ҚАЗАҚ ӨРКЕНИЕТІ

0
1098

Ректор

Еренғайып ОМАРОВ

академик, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану

ғылымдары академиясының вице-президенті, Қайнар университетінің ректоры

Көп түрік енші алып тарасқанда,

Қазақта қара шаңырақ қалған жоқ па?

Мағжан

Қазақ халқының қалыптасуы туралы мәселенi тарих ғылымы көптен берi зерттеп келсе, қазақ өркениетiнiң даму проблемасы таяу уақытта ғана жолға қойылды. Қазақ халқының пайда болу процесi мен әлеуметтiк өзара байланыстары да бiршама жақсы зерттелген. Мемлекетте тұратындардың өздерiн «қазақ» деп атау себептерi ешқандай дау туғызбайды. Бұл мәселе «Қазақстан тарихы» атты көп томдық монографияда, осы проблемаға арналып 1998 жылы Қазақстан даму институты шығарған «Қазақтар» монографиясында, сондай-ақ «Қазақтар – Хазар қағанатының мұрагерлерi» мақаласында жан-жақты баяндалған. Қазақ өркениетiнiң қалыптасуы мен генезисi  қазақ этносы мен мемлекеттiгiнiң қалыптасуымен тiкелей байланысты.

 

ӨРКЕНИЕТТІҢ БАСТАУЫ

Тарихи даму процесiнде қалыптасқан өркениеттер өзгермей қоймайды. Әсiресе жаһандану жағдайында олар iшкi қайшылықтарға, сыртқы ортаның сұрапыл әсерiне ұшырайды. Сондықтан күллi өркениеттер үшiн қайдағы бiр әмбебап циклды, iшкi динамикалық бiртұтас принциптерді орнықтыру әрекетi әлi күнге дейiн жетiстiкке жеткен емес. Бұл мәселенiң бiлгiрлерi Е. Рашковский мен В. Хоростардың пайымдауынша, өз кезiнде Н. Я. Данилевский, О. Шпенглер, А. Дж. Тойнби және басқалар ұсынған конституцияларды қазiргi көптеген зерттеушiлердiң қабылдағысы жоқ. Олардың пiкiрi бойынша Ф. Бродель мен оның зерттеушiлерiнiң позициясы шындыққа анағұрлым жақын; олар қазiргi әрекет етiп тұрған кез келген өркениет жүйесiнде өркениеттiң дамуындағы сатылық – тарихи жолды жаңғыртып отыратын, тым құрығанда, аркаизмдiк,  өзектi әрi заманауи деңгей өмiр сүредi деп тұжырымдаған едi.

Сонымен қатар тарихнамалық проблеманы талдау және жаңа көзқарастар мәселенiң шынайы ақиқатын айқындауға септiгi тиетiн басқа да пiкiрлердi жоққа шығармайды. Мысалы, Е.Хантингтон қоғамның өркениеттi және мәдениеттi дамуын айқындайтын негiзгi факторлардың iшiнен географиялық, климаттық, биологиялық, демографиялық, физиологиялық т.б. факторларды қарастырды. Әрине алғашқы адамдар отырықшы емес едi, өмiр сүру үшiн тамақ пен баспана iздеп, олар Африкадан Орталық Азияға жаяу-жалпылап келдi, одан әрi Еуропаға өтедi, бұл процесс бұдан 80000 жыл бұрын басталды.

Батыс өркениетiнiң басымдығын бiр жақты мойындаған өркениет есонизмi бiр жарым мың жыл бойы батыс қоғамының идеологиясында сайран салып жүрдi.  Бұл доминант басқа өркениеттердiң жалпы адамзат құндылығына қосылудың құралы ретiнде Батыстың жетекшi елдерiнiң сан ғасырлар бойы отарлық үстемдiгi мен отарлаудың идеологиялық негiздемесiнiң фактыларына сүйендi. Сөз жоқ, мұндай араласу «бiлектiң күшiмен, найзаның ұшымен» жүзеге асырылып, әлемнiң көптеген халықтарына қисапсыз қайғы-қасiрет әкелдi.

Сөйтiп, ғылымдағы «өркениеттi әдiснама» еуропалық гегемондықтың әлемге кең қанат жаюына күш салып, еуроцентризммен уланбаған өзге пiкiрлер мен тұжырымдардың, озат ойлы ғалымдар көзқарастарының бәрiн түгелдей мансұқ еттi.

Бұған қарамастан әртүрлi адамзат қоғамын шапшаңдату мен дамытудың жалпы табиғи-тарихи заңдарын және принциптерiн тұжырымдаған кезде «өркениет» ұғымы академиялық ғылымда барған сайын кеңiнен қолданыла бастады. Өркениет категория мен әдiснама ретiнде өз бойына бiрнеше теорияны жинақтаған; бiз солардың бiреуiн – қазақ өркениетiн талдаған кезде, менiңше, анағұрлым тұжырымды көрiнетiн жағдай теориясын қарастырайық.

Аттиланын алдында

Е. Хантингтонның «Өркениеттiң қозғаушы күштерi» атты кiтабында (Йельск университетiнде «көптеген американ профессорларымен ақылдасқаннан кейiн» жарық көрген) өркениет дегенiмiз не, оның ырғақ-қалпы мен тарихи динамикасы неден құралғаны туралы өзгеше пiкiр баяндалған.

Ежелгi адамдар қоғамының варварлықтан өркениеттi тұрмысқа көшуiнiң дәл уақытын анықтаудың күрделілігі сияқты, өркениетке дұрыс анықтама беруде сондай қиын. Жалпы еңбек бөлiнiсi жақсы дамыған, егiншiлiкке көшкен адамдар отырықшы өмiр қалпын қолданған, басқарудың белгiлi бiр түрiн орнатқан, жазу-сызуды жасап, игерген жерде өркениет көрiнiс бередi.

Бұл тезис – еуроцентризмнiң кесiрлi принципiнен туындаған заманның жалпы қатесi. Егер қазiргi еуропалық халықтар өркениеттi десек, сонда олардың ата-бабалары алғашқы егiншілер болғаны ма?! Алайда бұл тезистi еуропалық халықтардың ДНК геномын 100%-ға дейiн дәл зерттеу арқылы бүгiнде жоққа шығарған. Қазiргi еуропалықтардың бұдан 10000 жыл бұрын қоныстанған ата-бабаларының 20%-ы ғана егiншi, ал еуропада 40-50 мың жыл бұрын өмiр сүрген ата-бабаларының 80%-ы жергiлiктi аңшылар болған. Бұл болжамның растығын 2001 жылы еуропалық ғалымдардың өздерi эксперимент түрінде дәлелдеп, ғылыми факт ретiнде қабылдаған (Бұрын еуропалықтардың 80%-ы егiншiлер болған деп есептелетiн). Аңшылардың ұрпақтары көшпелiлер болған деген пiкiр ғылымда аксиома ретiнде қабылданатын.

Өркениет генезисiн зерттеу, әсiресе, оның алғашқы сатысы кезiнде қалыптасуына ықпал еткен бiрнеше факторды қарастыруды көздейдi. Олардың бiрқатары дәлелденбедi, басқалары көп уақыт бойы үлкен дау-дамай туғызды. Мысалы, нәсiлдер мен қоршаған орта факторларын қарастырайық. ХIХ ғасыр мен ХХ ғасырдың ортасына дейiн Батыс әлемiнде әлеуметтiк құбылыстарды «нәсiлдiкпен» түсiндiру кең етек алған едi. Ғылым кез келген салада, әрине, өркениеттер генезисiнiң мәселесi туралы да мұндай көзқарастың қисынсыз екенiн баяғыда-ақ дәлелдеген. Сондықтан нәсiлдiк факторларға тоқталмаймыз да, қажет ететiндерге А. Дж. Тойнбидiң еңбектерін қарауды ұсынамыз. Демек, ген туралы ғылымның соңғы жетiстiктерiнiң көрсетуiнше, бiз бәрiмiз бұдан 150000 жыл бұрын Африкада өмiр сүрген бiр анадан тарадық. Оның ұрпақтары бұдан 80000 жыл бұрын Африкадан шығып, қазiргi Йемендегi Баб-әл Мандет бұғазы ауданындағы Қызыл теңiз арқылы дүние жүзiне тараған, соның iшiнде Еуропа арқылы Орталық Азияға да жеткен. Сонымен нәсiлдiк фактордың негiзсiз екенiн ғылым дәлелдедi.

Бiздiң пiкiрiмiзше, келесi фактор – өркениеттiң қалыптасуына игі әсері тиген ең басты себеп дер едік; ол – адамдар тiршiлiгiнiң тарихи ортасы немесе әншейiн жағдай теориясы. Осыған байланысты бiз өркениеттiң негiзгi түрлерiн және нақты әрi тарихи динамикада қазақ өркениетiн олармен салыстыра қарастырамыз.

 ӨЗЕН ӨРКЕНИЕТІ

Еуразия далалары ландшафтарынының және Төменгi Нiл алқаптарының, Амудария мен Сырдария өзендерiнiң аралығында және көшпелi қоғам мен ежелгi Египет қоғамының ерекшелiктерiнiң өзара себеп-салдарлы байланыстары туралы болжам бар. Б.э.б. VIII-VII ғасырларда әлемдiк саяхатшылар солтүстiк жерлерде, Қара теңiз жағалауларында және Азов теңiзiнiң бойында бақылаған көшпелiлер өмiрi бiркелкілiгiмен және бiрқалыптылығымен ерекшеленген, бұл, әрине, реликт қоғамдардың өмiрiне және бiздiң қазiргi кезiмiзге тән сияқты. Олардың Орталық Азияда және Амудария мен Сырдария аралығында өмiр сүрген скифтер мен сақтарды көрмеуi мүмкiн емес. Еуразия далаларындағы  көшпендiлердiң тiршiлiгi өзiнше үзiлiссiз болған сияқты, олар бұрыннан қала салған, суландыру каналдарын қазған, астрономия мен математика негiздерiн бiлген. Сондықтан бiртұтас мәселенiң жекелеген бөлшектерiн салыстырмай, бiр-бiрiнен тәуелсiз өмiр сүретiн әр түрлi жүйелер мен тұтас қоғамды салыстыру керек. Тең жағдайда пайда болған ұқсас қоғамдар ғана адамдар тұратын өзен аймағының мысалында өркениеттер генезисiнiң жағдай теориясын шынайы түрде дәлелдей алуы мүмкiн.

Кол коюОрталық Азия мен оның маңайын қоса отырып, Еуразия даласын бiртұтас ретiнде қабылдау арқылы бiз, бiрiншiден, мекендеу жағдайы онымен өте ұқсас аумақты қатар қоя аламыз. Бұл аумақ Парсы шығанағының батыс жағалауынан бастап Атлант мұхитының шығыс жағалауына дейiн және Иран таулы өлкесiнiң, Анатолияның, Сирия мен Солтүстiк-батыс Африканың оңтүстiк жағынан бастап, Йемен қарағы мен Биссинияның Солтүстiк жағына және Тропикалық Африканың терiскей орманды аймағына дейiн созылып жатыр. Бұл даланы одан әрi тәуелсiз бiртұтас ретiнде қарастыру үшiн «Афразия даласы» деп атаймыз. Ал ендi шешушi сұрақты қоямыз: Еуразия мен Афразия далаларының географиялық жағдайларының ұқсастығы осы аумақтарда пайда болған адамдар қоғамдарымен ұқсас деп баяндауға бола ма? Мақұлдаған жауап аламыз. Екi аймаққа да жағдай теориясында айтылғандай номадизм тән. Бiздiң ата-бабаларымыз үйренген еуразиялық және африкалық үй жануарын салыстырған кезде бұл әсiресе айқын байқалады. Екi қоғамда түйенi үйреткен (бұл жануар жабайы түрiнде сақтала алмайды). Еуразия даласында үйретiлген Бактрия түйесi мен Афразия даласында үйретiлген араб түйесi әр түрлi тұқымнан тараған, бұл қолға үйретуде жеткен екi жетiстiктiң бiр-бiрiнен тәуелсiз түрде болғанын дәлелдейдi. Екi қоғам да номадизмге дейiн аңшылардың ұрпақтары және ежелгi өзен өркениетiнiң алғашқы өнегесi едi, екеуi де теңiз және өзеннiң сыйын, жабайы аңдар мен құстардың етiн пайдаланды. Әрине, айырмашылықтары да баршылық. Еуразия далаларында номадизм әскери демократияның элементтерiмен бiрге қуатты әскери күш ретiнде пайдаланылды. Екiншi жағынан, еуразиялық көшпендiлердiң мал табындары көбiнесе жылқы мен мүйiздi iрi қарадан, ал афразиялық көшпендiлердiкi қой мен ешкiден құралды, өйткенi Африка жағдайында кең де мол жайылымдар жоқ болды, бiрақ екеуi де түйе мен жылқыны көлiк құралы ретiнде пайдаланды.

Ұлы өзендер аңғарындағы тайпалардың тiршiлiгiн талдау өзен өркениетiнiң негiзiнен номандық қоғам мен егiншiлiктi дамытатынын көрсетедi. Шынында, жансыз табиғатты игергеннен гөрi, жануарларды қолға үйрету адамға қиынырақ болған. Жануарларды қолға үйрету – табандылықты, ақыл-ойды көбiрек талап ететiн анағұрлым жоғары өнер.

Төменгi Нiлдiң алқабы Афразиялық далалардың жалпы жүйесiмен табиғи түрде үйлеседi, Египеттiң климаты да маңайындағы жердегiдей, сәл ғана ерекшелiгi – ұлы өзен алқапты сумен барынша қамтамасыз етiп, сумен бiрге келген тұнба топырақты құнарландырып отырады. Египет өркениетiн жасаушылар бұл факторларды бұрын да бiлген және олардың потенциалдық мүмкiндiктерiн тиімді түрде пайдаланып келген. Олардың қоғамы көшпелi Афразия даласымен орасан зор қарама-қайшылықта болған. Мысалы, Египеттегi Нiл жасаған табиғи ортаның болуы Египет өркениетiнiң пайда болуына игiлiктi әсер еткен жоқ па деген сұрақ туындайды. Мұндай тезистi мақұлдау немесе терiске шығару үшiн осыған ұқсас ортасы бар басқа да тәуелсiз аумақтарда «өзен» өркениетiнiң шығуы мүмкiн екенiн дәлелдеу қажет. Көршi аумаққа – Тигр мен Ефраттың төменгi алқабына оралайық. Мұнда да жағдай негiзiнен сондай: Афразия даласы, құрғақ климат, сумен жеткiлiктi қамтамасыз етiлген және берекелi тұнба қабаты бар. Бiз осының бәрiн салыстырып, мұнда да сондай «өзен» өркениетi – бiршама Египет мәдениетi сияқты шумер өркениетi пайда болған деп айта аламыз.

Амудария мен Сырдария өзендерiнiң аңғарларындағы тайпалардың тiршiлiгiнде де осындай өзгерiстер туындап, үшiншi өзен өркениетiнiң – арийлер, сақтар өркениетiнiң отанына айналды.

Нiл мәдениетiне ұқсас мысалдардың кемiнде бес-алты түрiн табуға болады, бiрақ солардың төртеуi ғана – «өзен» типiндегi өркениет. «Мұндай ортадағы египеттiк және шумерлiк мәдениет генезисi, расында, қағидадан гөрi – ерекшелiк. Демек, жағдай факторы бұл екi мәдениеттiң пайда болуына себепшi болған игi фактор ретiнде қарастырылмауы мүмкiн емес» деген А. Дж. Тойнбидiң бұл пiкiрiмен келiспеу қиын. Орта Азиядан басқа (Амудария мен Сырдария өзендерiнiң аралығы), Едiл мен Орал өзендерiнiң сағасы төртiншi өзен өркениетiнiң жарқын мысалы бола алады. Ертеде және б.э. Х ғасырына дейiн Каспий теңiзiнiң деңгейi қазiргi деңгейiнен 14-15 метр төмен болған.Ол кезде Едiл мен Оралдың сағасында киммерийлер, скифтер, сарматтар тұрған. Сақтар-сарматтар III ғасырда ғұндардың қуғынына ұшыраған. IV ғасырдан мұнда хазарлар пайда болды, олар мүлде басқа сипаттағы халық – балықшылар мен егiншiлер едi. Халықтың таңдаған өркениеті оның тұрып жатқан географиялық ортасына да байланысты болуы табиғи шарт болып есептеледі де, бұл өркениеттер теориясындағы табиғи ортаға байланысты деп аталады. Бiрақ оларда жауынгерлер және мәдениетi жақсы дамыған адамдар болды. Олар ғұндар конфедерациясының құрамына ендi немесе Аттила империясы құлағаннан кейiн ғұндардың өздерi Хазар мемлекетiн құрды. Қалай десек те, Хазарлар шығыстан келген. Әрине, бұл мәселе нақтылауды қажет етедi. Хазарлар – мемлекеттiң атауы, ал адамдар өздерiн қаса, қасақтар, казактар деп атаған, сөйтiп олар Каспий ойпатының маңында өзен өркениетiн жасады. Алайда, өзен өркениетi бұған дейiн де Орталық Азияда бар едi. Есте жоқ ерте заманнан бастап мұнда кеме жасаған, балық аулап, оны жасанды түрде қолдан өсiрген. Бұл туралы нақты деректер жетерлік.

Ежелгi қазақтардың өзен өркениетiнiң негiзiн қаңлылар салған, бұл жөнiнде Авестада айтылған.Қаңлыны Қазақстанда өзен өркениетi жақсы дамыған ежелгi iрi мемлекеттердiң бiрiне жатқызу артық емес. Шымкент маңындағы Шәуiлдiрде кеменiң қалдығы табылған, ғалымдардың пiкiрiнше, оған шамамен 2000 жыл болған.

Ертедегi қазақтардың өзен өркениетiн жасаған екiншi iрi этносы – оғыздар. «Оғыз» сөзi ежелгi түркi тiлiнде уғуз  өзен,  су адамы немесе үлкен су дегендi бiлдiредi. Орталық Азияда қуатты империялар құрған оғыздар -ғұздар мен қаңлылар, Еуразияда хазарлар алғашқы кезде өзен өркениетiне арқа сүйедi. Ежелгi қазақтардың өзен өркениетi туралы болжамды бiрiншi рет кезінде біз ұсынған едік. Оны тақырыпқа қызығушылар авторлық кітаптардан таба алады.

 ЕГІНШІЛІК ӨРКЕНИЕТ

Егіншілік өркениеттің заманында маңызды болғаны сонша, Еуропа халықтарының, орыс, түрік пен өзбек тілдерінде мәдениетті культура десе, ол латын тілінде культура – өсімдіктердің тұқымы деген мағынаны береді. Қазақтардың, ертедегi түркiлердiң егiншiлiк мәдениетi айтарлықтай жоғары деңгейде дамыды.

Қаңлы (Авестадағы кангюй дегенге ұқсас) термин ретiнде ирандағы «қан» түбiрiмен негiздес, өзбек пен тәжiкте «қан» – канал, мүмкiн «арықтар елi» дегендi бiлдiрер, әлде «ағындар елi» дегенi ме немесе ежелгi түрiкше «қан ел». Қан – Сырдарияның ертедегi атауларының бiрi, демек, қанғарлар-кеңгерлер елiн Сырдария, Амудария және басқа өзендердiң сағаларына, тоғандар мен каналдар маңында орналастыруға  болады. Қаңлылар жасаған суландыру жүйесiнің адамзат, әлемдiк өркениет үшiн аса зор маңызы болды, сондықтан үлкен арықтарды солардың құрметiне «каналдар» деп атады (С.П.Толстов), бұл «қан ел – канал» деген сөз. Қазақтар тұрған аумақтағы отырықшы өркениет К. Байпаков, У. Шәлекеновтер тарапынан жақсы зерттелген. «Хұқықсыз әрi қорғансыз, ондаған алым-салықпен және борышпен шырмалған, әр түрлi санаттағы қаржы шенеунiктерi мен жер иеленушiлердiң тонау жүйесiне ұшыраған отырықшы диқанның өлмешi күнiн көргеннен гөрi, көшiп жүргенi пайдалырақ едi…» (И.П.Петрушевский. «ХVI-ХIХ ғасырдың басындағы Әзiрбайжан мен Армениядағы феодалдық қатынастар тарихының очерктерi»). Сондықтан қазақтар отырықшылық пен егiншiлiкке тым асықпай, шағын топтармен бай да қуатты көшпенді өмірін тастамаған.

КӨШПЕНДIЛЕР ӨРКЕНИЕТІ

Митохондриясы ДНК зерттеушiлерi мен археологтардың мәлiметтерi көрсеткендей, алғашқы адамдар әуелi терушiлiкпен, балық аулаумен, аңшылықпен шұғылданып, содан кейiн ғана егiншiлiкке көшкен. Каспий маңындағы далада егiншiлiктi аң аулау толықтырды, бұл шаруашылық тiршiлiктiң екi формасы ұзақ уақыт бойы бiрге болды. Бiрақ адамдар сонымен бiрге су тоғандары мен өзендердiң пайдасын және артықшылықтарын да пайдаланып, тiршiлiк еттi.

А. Дж.Тойнбидiң жазуынша, Еуразиядағы аңшы адам қуаңшылыққа ұшырады да, оны диқаншылықпен шұғылдануына итермеледi, ал екiншi қуаңшылықта аң аулауды қосымша кәсiп ретiнде пайдаланған егiншiлер мен малшылар ұшырасты. Еуразиялықтар сапалы секiрiс жасап, олар көшпелi мал шаруашылығына ауысты. Өмiрдiң көрсеткенiндей, көшпелi өмiр қалпына көшу климаттың нашарлауына берiлген жауап едi және ол бұл аймақтағы ежелгi халықтардың сақталып қалуына себiн тигiздi.

Бiздiң бұған қосарымыз: номадизмнiң пайда болуы тек табиғи  катаклизмаға ғана емес, сондай-ақ адамдардың сана-сезiмiнiң өсуiне, өздерiн сол кездегi табиғи дүниенiң интеллектуалды шыңында тұрғанын түсiнгенiне де байланысты едi. Бәлкiм, адам көптеген жабайы аңдарды қолға үйретiп, үйде ұстап, табиғи катаклизм жағдайында қажеттi тағам қорымен өзгеше сақтандыру жасауды, мүмкiн, сапалы түрде, мүмкiн, кездейсоқ түрiнде пайдаланған шығар.

Көшпелi өркениеттi егiншiлiк мәдениетiмен салыстыра келiп, А. Дж. Тойнби номадизмнiң көп артықшылықтары барын ескертедi.

Жануарларды қолға үйрету өсiмдiктердi үйде өсiргенге қарағанда өте үлкен өнер еді, өйткенi бұл адамның ақыл-ойы мен жiгерiнiң ырыққа көне бермейтiн материалды жеңуiнiң белгiсi болатын. Басқаша айтқанда, бақташы – егiншiге қарағанда асқан шебер, бұл пiкiр атақты сириялық мифологияда көрiнiс тапқан: Адам ата өз әйелi Хауа ананы түсiндi, ол жүктi болды да, Қабылды туған соң: «мен Тәңiрiмнен пенденi таптым» дедi. Одан кейiн оның iнiсi Абылды туды. Абыл қой бақты, Қабыл диқан болды. Бiраз уақыт өткеннен соң, Қабыл жерден алған сыйлығын Тәңiрге әкелдi, Абыл да табынның бiрiншi төлiн әкелдi, оларға қарап тұрып, Тәңiр Абылға және оның сыйына көз қырын салды, ал Қабылдың өзiне де, оның сыйлығын да көзге iлмедi.

Жануарларды қолға үйретуде жеткен ең жоғары жетiстiк салт атта жүрумен байланысты болды, мұны б.э.б. пайда болған кентаврлар – адам-жылқылар жөнiндегi аңыздар дәлелдейдi. Содан берi көшпендiлердi салт атпен жүрудi игерген халықтар деп санайды. Жылқылы-көшпелi өркениет туралы идеяны бiздiң ғалымымыз М.Әуезов та ұсынған.

Орыс ғалымы Л. Н. Гумилев былай дейдi: «Көшпелiлер мәдениетi өзiнiң 3000 жылдық өмiрі iшiнде Жерорта теңiзi мен Шығыс өлкесiнiң халықтарымен салыстырғанда, шығармашылық эволюцияны бастан кешiрдi». Оның пiкiрi бойынша, көшпелiлер әлемдiк өркениетке қомақты үлес қосты. Қазақ өркениетiнiң қайнар көзi Ұлы даладан бiрте-бiрте Мессопотамияға қоныс аударып, Шумер мемелекетiн құрған арийлер заманынан басталса керек.

Дала өркениеті Қазақстанның археолог-ғалымдары Ә. Марғұлан, К. Ақышев, К. Байпақов көшпелi өркениет ұғымын жиi қолданады. Көшпелiлер қоғамы терминi негiзiнде С. Толыбеков пен Д. Кiшiбековтердiң пiкiрлерiнде көбiрек қолданылады. Соңғы жылдары К. Байпақов пен М. Қозыбаев Еуразия сахарасында көшпелiлер өркениетiнiң орнына дала өркениетi ұғымын қолдану дұрыс деп санады.

Көшпенділердің мәдениетінің қаншама заман өтсе де сол баяғы бәз қалпында біздің уақытымызға дейін жетіп қана қоймай, дәстүрінің, тәрбиелік маңызының сақталуына таң қалған Еуропа (Франция) ғалымдары Делез бен Гваттари көшпенділер теориясын дамытып, ғылымға номадология теориясы деп енгізген. Олар осы жұмыстарында көшпендіні тегіс жазықтыққа (далаға) орналастырып, қолдарын бос қойған. Атқа отырған көшпенді өз жазықтығында емін-еркін қалаған жағына қарай қозғалған. Қазақ көшпенділері жолында ұнаған жерлерге белгі қойып, бәйтерек отырғызып, дың тұрғызып (моңғолдар оба тұрғызған), қала салған. Сөйтіп, көшпенділер өркениетін қалалық мәдениетпен біріктірген яғни дала өркениетін құрған қазақтар ғана екені номадология теориясынан шығып тұр. Қазақтардың даналылығы қалалық және көшпенділік өркениеттерді біріктіре білуінде. Делез бен Гваттари теорияларының жемісі осында жатыр.

Қазақстандағы археологиялық ескерткiштердi зерттеу негiзiнде әр түрлi мәдениет дәстүрлерiнiң өзара қарым-қатынас процестерi айқын көрiнiс тапқан. Орталық Азия мен Еуразия аумағы тарихи-мәдени синтез орталықтарының бiрi болған. Көшпелi және отырықшы халықтың өзара байланысының мәнi мен мазмұнына көз жүгiрткен, әр түрлi тайпалар мен халықтардың мәдениеттерiнiң өзара кiрiгуi мен бiрiн-бiрi байытуы әлемдiк процестiң даңғыл жолы болған тәрізді. Мұндай синтездiң негiзiнде шекаралас өркениеттер мен Қазақстан халықтары мәдениетiнiң көптеген жетiстiктері жатады. Синтездiң мұндай мысалдары көп.

К. М. Байпақовтың пiкiрiнше, «көшпелi мәдениет», «көшпелi өркениет» терминдерi онша сәттi емес. «Дала мәдениетi мен өркениетi» туралы айтсақ, дұрыс болар едi, бұл тек көшiп-қонуды емес, отырықшылықты, тек мал шаруашылығын емес, егiншiлiк пен қала тiршiлiгiн де бiлдiрер едi. Сақтардың, үйсiндердiң, түркiлердiң, қазақтардың тек номадтар ғана болмағаны дәлелденген. Өйткенi «тек қана номадизм» деп жүргенiмiз Қазақстанның бос жатқан жерлерi туралы, көшпелiлер мәдениетiнiң құбылмалылығы туралы пiкiрлерге «ой тастайды». Номадизм дегенiмiз Қазақстанның дала шаруашылығының, тiршiлiгi мен тұрмысының бiр ғана бөлшегi, бiрегей дала өркениетiнiң өзiндiк бiр бөлiгi ғана. Бұл пiкiрдi М. Қ. Қозыбаев та қолдаған. Қалай десек те, көшпелiлiк әлеуметтiк артықшылық деп саналған. Үнемi қозғалыста жүру номад үшiн тек шаруашылық шара ғана емес, тiршiлiкте болған. Көшiп-қонғанда адамдар өмiрге келген, есейiп кәмелетке толған, ержеткен, некелескен, той тойлаған, демалған, дүниенi таныған, қаза болған… Дер кезiнде жүрiп-тұрмау шаруашылыққа залал әкеледi, рудың жарлығының белгiсi деп санаған. «Аштан өлiп, көштен қалуды» үлкен әлеуметтiк сор, аштық пен күйзелiс сияқты апат деген. Сондықтан көш аса бай, салтанатты болған.

Жаһандану заманында жаңа көшпенділер пайда болды, олар – «туристер». Туристер қайда барса да жат халық, соған қарамастан, оларды әлбетте жылы шыраймен қарсы алады. Қазіргі заманда тек қана, осы жаңа көшпенділер – туристерден түсетін табысқа қарап қалған ұсақ мемлекеттер көп.

(Басы, жалғасы келесі санда)

www.dalanews.k

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз