Ол бүгінгі күні айтылатын әндердің сапасы, мағынасы, мазмұны тым жеңіл екенін айтады.
Соңғы кезде қолды бір сілтеп, сахнадан, өнерден кетіп калғым келеді.
«Әлде халықтың талғам деңгейі төмен түсіп кетті ме деп ойлайсың. Дегенмен, әркімнің өз пікірі, өз көзқарасы бар: онымен де санасқың келеді. Бірақ, шыны керек, өнердің қадірі кетті: қарап отырсаңыз, еріккеннің бәрі әнші», – деді ол сұхбатында.
Сондай-ақ, ол эстрадада жүрген әншілерді дарынсыздар деп, сын садағына алған.
«Эстрадада жүрген әншілердің 80 пайызы дарынсыздар деп толықтай айта аламын. Бұл – менің жеке пікірім. Жалпы, өнер – таза дүние, кіршіксіздікті қажет етеді. Бізде өнер саласын зерттейтін, БАҚ арқылы ойын айтып отыратын сыншы жоқ. Шындықты бетке айтатын сарапшы жоқ: тек кімнің пайдасы бар, кімнің қолынан не келеді – соның артынан жүріп, пайдасын көріп, сол адамға жағынып қалса – болды. Өнердің бойындағы тектілік жоғалып, бөлшектеніп, ұсақталып барады», – дейді әнші.
Ақбота Керімбекова жастарға сын айтқан соң, кейін басқаларына жеккөрінішті болып кететінін де жасырмады.
Эстрадада жүрген әншілердің 80 пайызы дарынсыздар деп толықтай айта аламын. Бұл – менің жеке пікірім.
«Жастарға сын айтсаң, тағы да бәлеге қаласың. Ақырында жек көрінішті болып, жексұрын атанасың. Бүгінде ақыл тұрмақ, біруге жақсылық жасасаң да, бәлеге қаласың. Қорқатыным – балаларымның, өскелең ұрпақтың тағдыры қалай болмақ?», – деп ақтарылды әнші.
Биылғы жылдан бастап әншілердің өз өнері үшін салық төлейтіні туралы да Ақбота өз ойын білдірген.
«Енді не істейміз? Айтқан екен – ақыры салық төлеуге тура келеді. Үкіметтің жағдайы қиын екен… Айтып отырмын ғой, телеарна болсын, журналистер болсын – бәрі бізге қарап отыр. Әншілер болмаса, бәрі тақыр кедей болатын түрі бар… Енді, міне, үкіметтің жағдайын ойлайық деп, салық төлеуді бастаймыз», – дейді Керімбекова.
Сонымен қатар, ол өзінің әлі жас екенін, өз жанын түсінетін ер-азамат кездессе, әлі де 5-6 бала табуға мүмкіндігі бар екенін айтқан.
«Рас, көп балалы ана болуды армандаймын. Кішкене жағдайымды реттеп алсам, 2–3 баланы асырап алу да ойымда бар», – деді әнші сөз соңында.