
Наурыз бел ортасына жақындағанда қыс қаһарына қайта мініп, еліміздің бірнеше аймағы қалың қар мен ақтүтек боранның астында қалды.Қарағанды облысында жолда қалып қойған көліктерден 103 адам құтқарылса, Павлодар облысындағы көз аштырмас боранда отыз адам адасып қала жаздады. Араларында балалар да бар деп хабарлайды КТК арнасы.
Олар ескертпелерге мән бермей жолға шыққан екен. Баянауыл ауданына жеткенде көліктері омбы қарға батыпты. Қар құрсауында қалған 10 шақты жеңіл машинаны құтқарушылар аршып алды.
Осы ауа райының қолайсыздығынан түнде Қызылорда-Павлодар тас жолы жабылды. Еліміздің орталық аймағы – Қарағанды облысында да қалың қар жауып, арты боранға ұласқан.
Қазір Астана мен Қостанайға қатынайтын жолдарда көлік қозғалысына шектеу қойылған. Облыс аумағындағы барлық жолдарында кешелі бері құтқарушылар тыным көрмей, жүзден аса адамды құтқарды.
Еліміздің солтүстігінде өткен тәулікте ғана қардың бір айлық нормасы жауған. Соның салдарынан қаланың коммуналдық қызметтеріне біраз қиындық тууда деп хабаралайды 31 арна.
Түнгі уақытта боран мен қатты желдің кесірінен облыстағы барлық бағыттарға жолдар жабылған. Өңірдегі бір тәулік ішінде түскен қардың мөлшері кей жерлерде тіпті, 10 см-ге дейін жетіпті.
Ал күн райын бақылап отырған синоптиктер Қазақстанның басым бөлігінде ауа райының әлі де суытатынын айтады. Қар борап, желдің екпіні секундына 25 метрге дейін жетуі ықтимал дейді, мамандар.
«Осындай ауа — райы наурыздың соңына дейін сақталады. Қар жауып, жел соғады, тұман көктайғақ болады. Желдің жылдамдығы 15 метрге жетеді», — дейді синоптик Гүлмира Садинов
Қазір республикалық маңызы бар тас жолдар ақ қардан аршылып жатыр.
По сообщению сайта Nur.kz