«Барахолканың» бірнеше қатары тағы сүрілді

0
39

 

Бүгін Алматыдағы «Барахолка» базарының «Саяхат», «Евразия» және «Сәлем» деп аталатын бөліктерінің жол бойындағы қатарлары сүріле бастады. Бұл туралы Азаттық хабарлайды.

Фото: kapital.kz

Алматы қалалық жер қатынастары басқармасы бастығының орынбасары Аман Әбдірамановтың айтуынша, «Аталған базарлардың сүрілген қатарлары 1 гектар аумақ болады. Бұл – барахолканың қызыл сызықта тұрған, сүрілуі тиіс соңғы бөліктері».

«Қызыл сызыққа дейінгі қатарларды сүру туралы сот шешімі өткен жылы шыққан. Алайда базар сатушыларының сотқа апелляциялық арыз беруіне байланысты сүру жұмыстары тоқтатылған болатын. Сот наурыз айының басында базар саудагерлерінің ол арызын қанағаттандырмады», – деді.

Аман Әбдіраманов сүріліп жатқан қатарларда қанша жеке сауда орны тұрғанын айта алмады. Азаттық тілшісіне базарлардың басшыларымен хабарласу мүмкін болмады.

«Саяхат» базары саудагерлерінің бірі Лида Есетова «Қайда барарымды білмеймін. Басқа жерден орын алуға ақшам жоқ. Тым болмаса мамыр айына дейін тоқтата тұрса болатын еді» дейді.

Ал әкімдік өкілі Аман Әбдіраманов «Сүрілген базар сатушыларына сауда орнын тауып беру әкімдік құзыретіне кірмейді» деді.

Алматыдағы соңғы бірнеше жылда базар сүру оқиғасына байланысты жеке кәсіпкерлер наразылықтары жиіледі. Қала билігі 2012 жылы ел аузында «Барахолка» атанып кеткен базарлар аймағының жолды кеңейтуге бөгет болып тұрған 34 базары «тұрғындардың қауіпсіздігі мен әлеуметтік ыңғайлылығы үшін жабылатынын» ескерткен соң бұл дау тіпті үдеген.

2013 жылдың соңынан бастап ол төңіректегі бірнеше базар өртеніп, ақыры базардың жол бойындағы шеткі қатарлары күреліп, кәсіпкерлер басқа базарларға кете бастады.

Источник: Азаттық

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз