Екінші дүниежүзілік соғыс басталардан сәл бұрын, кеңестік содырлар қазақ жерінде «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деген саясат ойранымен миллиондаған мал басын қырғаны белгілі. Бірақ, көп өтпей қазақтың сол түлігіне өздері де қайта кіріптар болды. Төрт түлік мал туралы «Жесең тамақ, ішсең сусын, кисең киім, мінсең көлік» деген сөз туралығын сұрапыл соғыс дерті дәлелдеп берді. Көздерін біраз нәрсеге жеткізді. Қыл аяғы ұлтымыздың атам заманнан тұрмысына жараған ұршығы қиын қыстау кезеңде өндіріс станогына айналған екен. Мәліметке сүйенсек, 1941-45 жылдары Қазақстаннан майданға қарай 2 млн. астам жылы киім жөнелтілген екен. Кәдімгі мал жүнінен тоқылған жылы киімдер. Ел басына күн туған тар заманда, қазақ жерінде еңкейген қариядан, ес білген балаға дейін тылда еңбектенген. Және, бұл жұмысты көбінде бұғанасы қатпаған ұл, қыздар атқарған екен. Ұлдар жазда қозы көгендеп, мал бағып, шөп шауып, қырықтықпен айналысса, қыздар жүн жуып тазартумен, түтіп, ширатумен, ұршықпен иіріп дайын жіпті тоқуға жіберіп отырған. Ақмола облысындағы, Нұра өзені бойындағы ауылдардың бірінде тұлымшағы желбіреп өсіп келе жатқан жас шамасы 8 дердегі кішкене қыз Орынбасардың тағдыры өзгелерден бөлек емес. Бұл күні сексеннің сеңгірінен асып, тоқсанды алқымдаған Орынбасар апа Балқыбекова: «Майданға жылы киімдер дайындау қазан айынан басталатын. Содан құдайдың құтты күні сәуір айына дейін созылатын» деп еске алады. Түннің бір уағына дейін ертеңгі күнге жүн жуып дайындаймыз. Андай жерде әйелдер ұршықпен жүн иіріп беріп отырады. Ал, әрқайсымыз күніне 5-6 пар биалай, шұлық, мойынорағыш, бас киім, жауынгерлердің қару ұстауына икемдеп үш саусақты қолғап тоқитынбыз. Ал, жазда сиыр, қой сауып презендеп соғысқа жіберетінбіз» дейді.
Осы уақытқа дейін де тылдағы еңбек жайлы айтылып, жазылатын. Бірақ, қазақ ауылдарындағы қаршадай қазақ қыздарының, ұлдарының тылдағы ерлікке пара пар еңбектері туралы ауыз ашпау неге деген көкейде сұрақ тудырады. Ақпарат аз десем артық айтқандық емес. Бірақ, сол балғын жеткіншектердің атын ардақ тұтумен қатар, қазақтың тылдағы ерлігін ендігі жерде көрсету ләзім.
Себебі, сұм соғыс олардың балалығын ұрлаған. Көктем шыға ауладағы арыққа, қағаз қайық ағызып,
Қызығып бала болып, асыр салып, алақайлап шаттанбаған.
Олардың көкейінде бір ғана арман, тілек болды. Ол алыс майдандағы ағасы мен көкесінің аман есен оралуы еді. Олар бүгінгі бейбіт өмірдің әр сәтін өздерінің нәзік саусақтарымен шақырғанын білмеген еді.
Зүбайра Акимова