Ауылшаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков кептірілген сүт ұнтақтарын пайдаланып, оны «табиғи сүт» ретінде сататындарды сынға алды.
Оның пайымынша, еліміздің нарығында техникалық регламенттер бұзылып, тұтынушылар алданып отыр. Министрдің сөзіне қарағанда, бүгінгі күні табиғи сүттің орнына кептірілген сүт ұнтақтарын сату ерекше белең алып барады. Ал соның салдарынан тауарлы-сүт фермалары үлкен шығынға батып, залал шегуде.
«Мәселен, жақында ғана Қостанайда тауарлы-сүт өндіретін ферма сүт зауыттары өнімді қабылдаудан бас тартқандықтан 30 тоннаға жуық табиғи сүтті жерге төгуге мәжбүр болды. Неге бұлай? Өйткені, зауыттарға табиғи сүтті сатып алғаннан гөрі Ресейден әкелінетін арзан ұнтақты пайдаланып, соны табиғи сүт ретінде саудаға шығару тиімді болып отыр. Өкінішке қарай, біздің нарықта тұтынушыларды алдау басым. Мәселен, сүт деген атауға лайық емес тауардың сыртына «табиғи сүт» деп жазып қояды», – дейді министр.
Оның айтуынша, қазір еліміздегі дүкендерде сатылатын сүттердің жартысына жуығы арзан ұнтақтардан жасалады. Осыған орай, ведомство басшысы ұнтақтан жасалған сүттердің негізгі атауы «қалпына келтірілген сүт» болуы керектігін айтты.
«Олар техникалық регламентті бұзып, тұтынушыларды алдап отыр. Егер тұтынушылар барлық шындықты білсе, онда олар арзан сүтті емес, керісінше ақшаны аямай-ақ денсаулыққа пайдалы табиғи сүтті алатын еді. Тиісті бақылаудың жоқтығынан біздің тұтынушылар көзбаяушылықтың құрбаны болып отыр», – деді министр Мамытбеков.