Алайда дәрігерлер олардың төртеуінің сырқаты вакцинадан емес деп отыр. Ал оқушылардың ата-аналары екпеден зардап шеккен балаларын ауруханаға жатқыза алмай қиналдық деп шағымданды. 10-шы сынып оқушысы Айман Асқардың ауруханаға жатқызылғанына үшінші күн. Ыстығы көтеріліп, мазасы қашқан жасөспірім «дәрігерлердің қарауына әрең жеттім», – дейді.
Айтуынша, ақ халаттылар ауруханаға портал арқылы келуін талап етіпті. Ақырында түн ортасында денсаулығы күрт нашарлағаннан соң, ата-анасы ауруханаға арпалысып жүріп жатқызыпты.
«Түнгі бір жарымда түстік ауруханаға. Бірақ ертесіне он екі, бірге таман қарап, тек сол кезде УЗИ-ға апарды. Мен үшін қызымның амандығы маңызды. Бір емес, бәрі сапырылысып жүр, біреуі қарамағанына ызам келді», – дейді ата-ана Наргиза Төлентаева.
Тағы бес оқушының мазасы қашып, дәрігерлерге көрінген. Ыстығы мен қан қысымы көтеріліп, бойларын әлсіздік басыпты. Екпе салынғаннан кейін сырқаты сыр берген олар да ауруханаға бірден жатқызбады деп налиды.
«19-на салғаннан кейін мен 25-не келіп осы жерге жаттым. Қазір емделіп жатырмын. 11-ші күн болды жатқаныма. Жағдайым жақсы қазір. Басым қатты ауруған соң жатқызды», – деді 11-сынып оқушысы.
Ал аурухана басшысы дәрігерлердің науқастарға ден қоймауы мүмкін емес деп ақталды. «Алғашында екпеден кейін 6 оқушының көмекке жүгінгені рас, бірақ оның төртеуіне тиісті тексеру жүргізілгеннен соң үйіне қайтарылды» деп отыр.
«Бізде бәрі жағдайды мен өзім жеке қадағалауыма алып отырғам. Алтауын да көргем. Үш-төртеуі қайтып кеткен. Біреуінде хабар бергенбіз, ол санавиация келіп, диагнозды алып тастады. Оған ешқандай вакцина байланысты емес», – дейді Қазығұрт аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері Жайлаухан Қарабеков.
Ауруханада жатқан екі жасөспірім қыз да «Болашақ» мектеп гимназиясының шәкірттері. Мұнда 250 балаға екпе салынуы керек еді. Соның 227-сі вакцина қабылдап үлгеріпті.
Қалған 23 оқушыға келгенде, арнайы бұйрықпен бұл науқан тоқтатылған. Өйткені екпе салынған алғашқы күннен кейін біраз оқушының мазасы мәз болмапты.
«Бірінші күні емес, екінші күні 3-4 оқушымыздың бас айналуы белгілері болды. Оған өзіміздің мектептегі медбикелер көмектесіп, оқушыларымыз бір-екі күннен кейін сабаққа келді. Үйінде демалуға рұқсат бердік басы айналғандықтан», – дейді «Болашақ» мектеп-гимназиясының директоры Жанат Нұрқұл.
Өздері осылай айтып тұрса да, мектеп әкімшілігі шәкірттердің денсаулығындағы ауытқуды екпемен еш байланыстырмайды. Тіпті, тіркеу журналындағы оқушылардың денсаулық жағдайында серпіліс, яғни ауытқу жоқ деп белгілеп қойыпты.