Елімізде ипотекалық несиенің пайызы күн санап өсіп барады

0
80
Елімізде ипотекалық несиенің пайызы күн санап өсіп барады
Елімізде шетел валюталарында сақталған депозиттердің пайызы төмендеп, керісінше ипотекалық кредиттердің үстемақысы қымбаттап барады.

Ұлттық валютаның ролін арттыруды қолға алған үкімет осындай қадамға барғалы отыр. Бастамашыл топтың айтуынша, екінші деңгейлі банктер пайда табу үшін жұмыс істеуі тиіс. Солай-ақ болсын, бірақ баспанаға мұқтаждар бұдан былай не істемек?!

«Үйлену — несие, үй алу — ипотека». Бүгінгі күнде нарықтан туған мәтел-сымақ. Әрине, бөтеннің бұрышын жалдап, ақша төлеп паналаудан титықтаған халық банктің алдына келіп жығылады. Ипотекаға көнеді. Бірақ, соңғы уақытта бұлданған түлкі секілді олар да, пайызын қайта-қайта өсіріп әлек болуда.

Соңғы деректерді білу үшін біз ең ірі банктерге телефон шалып көрдік. Сөйтсек, пайызын барынша көтеріп қойғандардың тізімінде ЦЕСНА банк көш бастап тұр екен. Алғашқы жарнасы пәтер құнының 30 пайызынан жоғары болуы керек, жылдық пайыздық үстемақысы 20,22 пайыз.

Екінші орынға ипотеканы 20 жылға ғана созып беруге келісіп, 18 пайызбен беріп отырған БАНКцентркредит шықты. Үшінші орында 14 пайызбен Халық банк тұр. Ең төменгісі Еуразиялық банк 13 пайызбен несие беруде.

Ал реформасы бар, басқа банкпен бірігуі бар ипотекалық несие беруді уақытша тоқтатқан банктер мыналар: «Нұрбанк», БТА, Форте және АТФ банк.

Ресейдің жинақбанкі мен Казкоммерцбанк тек доллармен қарыз беруде. Осылай күн сайын өсіп жатқан пайыздарға қарап жұрт жағасын ұстап жатқанда, халық қалаулылары ерекше пікір білдірді. Кезінде талай жыл есеп комитетін басқарған, депутат Омархан Өкісікбаев «банктердің бұл әрекеті заңды, оған Үкіметтің қарсылық танытуға құқы жоқ» деген мәлімдеме жасады.

«Банктерге халыққа жеңілдіктермен немесе төмендетілген проценттік ставкамен ипотекалық несие берген тиімсіз ғой. Олардың әу бастағы мақсаты — ақша, табыс табу. Өз-өзін сақтап қалып әрі үстінен пайда көруді көздейді. Үкімет оларды қыстап пайыздарын төмендеткізе алмайды», — дейді депутат Омархан Өксікбаев.

Банктерге халыққа жеңілдіктермен немесе төмендетілген проценттік ставкамен ипотекалық несие берген тиімсіз. Олардың әу бастағы мақсаты — ақша, табыс табу.

Депутаттардың бұлай деуі түсінікті де. «Бұл тұста мәселе Ұлттық банктің саясатында», — дейді экономист Жангелді Шымшықов.

«Екінші деңгейлі банктер Ұлттық банктен алады. Сол резервтерді алу үшін Ұлттық банк 2 деңгейлі банктерді, солардың есебінен резерв жасап,жауып отыр. Мәселе Ұлттық банкінің 2 деңгейлі банктерді қадағалай алмай отырғанында емес, мәселе Ұлттық банкі саясатының түбегейлі дұрыс емес екендігінде», — дейді экономист Жангелді Шымшықов.

Сарапшының айтуынша, Ұлттық банк оларға 7 пайызбен қарызға береді, инфляция 6 — 8 пайыз арасында. «Банктер ипотекасының қол ұстатпайтыны да осыдан», — дейді.

Ұлттық банк болса теңгені құнды ету үшін күресуде. Долларлық депозиттердің пайыздық үстемақысын 3 пайызға төмендетіп тастаған. Тек теңгемен жинайтын болсаңыз ғана сыйақысы жоғары, 11 пайыз.

Алайда, ипотекалық несиелердің пайызына қатысты ұлттық банк жауап беруге құлықсыздық танытты. Бар болғаны Марченконың кезінде жарияланған қаулыны қарауымызға кеңес берді.

Сонымен бір сөзбен айтқанда, Ұлттық банк «бұл нарық заңы» дегенді алға тартқандай. Ал екінші деңгейлі банктердің пайызды көтермесе, азайтар түрі жоқ. Тек қымбат ипотеканы алуын алып, кейіннен оны төлей алмай жүретіндер қарасы тағы артып кетпесе болғаны.

По сообщению сайта Nur.kz

 

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз