«Қазақ даласының аңыздары» деген атаумен Ұлыбританияның жетекші оқу орындарының бірінде студенттер балы өтті. Мереке Қазақ хандығының 550 жылдығына орай ұйымдастырылды. Шараға жиналған халықтың қарасы көп. Наурыз мейрамы қарсаңында студенттік бал өткізу – Ворвик университетінде дәстүрлі шара. Өткен жылғы нәтижелер бойынша аталған оқу орны үздік деп танылды. Бүгінгі мерекелік шара жастардың шотланд вальсін билеуімен басталды. Бал – еуропалық және еуразиялық салт-дәстүр, мәдениет пен өнердің ұштасатын жері. Сондықтан бұл мерекеге дайындық бірнеше айға созылды. Студенттер бидегі әр қадамын қайталап, қазақтың тарихына қатысты сұрақ-жауап ойындарын дайындады. Университет студенті әрі хореограф Еркеназ Әрінова шотланд және ирланд билерін таңдау арқылы Британиядағы халықтың бірлігін көрсеткіміз келді дейді. Ал шарада шырқалған танымал қазақ күйлері мен халық билері Отанға деген ыстық ықылас пен ұлттық мәдениетті дәріптеу болып табылады. Болат Насығазы, Warwick университетінің студенті: – Біздің бал өз тарихың мен мәдениетіңді дәріптеуге мүмкіндік береді. Осылайша бай мұрамызды британдықтарға мақтанышпен таныстырамыз. Оның үстіне қазақ хандығының 550 жылдығы да осындай шараларды ұйымдастыруға жақсы себеп. Жүзден жүйрік шыққан қазақ студенттерін Қазақстанның Британиядағы елшілігі, «Болашақ» халықаралық бағдарламалар орталығының мүшелері мен Орталық Азия туралы британдық журнал өкілдері марапаттады. Ұлыбританиядағы Қазақстан студенттерінің қауымдастығы мен британдық футбол турнирінде жеңіске жеткен «Ньюкасл» университетінің командасы бас жүлдені олжалады. Белсенді жастар қайырымдылық шараларын өткізіп, қазақ еліндегі балалар үйіне қаржылай көмек көрсеткен. Балдың соңы ханшайым мен ханзаданы таңдаумен қорытындыланды. Жігіттің сұлтаны деп Болат Насығазы танылса, қыздар арасында Әйгерім Балкенова көпшіліктің көзайымына айналды. Авторлары: Жадыра Медетбек, Бэла Құдайбергенова
Источник: http://www.24.kz/kz/zha-aly-tar/is-shara/item/54565-atap-tti