Елімізде жеңіл көліктер арзандады. Шет елдің темір тұлпарларын сататын автодүкендер қазір бағаны 25 пайызға төмендетті.
Ресейде көліктің арзандауы себебінен шығынға батқан отандық компаниялар мұндай қадамға сұранысты азайтпау үшін барып отыр.
Қазақстандық автобизнес қауымдастығының мәліметінше, ақпан айында жеңіл көліктердің бағасы бірден 25 пайызға төмендеген. Өйткені шетелдік машиналарды сататын отандық компаниялар пайдадан қол үзген.
Тәуекелге сол себепті барып отыр. Көрші Ресейдегі рубльдің құнсыздануы біздегі көлік нарығын әлдеқайда әлсіретіп тастады.
Қазір ресейлік диллерлер рубльдің 80 пайыз арзандауына орай, көлік құнын 40 пайызға көтеріпті.
«Қазақстан мен Ресей арасында шекарада шектеу жоқ. Бірыңғай экономикалық кеңістікте әрі ортақ кедендік одақта болғандығы бізге қосымша жүк болып отыр. Сондықтан да бізге бағаны Ресей нарығының бағасымен бірдей қылуға тура келіп отыр. Бұл, әрине, бізге өте үлкен шығын болып отыр. Біз көліктерді босқа тұрып қалғанша, өз бағасынан төмен бағаға сатуға мәжбүр болып отырмыз», – деді сатылымның аймақтық директоры Михаил Кветнис.
Отандық нарықта көлік құнын былтыр «Тоyota» компаниясы түсірген. Қаңтар айынан бастап «Форд» сауда маркасы да бағаны төмендеткен. Қазір Алматыда 25-ке жуық автосалон бар. Солардың көбісі ақпан айынан бастап көлікті 25 пайыз төмен бағамен саудалауда.
Ал «Хюндай» компаниясы көліктерін тіпті 40 пайызға дейін төмендеткен. Дегенмен саудагерлер бағаны қанша төмендетсе де, көліктерге сұраныстың азайғанын айтады.
Қазіргі таңда ішкі нарықтағы автокөлік өндіретін компаниялар болсын, автокөлік сататын компаниялар болсын, бүкіл халық Ресейден алып келе бастады. Ресейдің бағасы төмен және сапасы да жоғары.
«Бұл тікелей бәсекелестікке байланысты. Қазіргі таңда ішкі нарықтағы автокөлік өндіретін компаниялар болсын, автокөлік сататын компаниялар болсын, бүкіл халық Ресейден алып келе бастады. Ресейдің бағасы төмен және сапасы да жоғары. Қарапайым мысалмен келтіретін болсақ, Қазақстанда эконом класс машиналар автосалондарда қазір 16 мың долдардан басталатын болса, бұл сомаға Қазақстанда эконом кластағы машина алған тиімді ме немесе Ресейден бизнес кластағы машина алған тиімді ме?»,- деді экономист Мақсат Серәлі.
Алдағы уақытта мамандар Қазақстан мен Ресей көліктерінің бағасы бірдей болуы мүмкін екекндігін алға тартады. Қазіргі таңда еліміздің ішкі нарығы автокөліктерге толып келе жатыр және ішкі нарықтың сыйымдылығы да шексіз емес.
Сондықтан болашақта көлік бөлшектерінің дүкендері көптеп ашылуы мүмкін.