Бразилиялықтар қатаң үнемдеу тәртібінде өмір сүреді

0
49
Бразилия президенті Дилма Русеф қатаң үнемдеу шараларын енгізе бастады. Оңтүстікамерикалық елдің басшысы дағдарысқа қарсы бұл бағдарламаның қашанға дейін созылатынын нақты айта алмай отыр. Мемлекет тарапынан қолдау азайған сайын халықтың наразылығы үдеп барады. Русеф болса тұрғындарды сабырға шақыруда. Бразилия президенті Дилма Русеф жария еткен қатаң үнемдеу шарасының бірінші кезеңінде мемлекеттік шығындар қысқартылды. Енді екінші кезеңнің аясында көмек қаржы мен салық жеңілдіктеріне тұсау салынбақ. Мемлекет басшысы бұл қиыншылықтарға – елдегі үлкен құрғақшылық пен әлемдік дағдарыс себеп дейді. Дилма Русеф, Бразилия президенті: – Біз ең тұрақты деген экономикалардың өзін есеңгіретіп тастаған әлемдік дағдарыспен ғана емес, сондай-ақ ең ірі құрғақшылықпен де күресуіміз керек. Қуаңшылықтың кесірінен қуат көзі мен азық-түлік бағасы көтерілді. Мен сіздерден сабыр сақтап, түсінушілікпен қарауларыңызды сұраймын, бізде осы қиын жағдайдан шығудың барлық мүмкіндігі бар. Сенат Русефтің еңбекақыдан алынатын салықты көтеру туралы жарлығын қабылдамай тастады. Қарапайым халықтың арасында да Бразилияның қазіргі президентінің бастамасына наразы адамдар көп. Луиз Густаво Оливейра, зейнеткер: – «Сабыр сақта» дегенді мені мазақтау үшін айтып тұрсың ба? Құрып кетсін! Осылай деп тұрғанымды кешіріңіз, бірақ шындығы осы. Мария Лусиа Диас, техник: – Русеф сөйлеп жатқанда теледидарды өшіріп тастадым. Уақытымды құр босқа жұмсағым келмейді. Айта кетейік, Бразилияның сыртқы қарызы тарихи рекордты межеге жетті. Қазір бұл елдің берешегі – 250 миллиард доллар. Ал ақпан айындағы инфляция деңгейі 7,5%-ға жуықтаған. Бұл – соңғы 12 жылдағы ең жоғарғы көрсеткіш. Авторлары: Ернат Қашқынов, Әсет Толыбаев

Источник: http://www.24.kz

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз