Екпеден соң есінен танған оқушылар әлі де бас көтере алмай отыр

0
38
Екпеден соң есінен танған оқушылар әлі де бас көтере алмай отыр
Жаңаөзенде ақпанның 16-сы мен 19-ы аралығында жасалған қызылша екпесінен соң кейбір жасөспірімдер екінші қайтара ауруханаға түсіп жатыр. Алматы мен Астанадан келген мамандар ата-аналарды сабырға шақырды.

Жаңаөзенде қызылшаға қарсы екпе салынғалы бір айдан асты. Ақпанның ортасынан кейінгі екі апта ішінде қаладан 86 бала денелері жансызданып, талып қалып ауруханаға түскен еді.

Жаңаөзен ауруханасында 15 оқушы әлі жатыр. Қайта талып, ауруханаға түсіп шыққан оқушылар да бар. Мамандар дәрігер көмегіне екінші рет жүгінген балалар санын айтудан бас тартты. Одан бөлек, осы апта әлеуметтік желілерге оқушылардың әлі күнге талып қалатынын көрсететін бірнеше видео жарияланды.

Ал Жаңаөзенге Алматы мен Астанадан келген мамандар балалар денсаулығының бұрынғы кінәраты туралы диагноз қойып, елді сабырға шақырып отыр.

Азаттық тілшісі наурыздың 19-ы күні екпеден кейін «талмадан» айыға алмай жатқан жаңаөзендік оқушылар ата-аналарымен сөйлесті

Марал Қалиеваның 10-сыныпта оқитын қызы Гүлдана Ілиясова екпеден соң, ақпанның 26-сы күні, аяқ-қолы тартылып, жансызданып ауруханаға түскен.

Анасы қызын ауруханадан наурыздың 17-сі күні өз өтінішімен шығарып алған. Гүлдана енді өз үйінде төсек тартып жатыр.

«Баламызды аяғынан тұрғызып бере ме деп үміттенген едік», — дейді Марал Қалиева. Ол наурыздың 19-ы күні Жаңаөзенге арнайы Алматыдан келген дәрігердің қабылдауында болғанын айтады.

«Қызыма «қан қысымы төмен, анемия» деген диагнозды бір ай дегенде әрең қойды. Тәбеті жойылып, басы айналып жата берсе, кімнің болсын қан қысымы төмен болмай ма. Енді жүрегі қысылып, шаншитынды шығарды. Білікті маман шақыртуды сұрағанда қойған диагнозы — осы», — дейді ол.

Енді жүрегі қысылып, шаншитынды шығарды. Білікті маман шақыртуды сұрағанда қойған диагнозы — осы.

Анасы Гүлдананы «спортшы, волейболмен айналысады, екпеге дейін еш жері ауырмаған бала» деп суреттейді. Жаңаөзен ауруханасына екпеден кейін екінші рет түскендердің бірі — 11-сынып оқушысы Айзада Кемелханова.

Оның анасы Маржан Оразбаева: — Ауруханаға ақпанның 19-ы түстік. Қол-аяғы жансызданып қалды. Ауруханада қызыма глюкоза, витаминнен өзге ем жасаған жоқ. Наурыздың 6-сына дейін ауруханада жатты, — дейді.

Маржан Оразбаеваның сөзінше, «қызы наурыздың 12-сі қайта талып қалған».

«Есін бір сағат өте ауруханада жиды. Қазір балдақпен жүреді. Екі күнге ауруханадан үйге сұрап алған едім, бірақ бүгін (наурыздың 20-сы) қайта талып, тағы жедел жәрдем шақырдым», — дейді ол.

Маржан Оразбаева бір топ ата-ананың Жаңаөзен прокуратурасына ақпанда жазған арыздарына әлі жауап берілмегенін айтты.

«Прокуратура «тексеріп жатырмыз» дейді. Екпеден соң жағдайдың түзелгені шамалы. Көп ата-ана Жаңаөзен дәрігерлері айтарлықтай ем жасамаған соң, балаларын үйлеріне алып кетіп жатыр. Бірақ қайта талып қалып, кері әкеліп жатқандары да көп», — дейді ол.

Екпеден соң жағдайы ең ауыр деп саналған жасөсіпірімнің бірі – Жаңаөзен медколледжі студенті Гаухар Қармысова. Ол Ақтаудағы облыстық ауруханадан наурыздың 14-і күні Алматыдағы «Ақсай» балалар ауруханасына жеткізілген. Оның анасы Жанар Ізбасарованың айтуынша, «Алматыға Жаңаөзеннен санитарлық авиациямен жеткізілген төрт балаға да екпемен байланысы жоқ диагноздар қойылған».

«Біріне «бала кезінен неврологиялық сырқатпен ауырады», енді біреуіне «ауруханада басқа ауруларды көріп шок алған», тағы біріне «екпеден соң алты күннен кейін ауырған, екпеге қатысы жоқ» деген қорытынды беріп отыр. Баламды қараған профессор «бала кезден психикалық ауруы бар, отбасындағы жағдай әсер етуі мүмкін» деді, — дейді ол.

Екпеден соң жағдайдың түзелгені шамалы. Көп ата-ана Жаңаөзен дәрігерлері айтарлықтай ем жасамаған соң, балаларын үйлеріне алып кетіп жатыр.

Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасы бастығы Руслан Бектібаев наурыздың 19-ы күні Азаттық тілшісіне «Жаңаөзен ауруханасында екпеден соң 15 баланың емделіп жатқанын» айтты.

Төрт бала Алматыдағы «Ақсай» балалар ауруханасына, 17 бала Астанадағы «Ана мен бала ғылыми зерттеу орталығына» жіберілген. Оның сөзінше, Алматы мен Астанадағы балалар наурыздың 20-сы күні емдеу орындарынан шығарылады. «Олардың денсаулықтары қанағаттанарлық».

Азаттық тілшісінің диагноздарға қатысты сауалдарына ашуланған ол: — Несіне сұрай бересіз? Балаларды мамандар қарап жатыр. Әркімнің ауруы тек өзіне айтылады. Біз екпемен байланыстырмаймыз, — деді.

По сообщению сайта Nur.kz

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз