Қарағандыда құны 500 мың теңге тұратын жер телімі санаулы минуттар ішінде 3 миллион 800 мың теңгеге сатылды. Қаланың орталығындағы ұлтарақтай жер автотұрақ салуға арналған. Бүгін кәсіпкерлер палатасында өткен аукционға 5 жер телімі қойылды. Саудаға 7 кәсіпкер қатысқанымен, сатылғаны біреу болды. Аукцион ағылшын тәсілінде өтті. Қала құрылысы кадастр орталығының мәліметінше, қазір Қарағандыда 23 жер телімі саудаға қойылған. Оның 12-сі жекеменшікке сатылса, қалған 11-і жалға берілмек. Бағалары да алуан. 500 мың теңгеден бастап 38 миллион теңгеге дейін. «Ең бастысы, аукцион өткізу арқылыжер телімдері ашық әрі жариялы түрде үлестіріледі», – дейді мамандар. Ғабдол Мұқажанов, Қарағанды қалалық құрылыс кадастры орталығы директорының орынбасары: – Нысандық мақсаттарына келетін болсақ, ол жерлер өндірістік, коммуналдық және жол бойындағы сервистік қызмет көрсету мақсаттарына беріледі. Балабақша салу да бар. Бүгін бірінші күн болған соң 4 жер учаскесіне 7 адам өтініш берді.
Источник: http://www.24.kz/kz/zhanalyktar2/o-am/item/54450-zhatyr