Мемлекет басшысының жарлығымен тағайындалған кезектен тыс президент сайлауына бір айдан астам уақыт қалды. Жаппай науқан басталмағанымен, әзірше бар салмақ Орталық сайлау комиссиясына түсіп тұр деп жазады Алаш айнасы.
Кезектен тыс сайлауға екі партиядан басқа, ешкім өз кандидатын ұсынған жоқ. Үміткерлердің дені – өзін-өзі ұсынғандар. Неге?
Сайлау аясындағы қызу жұмыс президенттікке кандидаттардың мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтайтын комиссияда болып тұр. Өз бетінше өтініш бергендердің басым бөлігі де осы комиссияның сынынан өтпеді.
Соның ішінде өткен жолғы үміткер Уәлихан Қайсаров та бар, әрі ол бұл жолы да тіл емтиханынан сүрінді. Осыған байланысты президенттікке үміткерлердің мемлекеттік тілді еркін меңгергенін анықтайтын лингвистикалық комиссия қандай талаптарға жүгінеді деген сауал біраз жұртты қызықтырған.
«Алаш айнасы» порталына сұхбат берген комиссия төрағасы Мырзатай Жолдасбеков осы жайында кеңінен әңгімелеп берген.
Мырзатай Жолдасбеков, лингвистикалық комиссия төрағасы:
– Жалпы, Конституцияны және сайлау туралы заңды білу – әр азаматтың парызы. Бірақ халықтың «Президенттікке кім көрінген тапсырып жатыр. Екі кісіні басқармаған адам елді қалай басқарады? Тіпті үміткердің жоғары білімі де, денсаулығы туралы анықтамасы да ескерілмейді екен» деген уәжінің негізі бар.
Бір әйелдің: «Таңертең шай ішіп отыр едім. Сайлау есіме түсіп кетті де, келіп отырмын», – дегені де жадымызда.
Орталық сайлау комиссиясы басшыларына біз де халықтың осы аманатын жеткізгенбіз. Бұрын ондай талаптар болған. Бірақ шетелдік бақылаушылар оны адам құқығын бұзу дегеннен кейін алып тастауға тура келді. Баланы мектепке берген кездің өзінде медициналық анықтаманы тапсырмай ма? Жұмысқа тұрғанда да солай. Ал президенттікке үміткер кісі неге тапсырмайды? Меніңше, алдымен ол адамдардың денсаулығы мықты болуы қажет. Халыққа ауру президенттің керегі жоқ.
Соңғы сайлауда бір азаматтың келіп: «Алматыдан Павлодарға кетіп бара жатып пойыз Астанаға тоқтаған кезде президент сайлауы есіме түсіп, сайлауға мен де үміткер ретінде қатысайын деп келдім» – дегені есімде. Бір әйелдің: «Таңертең шай ішіп отыр едім. Сайлау есіме түсіп кетті де, келіп отырмын», – дегені де жадымызда.
Бұл не мазақ? Сайлауды олай еріккеннің ермегіне айналдыруға болмайды.
Меніңше, өзін-өзі ұсынудың аяғы осындай келеңсіздіктерге әкеліп соқтырады. Қазір де өзін-өзі ұсынатындар баршылық, тіпті басым көбі солар. Олардың ішінде жұмыссыздары басым. Бүгінде алдыңғы қатарлы мемлекеттерде ондай жоқ.
Америкада үміткер кемінде сенатор немесе губернатор болуы керек. Ал бізде дәрежелі қызмет істемеген, мемлекетті басқару тәжірибесі жоқ, жұмыссыз жүрген азаматтар келіп, сайлауға қатысамын дейді.
Мәселен, Америкада бағзы заманнан бері жарысып келе жатқан екі партия – демократиялық және республикалық партия бар. Осы екі саяси ұйым өз атынан жарыспалы түрле кандидаттар ұсынады. Соның ішінен бір адам озып шығып, сайлауға түседі. Ол үміткер кемінде сенатор немесе губернатор болуы керек. Ал, бізде дәрежелі қызмет істемеген, мемлекетті басқару тәжірибесі жоқ, жұмыссыз жүрген азаматтар келіп, сайлауға қатысамын дейді.
Үміткер қатарынан озып шыққан белгілі қайраткер болуы керек. Оның артында қалың қолдаушы – халық тұруы қажет. Осы жағын әлі де жетілдіруге тиіспіз.
Менің бір таңқалатыным, осы президент сайлауы кезінде дабыра қағып, айқайлап жүретін партиялар бұғып қалады. Шамасы, олар өз деңгейлерін, елбасы Нұрсұлтан Әбішұлымен тайталаса алмайтынын жақсы біледі.
Екіншіден, өзін-өзі ұсынып, тосын келіп отырған азаматтардың көбісі жай әшейін жұртшылыққа көрініп қалуды көздейді. «Мен комиссиядан өтсем, тіркелсем, сайлауға қатыссам, артынан жұрт маған назар аударады. Түбінде мен де бір қызметке тұрармын», – деп ойлайтын сияқты.
Жап-жас жігіттер келіп жатыр. Жұмысы жоқ. Құдайға тәуба, ақылың болса, білімің болса, денің сау болса, Қазақстанның қай жерінде де жұмыс табылады.
Ғани Қасымов – белгілі мемлекет қайраткері. Ол парламентте отырып, халықтың қамына қатысты көп мәселелерді көтерді. Иә, тілді меңгеру жағынан оның кейбір кемшіліктері болуы мүмкін. Бірақ ол жолы бағы жанды ма, оңтайлы сұрақтар келді ме, тыңғылықты дайындалды ма, – әйтеуір сынақтан сүрінбей өтті.
Ғани Қасымов – белгілі мемлекет қайраткері. Ол Парламентте отырып, халықтың қамына қатысты көп мәселелерді көтерді.
Ол өзі – саяси қайреткер, елінің мүддесін қорғай алатын, ойын бүкпей, ашық айта алатын азамат. Ғани Қасымовты білімсіз, жұмыссыз жүргендермен салыстырудың жөні жоқ. Бұл мәселені ежектеп, мыжи берудің қажеті шамалы деп ойлаймын.
Орталық сайлау комиссиясы Лингвистикалық комиссияны үміткерлердің мемлекеттік тілді білу деңгейін анықтау үшін бекітті. Бұл – біздің міндетіміз. Комиссияның жұмысында жасырын, жұрттан жасыратын ештеңе жоқ. Әрбір сынақтың нәтижесі кең талқыланып, ашық дауыспен қабылданады.
Туындаған сұрақтың бәріне де жауап беріп жатырмыз. Сұрағына жауап алмаған бірде-бір ақпарат құралы жоқ. Сондықтан Лингвистикалық комиссияның отырысына күдіктенудің еш жөні жоқ.