Қазақстандықтар жарының адалдығын тексеру үшін детективке жиі жүгінетін болды

1
57

 

Жыры бітпеген жеке меншік тыңшыны заңдастыру жобасы мәжілісте қайта қаралды. Депутаттар «жасырын агенттердің жұмысын пысықтап, халықаралық адам құқықтарына сай етіп жасап жатырмыз» дейді.

Қазақстандықтар жарының адалдығын тексеру үшін детективке жиі жүгінетін болды
Ал қорғаушылар болса, жаңа заңда детективтерге қойылған шектеу көп деп ренжулі. Қара телпек, ұзын жамылғы киетін тыңшыларды бұрын-соңды кинодан көрсек, енді бұл қызмет елімізде ресми тіркелуі мүмкін.

Халық қалаулыларының сөзінше, жеке меншік тыңшыларға деген сұраныс көп, бірақ білікті маман жоқ. Сондықтан да детективтер жайлы заң толық пісіп жетілуі үшін ұзақ дайындалып жатқан көрінеді.

«Бізде кәсіби детективтер жоқ. Өйткені бұл салада мамандар ешқандай тәжірибие жинақтамаған. Алайда, бұл қызметке жүгінетіндер өте көп екен. Сондықтан біз тыңшыларға қатысты заңды толықтырып, халықаралық адам құқығына сай етіп жасайтын боламыз. Ал заң қашан дайын болатынын айта алмаймын, әлі әзірлік үстінде»,- деді депутат Светлана Романовская.

Ал заңгерлер болса, жекеменшік детективтер Алматыда өте көп дейді.

Олар заңсыз қызметін қымсынбай ғаламтор бетінде жарнамалап, нәпақа тауып жүр. Кәсібіне рұқсат құжаты болмағандықтан, тұрақты мекен-жайы да, кеңселері де жоқ.

Сондай бір жасырын агентпен телефон арқылы тілдескенімізде, қызметінің құны 37 мың теңгеден басталатынын және өздері бұрынғы тәртіп сақшылары екендіктерін айтты.

«Тәулігіне 200 доллар ақы аламыз. Тапсырыс берушіге бейне және фото түрінде барлық айғақ заттарды ұсынамыз. Алматыда жұмыс істеп жатқанымызға 5 жыл болды. Барлығымыз бұрынғы полиция қызметкеріміз»,- деді Нариман.

Қазіргі таңда жұртшылық жасырын агентті көбінесе жарының адалдығын тексеру мен баласының тірлігін анықтауға жалдайды екен.

Тыңшылар жұмысының нәтижесін фото немесе бейнетүсірілім арқылы тапсырады. Ал дайындалып жатқан заңнамада бұл қызметтерге рұқсат жоқ. Жасырын агент бақылауындағы адамның жүріс-тұрысын, суретке, бейнебақылауға түсіруге болмайды және осы сынды 16 түрлі қызметіне тыйым салынған.

Тәулігіне 200 доллар ақы аламыз. Тапсырыс берушіге бейне және фото түрінде барлық айғақ заттарды ұсынамыз. Алматыда жұмыс істеп жатқанымызға 5 жыл болды.

«Дайындалып жатқан заңнамада жеке меншік детективтерге шектеу көп. Бұл қол байлау болып саналады. Жалпы жасырын тыңшының жұмысын тезірек оңтайлы етіп заңдастыру қажет. Себебі олардың қорғаушыларға сот алды жұмыстарын жүргізуге көмегі көп»,- деді адвокат Сұңқар Нұрмағамбетов.

Қызметтің жаңа түрін халық қалаулылары зейнетке шыққан полицейлерге беру керектігін алға тартуда. Себебі, елімізде із-түссіз жоғалған азаматтар мен бағалы мүліктерді іздестіруге білікті тәртіп сақшыларының қызметі ауадай қажет.

Естеріңізге сала кетсек, Нұрсұлтан Назарбаев 2010 жылы жеке меншік агенттерді заңдастыруды тапсырған. Ал 2012 жылы Әділет министрлігі алғашқы жобаны әзірлеп, мәжілістің қарауына берді. Содан бері бұл заң әлі пысықталу үстінде.

Источник: Алматы ТВ

1 Пікір

  1. жарынын адалдыгын билу ушин детектив жалдап акша толегенде, сонда калай омиринин сонына деин сол детективпен жануядагы адалдыкты сактайм деп ойлайма? менимше тыншы салганша оз жарынын кандай Адам екенине ози, сезими адал болмаса калгандары далбаса гой.

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз