Исабеков қазақ киносында басты рөлдерді шетелдіктің ойнайтынына қынжылды

0
57

Танымал қазақ жазушысы, драматург Дулат Исабеков ult.kz сайтына берген сұхбатында қазақтың тарихи киноларында басты рөлді өзге ұлт өкілдерінің ойнайтынына қынжылатынын айтты.

Исабеков қазақ киносында басты рөлдерді шетелдіктің ойнайтынына қынжылды
Сұхбат алушы Арман Сқабылұлы қазір қазақ киносы – тек орыс тілінде жазылған сценарийлердің, шетелдік режиссерлер мен актерлердің киносы болып, ұлттық бояуын жоғалтып алғаны туралы әңгіме қозғаған.

Осы орайда, Исабеков қазақтың тарихи фильмдерінде шетелдік актерлердің ойнауын қатаң сынға алды.

«Мен айтып та, жазып та жүрмін. «Көшпенділерді» айтудан да ұялатын жағдайға жеттік. Сол киноға түскен Куно Беккер деген актер «Әр елдің ұлы тұлғаларын – сол елдің өкілдері ғана ойнауы тиіс» деген әңгіме айтыпты. Сөйтіп тұрып өзі Абылайханның рөлін ойнап кетті. Біз тым құрығанда осыдан сабақ алуымыз керек еді. Алмадық», – деді Дулат Исабеков.

Көрші қырғыз киногерлері сырттан ешкімді шақырмай-ақ киноларын әлемдік деңгейге көтеруге, тіпті, сол арқылы бюджетке қаржы әкелуге тырысып жатыр.

Жазушы Мұстафа Шоқайдың рөлі қырғыз актеріне берілгенін де атап өткен.

«Ұлы тұлғамыз Мұстафа Шоқайды сомдағанымыз анау болды. Сатыбалдыға айтып едім «Айналайын-ау, Мұстафаны ойнайтын екі-үш қазақ актерді өзім – ақ жетектеп апарайын» деп. Болат Әбділманов – дайын тұрған Мұстафа емес пе еді? Жанып тұрған көзі, қазақы болмысы…», – дейді жазушы.

Дулат Исабеков қазақша түс көрмейтін адамнан ұлттық дүние күту қиын екенін айтты.

«Қазақ киносында да солай. Біздің бар кінәміз – ұлттық намыспен ауырмайтындығымызда! Көрші қырғыз киногерлері сырттан ешкімді шақырмай- ақ киноларын әлемдік деңгейге көтеруге, тіпті, сол арқылы бюджетке қаржы әкелуге тырысып жатыр. Кино саласының басшылары, министрлер өзгеріп жатады. Әрқайсысы өзінің идеяларымен келеді. Бірақ, кім келсе де кинода ұлттық идея, ұлттық намыс әрқашан жалау болып желбіреп тұруы керек! Сонда ғана қазақ киносы өрге басуы мүмкін», – деп түйіндеді танымал жазушы.

Источник: Ult.kz

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз