Қазақ тілін білмейтін Телібеков тіл комиссиясында жанжал шығарды

20
71

 

Мұрат Телібеков. ©Тengrinews.kz

Қазақ тілі емтиханын тапсыру алдында өзін-өзі ұсынушы Мұрат Телібеков пен Орталық сайлау комиссиясы мүшелері арасында дау туды, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Мұрат Телібеков емтихан алдында өзінің талабын ұсынды – ол емтиханға өзінің сенімді өкілі келетінін айтты. Сонымен бірге, ол емтиханға ұялы телефон алып кіруге мүмкіндік беруді сұрады және емтиханға журналистердің басынан-аяқ қатыстырылуын талап етті.

Емтихан алдында Телібеков лингвистика комиссиясының басшысы Мырзатай Жолдасбековтен өзіне жақын отыруды сұрады. Жолдасбеков оған емтиханның үш тапсырмадан тұратынын түсіндірді – жазба жұмысы, мазмұндама және ауызша әңгіме. Бірақ Телібеков билет суырудан бас тартты, ал ауызша әңгімені өзі таңдаған тақырып бойынша айтуды ұйғарды. “Менің талабым – журналистер емтиханды басынан-аяқ түсіруі керек. Өткен сайлауда Ғани Қасымовты қалай өткіздіңіздер? Мен комиссияға сенбеймін”, – деп мәлімдеді Телібеков.

Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Ләззат Сүлеймен емтиханға кірісуді ескертті. “Сіз Орталық сайлау комиссиясында отырсыз, сіз емтихан тапсыруға келдіңіз, бастайық. Сіз тағы қанша уақыт сөйлемексіз? Сізге мінбер керек пе? Мен сізге емтихандағы жүріс-тұрыс ережесін түсіндіріп тұрмын”, – деді ол.

“Бір-біріміздің сөзімізді бөлмеуге келісейік. Бұл жерде айқайлаудың қажеті жоқ, мен сіздерді тыңдадым. Олай болса, мына адам шығып кетсін”, – деді Телібеков Сүлейменді меңзеп.

Мырзатай Жолдасбеков бұған дейін қазіргі Мемлекет басшысы емтихан тапсырғанын, бірақ ол өзінің талаптарын қоймағанын алға тартты.

Осы кезде өзін Телібековтің сенімді өкілімін деп таныстырып, емтихан өтетін залға кірген әйел жанжалды планшетке түсіріп жатты, ОСК қызметкері әйелді шығарып жібермек болды. Бірақ ол қарсылық білдірді. Ақыры оған залда қалуға рұқсат етілді. Телібековке емтихан шарттары өзгертілмейтіні айтылды. “Не айырмашылығы бар? Мен әңгімеден бастаймын”, – деді Телібеков.

Лингвистика комиссиясының басшысы “Сіз жазба жұмысынан бастауыңыз керек” деп түсіндірді. Кейінірек ол басталып үлгермеген емтиханды доғаруға мәжбүр болды. “Біз сізден емтихан қабылдамаймыз”, – деп тұжырым жасады Жолдасбеков. Ол журналистерге комиссия қызметінде мұндай жағдайдың бұрын-соңды болмағанын айтты. “Ол өзінің қазақ тілін білмейтінін осылайша жасырмақ болған шығар”, – деді лингвистика комиссиясының басшысы.

Айта кетейік, Қазақстан президенттігіне үміткерлерден өтініш қабылдау 15 наурыз күні сағат 00.00-де аяқталған еді. ОСК хатшысы Бақыт Мелдешовтің хабарлауынша, 16 наурыз күнгі сағат 00.01-дегі мәлімет бойынша, Орталық сайлау комиссиясында 27 өтініш болды.

Бұған дейін бес үміткердің лингвистика комиссиясының емтиханынан өтіп, ұсынылған талаптарға сай келетіні хабарланған еді. Олардың арасында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев, ҚКХП атынан үміткер Тұрғын Сыздықов, өзін-өзі ұсынушылар – Лимана Қойшиева, Қанат Тұрагелдиев, Әбілғазы Құсайынов бар. Оларға қол қою парақтары берілді. Сол сияқты 16 наурыз күні “Аңыз адам” журналының редакторы Жарылқап Қалыбай да қазақ тілі емтиханынан сәтті өтті.

15 наурыз күні қазіргі Мемлекет басшысын қолдаушылардың жарты миллион қол жинағаны белгілі болды. Еске сала кетейік, Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы 26 сәуірде өтеді

20 ПІКІРЛЕР

  1. Адамдар қызық. Әрине Телібеков тілді білмейді, сондықтан нешетүрлі әдістерге көшті. Бұндай кісіге елді қалай тапсыруға болады…

  2. Президенттікке үміткер үшін оңай тақырып емес пе, қандай білімі болсада қазақ тілін білмеген адам Президент бола алмайды деп ойлаймын

  3. Өзің білмеген, білгеннің тілін алмаған осы жанжалшы Телібеков болды-ау!

  4. Телібековтей тентектің қылығы комисины, басқаны да тойдырса керек-ті. Елге әбден сүйкімсіз көрінетін болды. Өзінен көрсін!

  5. Жанжал шығарғаны қалай? Өзінікі дұрыс болмаса комиссияның шешімімен келіскен жөн ғой.

  6. Самат замандасым дұрыс айтады. Ел назарын аударудан басқа ештеңе емес. Бұл кісінің мұсылмандар қоғамы деген ат жамылып, осындай әрекеттерге баратыны жағымсыз

  7. Қазақ тілің арың бұл,
    Ұятың болып тұр бетте.
    Өзге тілдің бәрін біл,
    Өз тіліңді құрметте.

  8. Бұл ойынның қажеті жоқ еді. Әлде ақпарат көздері арқылы жұршылыққа танымал болып үйренген бе?

  9. Не дегенмен Телибеков ол Президент болатын үміткер емес, ол тек қана өзін көрсеткісі келген шығар бұл шараға келіп.

  10. Ол барлық сайлау талаптарын бұзған, оны дөрекілігі үшін комиссия емтихан тапсыру залынан қуғаны дұрыс болған екен.

  11. Сайлау оған бір көріну үшін үлкен сахна болған секілді, бірақ ол осы арқылы өзінің беделін түсірді деп ойлаймын.

  12. Егер ол өзіне сенімді болса, онда мұндай жанжал шығармауы керек еді, қайткен күнде де ол осы жерде өзінің білімсіздігін көрсетті.

  13. Телібековтың лингвистикалық комиссияның алдында шарт қоюы қызық екен, не дегенмен өзінің қателігін сезінбеген адам ол ешкімді де тыңдай алмайды.

  14. Осы жағдайдан кейін комиссия мүшелері үміткерлердің психикалық жағдайына байланысты анықтама сұрату керек туралы мәселе көтерген болатын, шыны керек үміткерлерге қойылатын талаптарды күшейткен дұрыс шығар.

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз