Елбасы: Сайлау елді бірлікке шақыра түсу үшін керек

0
626

Nazarbaev

Бүгінгі қоғамдағы аса маңызды мәселе Президент сайлауы. Саяси науқанның еліміз үшін орны ерекше, бұған өңірдегі жұртшылық тарапынан белсенділік те жаман емес. Дегенмен, маңызды саяси оқиғаға деген жалпақ жұртшылықтың көзқарасы қандай? Кешегі Астанада өткен «Нұр Отан» партиясының кезекті XVI съезі барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев сайлау мәселесіне де назар бұрып, өз пікірін де жеткізген болатын.

Шындығында, Президент сайлауы Қазақстан үшін тағы бір тағдырлы тарихи науқан. Ал ондай науқаннан не ұтамыз? Бұған қатысты Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев былай деп айтып қалды: «Қазақ елі бір орында табандап тұрып қалмай, алға жылжуы керек. Тоқтап қалуға болмайды. Тоқтап қалған су бұзылады, бір орында табандасақ, арттағылар озып кетеді. Қазақстан халқы Ассамблеясының кезектен тыс президенттік сайлау өткізу туралы бастамасы халық тарапынан қызу қолдау тапқанын біліп отырсыздар. Санаулы күнде маған осы мәселе жөнінде мыңдаған хаттар келіп түсті. Құзырлы органдар бұл бастаманы ел заңнамасына сәйкес деп тапты. Сонымен, 26 сәуірде кезектен тыс Президент сайлауын өткізу туралы Жарлығым осыған жауап болды. Бұны Отанымызда бейбітшілік пен келісімді нығайтуға, біздің бағытымызды жалғастыруға деген жалпыхалықтық ұмтылыс пен дәлел деп білуіміз керек», – дейді Елбасы.

Сосын Мемлекет басшысы саяси мәдениеті болмаған елдегі сайлаудың салдарына да тоқталған болатын. Шындығында, ондай теріс саяси салдарға мысал да аз емес, тіпті мұны бірқатар мемлекеттің қазіргі ахуалынан бағамдауға болады. Осыны алға тартқан Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы өз пікірін былай ұштайды: «Соңғы жылдары кейбір елдердің азаматтары еңбек етуді ұмыта бастағандай. Наразылық шерулері «сәнге» айнала бастады. Адамдар митингіге шығуға күнделікті жұмысқа барғандай асығатын болды. Себебі, сол үшін оларға арандатушылар жалақы төлейтін болды, күн сайын. Осының салдарынан сайлау жұртты біріктіретін емес, бауырларды бөлетін, ағайынды араздастырып, бір-біріне қару кезендіретін болды. Көшедегі қарабайыр саясатшылық пен тек «сайлаудан-сайлауға» дейін өмір сүру ақылды елдің жолы емес. Елге қызмет ету үшін емес, мансап үшін билікке ұмтылу абырой әпермейді. Мұны бәріміз де көріп жүрміз», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Осы ретте Елбасы ұлы Абайдың үшінші қара сөзінде айтылғанды еске түсіріп өтті.

«Абай үшінші қара сөзінде былай дейді: Үш жылға болыс сайланады. Әуелгі жылы «сені біз сайламадық па?» деп елдің бұлданғанына жауап берумен күні өтеді. Екінші жылы кандидатпен, келесі кандидатпен аңдысып күні өтеді. Үшінші жылы «тағы да болыс болып қалуға мүмкіндік болар ма екен?» деумен күні өтеді. Абай «сонда несі қалды?» дейді. Қандай шындық! Жүз жыл бұрын айтылып кеткен шындық – бұл», – деді Мемлекет басшысы.  Елбасының пайымынша, сайлау құр әншейін сайлау өткізу үшін емес, елді бірлікке шақырып, жұртты еңбекке ұйыту үшін болса сол ғанибет.

Ал мемлекет және қоғам қайраткері, академик Кенжеғали Сағадиевтың пайымынша,  әлемдік алмағайыптар заманында Қазақстанға да төнуі ықтимал қауіптердің алдын алып, бетін қайтару тұрғысынан сайлау науқаны дер уақытында қамтылып отыр.

«Нұрсұлтан Назарбаев сан сынақтардан абыроймен өткен Елбасы. Оның басшылығымен Қазақ елі талай асулардан асты, бұл бабалар бұрын жүрмеген соқпағы көп жол еді. Оның қиындықтары да болды. Бірақ, Елбасы осының бәрінен жол тауып, қазіргі қиындықтарды де кезінде сезіп, көріп отыр. Оның айғағы «Нұрлы жол-болашаққа бастар жол» атты Жаңа экономикалық саясат. Ол кең байтақ елді мекендеріміздің бір-бірімен байланысын нығайтып, халқымызға жаңа тыныс-тіршілік әкелетін саясат. Ол жұмыссыздықпен күресуге құрал болу саясаты. Ең бастысы, біздер бұрынғыдай тек мұнайға ғана иек артуды қойып, экономиканың жаңа қырлары мен мүмкіндіктеріне басымдық береміз. Сын сағатында табылған ұтқыр шешім. Осыны орындаудың  маңызы зор. Біздерге құрғақ сөз, жайдақ ұран емес, нақты іс керек. Оның нәтижесін халық көруі керек. Сонда ғана «Нұрлы жол» біздерді жаңа белестерге шығара білген береке жолы деп айтамыз», – дейді Кенжеғали Сағадиев.

Оның айтуынша, Елбасының сындарлы саясаты арқасында Қазақстан халқы ынтымақты түрде тіршілік етіп жатыр, Қазақ елі ешкіммен дауласпай, алыс-жақын елдермен тату көршілікті ту ете білді. «Ал мұның бәрі Нұрсұлтан Назарбаевты Қазақстан Президенттігіне бірден-бір лайық қайраткер екенін айғақтайды. Елін соңына ертіп, халықтың асқақ арманын үкілеген Елбасы – Нұрсұлтан Әбішұлы болсын, қолдап ел тізгінін қолына ұстатайық, сәттілік тілейік», – деді академик.

http://qamshy.kz

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз