Қазақстандағы ең үздік ауруханалар анықталды

0
30

Сарапшылар еліміздегі барлығы 94 көпбейінді стационарға баға берген, оның 15-і – облыстық, 49-ы – қалалық, 15-і – өңірлердегі мамандандырылған балалар ауруханасы және тағы 15-і – қалалардағы балалар стационары.

Медицина ұйымдары өлім-жітім көрсеткіші, медициналық көмек сапасы, пациенттердің көрсетілетін қызметтерге қанағаттануы сияқты белгіленген өлшемдер бойынша бағаланды. Бағалаудың нәтижесі бойынша ересектерге арналған облыстық көпбейінді стационарлар арасында бірінші орынға Қызылордадағы облыстық медицина орталығы, екінші орынға Қостанай облыстық ауруханасы және үшінші орынға Атыраудағы облыстық стационар ие болды. Ең соңғы орында – Жамбыл облыстық ауруханасы.

Ересектерге арналған қалалық көпбейінді стационарлар рейтингінде алғашқы орынды Астанадағы №1 қалалық аурухана иеленді, екінші орында – Қостанай қалалық ауруханасы, үшінші орында – Рудный қалалық ауруханасы. «Бұл тізімнің ең соңында Алматы облысы Текелі қаласындағы стационар тұр», – делінген орталықтың хабарламасында.

Балаларға арналған облыстық көпбейінді стационарлар рейтингінде Маңғыстау облыстық балалар ауруханасы көш бастады. Екінші орын Батыс Қазақстан облысының көпбейінді балалар ауруханасына, үшінші орын Қарағанды облысының балалар ауруханасына тиді. Соңғы орында – Алматы өңірлік клиникалық балалар ауруханасы.

Теміртау балалар ауруханасы балаларға арналған ең үздік қалалық көпбейінді стационар атанды. Алматыдағы №2 балалар ауруханасы мен Шымкенттегі №1 балалар ауруханасы екінші және үшінші орындарды иеленді. Қарағандыдағы балалар ауруханасы соңғы орыннан көрінді.

«Денсаулық сақтауды дамыту республикалық орталығы медицина ұйымдарын бағалауды жыл сайын жүргізіп отырады. Мұндай бағалаудың негізгі мақсаты: республика халқына медицина ұйымдарын еркін таңдау мүмкіндігін ұсыну және жергілікті жерлердегі менеджменттің жай-күйін анықтау», – делінген орталықтың баспасөз парағында.

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз