Бұл, біз кеткен соң, Қазақстанды топан су алса да бәрібір деген саясат

0
567

 

3Еркін Рақышев

– Соңғы жылдары Сәкен Сейфуллин мен Мағжан Жұмабаев атылмаған, Сібірге жер аударылған, оларды көрген адамдар бар деген тұжырымдама айтылып жүрді. Сіз С. Сейфуллиннің атылғанын айғақтайтын құжаттар тауыпсыз. Бұның ел ішінде алып қашпа әңгімелерге тоқтау болатыны анық. Осыны қалай анықтадыңыз? Сол жайлы айтып берсеңіз.
– Біріншіден, мен ақынның атылғанын айғақтайтын құжат тауып, өзіме бір атақ абырой жинайын деп жүрген жоқпын. Оны мен С. Сейфуллин жайлы деректі фильм түсіру барысында таптым. Бұл фильмді түсіру жайлы бастаманы Оралбай Әбдікәрімов ағамыз көтерген. Ол кісі ең бастысы Сәкеннің атылған, атылмағанының ақ -қарасын анықтап, ақиқатына жетуге баса назар аударуы- мызды тапсырған еді. Одан кейін мен бұл құжаттың бар екенін бұрын да айтып жүргенмін. Оның қай жерде екенін, қалай алуға болатынын талай айтқанмын. Бірақ, оны ешкім елемеді, сенбеді. Сондықтан оны өзіме алуға тура келді.
– Бірақ, кейбір тарихшылар бұл бұрыннан белгілі болатын деп жүр ғой. Бұған не айтасыз?
–  Мен бұған дейін Т. Рысқұлов пен Т. Жүргенов жайлы деректі фильмдер түсіргенде Мәскеуден қайраткерлеріміздің атылғанын растайтын актілерді алғанмын. Сол құжаттарды мен қайраткерлеріміздің туыстары арқылы Қазақстаннан алғашқы болып алыппын. Егер тарихшыларға С. Сейфуллин жайлы ондай құжаттар белгілі болса, онда неге оны жарияламайды? Неге «Сәкен атылған жоқ» деп, Магаданға ақынның сүйегін іздеп барып жүргендерге айтпайды? Неге ел арасындағы алып-қашпа әңгімелерге тоқтау салмай, Сәкеннің аруағын қозғайды? Себебі, олар өтірік айтады. Ол құжат оларда ешқашан болмаған. Ол құжатты Ресейдің ФСБ-нан алуға тек С.Сейфулиннің жақын туыстары ғана құқылы. Мен ол құжатты ақынның немересі арқылы алдым. Ал ол тарихшыларға бұрыннан белгілі болса, онда ақынның немересі атасының моласын іздеп, Магаданда не істеп жүр?
– Онда тарихшылар неге олай дейді?
– Оны қай тарихшының айтып жүргенін білмеймін. Егер шынымен де солай деп айтқаны рас болса, онда олардың қателігі қазақша айтсақ, бас пен құлақты ажырата алмай жүруінде. Олардың айтып жүргені, Сәкеннің атылғаны туралы тізім мен анықтама. Иә, ол құжаттың бары бұрыннан белгілі. Бірақ ол ешкімнің қолы қойылмаған, мөр басылмаған жай анықтама қағаз ғана. Ал біз тапқан ресми құжат, соттың үкімінің орындалғаны жайлы ақыннын атылғанын айғақтайтын акт деп аталады. Оған үкімді орындаған және куәгер төрт адам қол қойған. Сәкен атылған жоқ деушілердің айтатын басты уәжі, атылғаны туралы актінің жоқ болуынан еді. Осы құжаттың табылмағанынан «анау көріпті, мынау түрмеде бірге болыпты» деген өсек аяңға сеніп, Магаданға сабылып жүрміз. Кейбір тарихшылардың қателігі шатасып, анықтама мен актіні ажырата алмай жүруінде. Олар кінәларын түсініп үндемей қоя салудың орнына, мені тура бір жау көріп кінәлағысы келеді. Бірақ онысымен өздерінің ой – өрісінің төмен екенін көрсетіп отыр. Айта кететін бір жайт, «Мағжан Жұмабаевтың атылғаны жайлы акт ФСБ-нің архивінде жоқ»,-дейді, сол себептен оны басқа жолмен іздеу керек.
– Әлемдік дағдарыс бізге де жетіп жатыр. Осы жайлы пікіріңіз қалай? Не айтасыз?
– Ауруды емдеу үшін алдымен оның диагнозын дұрыс қою қажет. Одан соң ғана, соған лайық ем шара қолдану керек. Егер олай істемесең, онда ауру жазылмайтыны түсінікті нәрсе. Біздің билік дағдарыс әлемдік мұнай бағасының көтерілуінен деп отыр. Меніңше, бұл жерде диагноз дұрыс қойылып отырған жоқ. Диагнозды білмей немесе білгісі келмей отырған соң ол асқынады. Оның арты не болатынын болжаудың өзі қиын. Дағдарысқа қарсы биліктің бар ойлап тапқаны «қазақстандық тауар өндіруді қолға аламыз»,- дейді. Дұрыс делік, бірақ 25 жылда өндірілмеген тауар, бір-екі жылда шыға ма? Үкімет қаржыны ел игілігіне жұмсаудың орнына, тек мұнай мен шикізат сатудан түскен табысқа мәз болып, басқа өндіріс салаларын дамытпай, көзбояушылық пен дарақылыққа салынып, еш қажеті жоқ даңғаза конференциялар мен форумдар, Универсиада мен ЕХРО өткіземіз деп, халықтың ақшасын желге шашты. Кереметпіз, сұмдықпыз, мәңгілік ел боламыз, дамыған 30 елдің қатарына кіреміз деп бөскенде алдарына жан салмады. Енді мына түрімен келесі жылы 60-қа кіру арман болады.
– Неге олай ойлайсыз?
– Себебі, дағдарыс тек мұнай бағасының түсуімен ғана басталып жатқан жоқ. Дағдарыстың көкесі біздің Еуразиялық Одаққа мүше болуымыздан болады. Одақтасымыз Ресейге жасалып жатқан санкциялар мен түрлі қысымдар оның экономикасының құлдырауына, рубльдің құнсыздануына әкеліп соғуда. Бұның зияны бізге мұнайдың әлемдік бағасының түсуінен де қауіпті. Себебі елдегі кәсіпорындар шығарған тауарлар өтпей, Ресейдің арзан тауарлары қаптап келіп жатыр. Өзіміздің өнімдер өтпей, ертең кәсіпорындар тоқтайды. Жаңа өндіріс орнын ашу арман болады. Оның арты жаппай жұмысыздыққа әкеліп, халықтың әлеуметтік жағдайы нашарлай береді. Одан кейінгі дағдарыстың ең қауіптісі – халықтың билікке деген сенімсіздігі. Халық бүгін билікке сеніп қанша дауыс бергенімен, ертең дағдарысқа ұшырап күн көру қиындаған кезде, сонша қарсы дауыс беруі әбден мүмкін. Себебі, халықтың билікке деген сенімі, әншейін бос кеуде жалаң ұранға негізделген. Бұл деген өте қауіпті құбылыс. Жеме-жемге келгенде, халық бұл билікті қолдамақ түгілі, қол аяғын байлап көшеге лақтырып тастайды. Халық аштыққа да, қиындыққа да төзер, бірақ болып жатқан түрлі әлеуметтік әділетсіздіктерге төзбейді. Ел ішінде наразылықтар күшейіп, арты толқуларға ұласуы мүмкін. Сол үшін жедел түрде саяси реформа жасау керек. Билік өтірік айтқанын қойып, халықты ақымақ санағанын тоқтатып, онымен санасқаны жөн. Ұлттың рухын көтеру үшін, билікке ұлт мүддесін ойлайтын шын ұлт жанашырларын, халықтың өкілдерін тарту керек. Осындай қиын қыстау кезеңде, билікті сынағанның бәрін жау санамай, олардың да ой пікірін тыңдап, елді тығырықтан алып шығу жолдарын бірге қарастыру керек.
– Дағдарыстың ықпалын азайту үшін, тағы да не істеу керек деп ойлайсыз?
– Ең алдымен, ертең болатын дағдарыстан халықтың әл ауқатының төмендеп кетуіне биліктің жүргізіп отырған солақай саясаты кінәлі. Бірақ, болар іс болды деп қол қусырып отыра беруге болмайды. Дайын тауар өндірудің тың жолдарын іздестіру қажет. МАИ-дың таяғы сияқты тауарларды шет елден сатып алу дегенді тоқтату керек. Телеарналардан Қазақстанда шығарылған бірен-саран тауарларды мақтай бермей, шеттен келетін, бірақ өзімізде өндіруге болатын мыңдаған тауарлардың тізімін жасап, соны шұғыл түрде шығаруға халықты қолдап, жаппай жұмылдыру керек.
Бірақ, Еуразиялық Одақтан шықпасақ біздің бұнымыздан түк нәтиже болмайды. Ешқандай істеген ісіміз алға баспайды. Дағдарыс, девальвация өткенше, жағдай тұрақталғанша деп, уақытша 1-2 жылға болса да, одақтан шығу керек. Ол уақытта Ресейдің де жағдайы бір жақты болып қалар…
– Жақында бір сұхбатыңызда кейбір депутаттарды психдиспансерден тексеруден өткізу керек деп айтыпсыз…
– Иә, олардың кейбір іс-әрекеттеріне, шығарған заңнамаларына қарап, солай деп айтқаным рас. Мұның үкіметтегілерге де қатысы бар. Енді өзіңіз қараңызшы. Дағдарыстың алдын алу үшін, әр тиынды үнемдеп жаппай шағын және орта бизнесті дамыту керек болып жатқанда министр Дүйсенова, «жастарды шетелге даяшының оқуына жібереміз»,- дейді. Бізге қазір қызмет көрсету түрлерін емес, өндірісті қолдау қажет емес пе. Бұл не, сонда, бізде даяшы жетіспей жатыр ма, жоқ әлде, ақшаны қайда жіберерімізді білмей жатырмыз ба?! Қазіргі жастардың тілімен орысша айтсақ «Я в шоке!». Меніңше, бұл министірліктегілерді де тексерістен өткізген дұрыс. Маған салса министр Дүйсенова сияқтылардың өздерін даяшы қылып жіберер едім. Одан кейін билік 2022- жылы қысқы олимпиада өткізіп, атымызды шығарамыз деп жүр. Имидж біздің не теңіміз, жылтырайды көтеніміз демекші, өз күнімізді көре алмай жүргенде, қайдағы олимпиада?! Олимпиада өткізсек, оған Сочи олимпиадасына кеткен қаржының кемінде жартысы кетеді. Яғни, 25 миллиард доллардай. Бұндай сұмдық көп қаражатты қайдан аламыз? Біріншіден, зейнеткерлердің зейнетақысынан, студенттердің стипендиясынан жырылып алынады деген сөз. Кемтар, мүгедек жандардың дәрі-дәрмек алуға, мүмкіндігі азаяды деген сөз. Қаражат болса емделіп кетуге болатын, қаншама жарымжан сәбилер енді ешқашан жазылмайды деген сөз. Бірнеше жыл бойы мұғалімдер мен дәрігерлердің, жұмысшылардың жалақысы қысқарады. Үкімет күнін әрең көріп жүрген, тұрмысы төмен жандарды қолдап, аяққа тұрғызып жіберудің орнына, енді солардың тиын-тебеніне қол салмақшы. Керек пе бізге осындай олимпиада?. Болды, жетеді, аз ғана топтың мүддесі үшін, халықтың ақшасын ұрлап, желге шашқандары….
– Соңғы кезде билік тарапынан болып жатқан түрлі кедергілерге байланысты оралмандардың елге келуі азайып кетті. Осы жайлы не айтасыз?
– Біздің билік сөзбен «қандастарымызды елге шақыру керек, жер жетеді»,- дейді. Бірақ, іс жүзінде шеттегі қазақтарды Қазақстанға келтіртпеуге бар күшін салуда. Оның бір ғана дәлелі – үкімет шеттен келетін қазақтарға «Соттылығы» мен «Шығу парағы » деген екі құжатты тапсыру керек деген қаулы шығарған. Бірақ ондай құжат Қытай заңына байланысты, ол жақтан келетін қандастарымызға берілмейді. Енді үкіметтің осыны біле отырып, осындай қаулы шығаруын қалай түсінуге болады? Біз сеземіз, бұл да Еуразиялық одақтың «жемісі» екенін. Бірақ, Қазақстан биліктегілер мен депутаттардың жекешелендіріп алған елі емес. Әр қазақтың осы ұлан байтақ даладан үлесі бар. Мейлі, ол осында тұрады ма, шет елде тұрады ма бәрібір. Ол- қазақтардың ата-бабасының жері. Кезінде Ресейдің озбырлық саясатынан қазақтың жартысынан астамы аштан қырылып еді. Жауыздардан ұлтымызды, ұрпағымызды сақтап қаламыз деп, өз туған өлкесін тастап, шет елдерге көшкен бабаларымыздың бүгінгі ұрпақтары туған еліне, жеріне келейін десе, біздің шенеуніктер тосқауыл қоюда. Оларды Қазақстанға кіргізбеу үшін, түрлі айла-тәсіл қолдануда. Бұл халық қалаулылары емес, халық жауларының әрекеті. Жоғарыдағы заң жобасы қазір Парламентте қаралуда. Осы жолы депутаттар шеттен келетін қандастарымыздың жағдайын ойлап, оң шешім жасамаса, онда осы мәселе жөнінде тәуелсіз сарапшылардан комиссия құрып, олардың әділ, лайықты бағасын беру керек. Жүрсін одан кейін, тарихқа «халық жауы» деген атпен кіріп. Өйтпесе, бұлар мына түрімен ертең Елбасын үлкен ұятқа қалдырады…

Өмірдеректен қысқаша үзінді: Еркін Әбдіғаппарұлы Рақышев Оңтүстік Қазақстан облысының Түлкібас ауданының Алғабас ауылында 1961-жылы дүниеге келген. Кинотуындылары: «Жаралы сезім», «Жетімдер», «Астанаға көктем кеш келеді», «Кеш келген махаббат» және тағы басқалар. Соңғы жылдары деректі фильмдер түсірумен айналысып келеді. Тарихи тақырыптарда, қазақ арыстары және ашаршылық тақырыбына бірнеше деректі фильм түсірген. Атап айтқанда, «Қажылық», «Тұрар Рысқұлов», «Ашаршылық» және «Темірбек Жүргенов» атты фильмдерді дүниеге әкелген.

С.Есмаханұлы

«Қамшы» сілтейді

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз