Оңтүстік Қазақстандағы ондаған ұлттың өкілі тұратын шекара бойындағы Сарыағаш ауданында жастардың ұйымдастыруымен Ассамблея жылы, Қазақ хандығының 550 жылдығы және күн мен түн теңелген әз Наурыз мерекесі қатар тойланды. Салтанатты жиында ел тарихының ең ерекше кезеңі сахналанып, өзбек, тәжік, орыс этномәдени бірлестіктерінің өкілдері ұлттық нақышта би билеп, ән шырқады. Жастар жағы флешмоб өткізіп, жұртқа мерекелік көңіл-күй сыйлады. Жер еміп өскен сарыағаштықтар балаларын еңбекқорлыққа тәрбиелейді. Негізгі табысын ауылшаруашылығынан табады. Сондықтан да Жер ананың оянатын кезі көктемде келетін Наурыз мерекесін ерекше құрметтейді, тойлайды және бұл мереке осында тұратын барлық адамдарды бір тудың астына жинайтын, жақсылыққа бастайтын шара деп санайды. Ташби Мехридинова, тәжік этномәдени бірлестігінің өкілі: – Достықтың, ынтымақтың, бірліктің арқасы деп ойлаймын, біз сарыағаштықтар бірнеше ұлттың өкілдері тату-тәтті өмір сүріп келе жатырмыз. Президентіміздің салиқалы саясатының арқасында осындай өмірге жетіп отырмыз. Бейбіт өмірдің, тығыз қарым-қатнастың белгісі ретінде қазақтар тәжік биін биледі. Ал өзбек эстрадасының жұлдызы Юлдуз Усманова жиналғанның жұртты баурап алатын қазақтың әнін орындады. Эльмира Қожабаева, колледж директоры: – Біздің колледжде бірнеше ұлттың балалары оқиды. Олардың арасында бірін-бірі түсінбеу деген әңгіме жоқ. Бәрі тату жүреді. Қазақ тілін дамытып жатырмыз. Сабақтың бәрі қазақ тілінде жүргізіледі. Осындай қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған заманға жеткізген тарихымыз туралы сахналандырылған көрініс қойылды. Мұстафа Сүлейменов, Сарыағаш қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы: – Қазіргі жастарға, келешегімізге түсіндіру, түсінігіне, түйсігіне сіңіру, оларды бабалар рухымен, өткенімен мақтануға тәрбиелеу біздің міндетіміз саналады. Топ болып бірнеше ұлттың биін билеген жастар өнер арқылы өзгелердің ішкі дүниесін түсінесің деп есептейді. Авторлары: Әбдез Рахманұлы, Нұрмахан Мұсатов
Источник: http://24.kz/kz/zhanalyktar2/o-am/item/55122-e-abat-boldy