
Бас прокуратураның сұратуымен «Қорғас ісіне» қатысы бар айыптылардың бірі болып табылатын Өміржан Кәрібаев Біріккен Араб Әмірліктерінен экстрадицияланды.
«Экстрадицияланған адам былтырғы жылы жазда Алматы облыстық соты қараған «Қорғас ісіне» қатысы бар айыптылардың бірі болып табылады. Аталмыш ұйымдасқан қауымдастықтың мүшелері Қытайдан жалпы құны 1,2 млрд теңгеден астам қаржыны құрайтын аса жоғары көлемде контрабанда жасағаны үшін айыпты деп танылған болатын», — делінген Бас прокуратураның баспасөз қызметінің хабарламасында.
Өміржан Кәрібаев Қылмыстық кодекстің ұйымдасқан топтың экономикалық контрабанда жасауы және ауыр және аса ауыр қылмыстарды жасау үшін құрылған қылмыстық қауымдастыққа қатысу баптары бойынша айыпталған еді.
Тергеу барысында Кәрібаев шет елге бой тасалап үлгергендіктен, оған Интерпол жүйесі арқылы халықаралық іздеу жарияланған еді.
Интерпол Ұлттық орталық бюросының іздестіру шаралары нәтижесінде 2014 жылы қарашада оның Біріккен Араб Әмірліктері аумағында екендігі анықталып, осы орайда еліміздің Бас прокуратурасы оны елге қайтару туралы сұраныс жолдаған болатын.
Екі мемлекеттің құзыретті органдарының, оның ішінде еліміздің Сыртқы істер министрлігінің бірлескен жұмысының нәтижесінде Өміржан Кәрібаев Дубайдан Алматыға әкелініп, уақытша ұстау оқшаулағышына қамалды.
По сообщению сайта Nur.kz