Британдық археологтар Лондон орталығынан 3000-дай адамның сүйегін тапты. Олар осыдан 4 ғасыр уақыт бұрын өмір сүрген деген болжам бар. Қаланың қақ ортасындағы қабір Ливерпуль-стрит көшесінде жаңа метро жолы салынып жатқан жерден шыққан. 40 метр тереңдіктегі қаңқаларды қазір ғалымдар зерттеп жатыр. Мамандардың пайымдауынша, бұл оба індетінен қаза тапқандардың денесі болуы әбден мүмкін. Өйткені XVI-XVII ғасырларда Лондонның әрбір бесінші тұрғыны қатерлі дерттен айыға алмай, ажал тырнағына ілінген болатын. Джей Карвер, жетекші археолог: – XVI ғасырда бұл өңірде алғашқы муниципалдық қорым болған. Зұлмат жылдары қала аймағындағы зиратқа адам сыймаған соң, осы жерден жаңасын ашқан. Себебі XVI-XVII ғасырларда Лондон тұрғындарының саны күрт көбейген еді. Оған қоса, қауіпті індет талай адамның өмірін қиды. Бір қызығы, археологтар Рим империясы кезіндегі ежелгі керамикалық бұйымдар мен тұрмыстық заттарды тауып алған көрінеді. Бұлардың барлығын зерттеуге бірнеше ай уақыт кетеді дейді олар. Сол себепті Лондонның шығысы мен батысын жалғастырар метро жолының құрылысы енді кемі қыркүйек айына дейін тоқтамақ.Источник: http://24.kz